Ауылға тіршілік нәрін беріп, әрі қарай гүлденіп, дамуына дәрмен боларлық күретамырдың бірі – жайлы жайылым. Өкінішке қарай, жабайы жекешелендіру кезінде, көбіне, жалпы жұрттың жағдайы ескерусіз қалып, көптеген ауылда жекенің меншігіне өткен жер шеткі үйдің табалдырығына дейін келіп тірелді. Көп жұрттың ауылдан ауа көшуінің де бір себебі осы еді.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, жайылымның, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керегін қадап айтқан еді. Президент жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай отырған жергілікті әкімдерді сынға алып, Үкімет пен Бас прокуратураға жыл соңына дейін бос жатқан немесе заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алуды тапсырған болатын.
Осыдан кейін сең қозғалды. Мамыр айында облыс әкімдігі жанынан бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жөніндегі салааралық жұмыс тобы құрылып, оны облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов басқаратын болып бекітілді. Жұмыс тобының құрамына облыстағы прокуратура, антикор, жер ресурстарын басқару департаменті мен өзге де тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері кіріп, пайдаланылмай жатқан және кезінде жекенің меншігіне заңсыз өтіп кеткен жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып алу шараларының жоба-жоспары нақтыланды.
Кейін облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тексеру жұмыстарын бастап кетті. Департамент қызметкерлері мамыр айынан бергі қысқа уақыт ішінде жалпы аумағы 36,7 мың гектар жерге иелік етіп отырған 40-тан астам шағын кәсіпкерлік нысанын тексеріп шықты. Ал бұған дейін ескерту үлестірілген шаруашылықтар бұрын бос жатқан 80 мың гектар жайылымға төрт түлік өргізіп, пайдаға асыра бастаған.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 2015 жылдан бері қарай ауыл шаруашылығы мақсатындағы 260 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне өткен. Оның 141 мың гектары – жайылымдық жер.
Жалпы, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті пайдаланусыз жатқан жерлерді кері қайтарып алу бойынша республика көлемінде көш бастап тұрғанын айта кету керек. Мысалы, 2022 жыл басталғалы аталған департаменттің күшімен 44 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұның сыртында, соттың қарауында 36 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтарып алу туралы іс жатыр. 1,5 мың гектар аумақты алып жатқан 3 жер телімі де мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қарқын ала түспесе, бәсеңдемейді. Мамандар тексеру шаралары барысында ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылатын жерлердің ғарыштық мониторингі арқылы алынған деректерге иек артады.
Игерусіз бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу – табиғи ресурстарды пайдалану департаментінің негізгі міндеттерінің бірі екені рас. Бірақ жерді департамент арқылы қайтарып алу – айлап-жылдап уақыт алатын өте ұзақ үдеріс. Яғни, департамент қызметкерлері алдымен тексеру жүргізеді. Заң талаптарын бұзу деректері анықталса, оны жою жөнінде ескерту жасап, белгілі бір мерзімнің өтуін күтеді. Осыдан кейін ғана әлгі шаруашылықты сотқа беріп, қараусыз жатқан жерді сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарады. Сондықтан жоғарыда аталған әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобы ауылшаруашылық тауарларын шығарушыларды сотқа сүйрегеннен гөрі, оларға бос жатқан жерлерді ерікті түрде қайтарып беру жөнінде құқықтық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген тиімді деп шешкен.
– 15-20 мың гектар жері игерілмей бос жатқан шаруалар бар. Шынтуайтына келгенде оған ол жер керек емес те. Не егін екпейді, не мал жаймайды, құр бос жатыр. Біз осындай шаруашылық басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер ол өзі талай жылдан бері пайдаға асырмай келген жерін ерікті түрде мемлекетке қайтармаса, біз тексеруді қатайтамыз. Мұндай жағдайда, біріншіден, оның жер теліміне тыйым салынады, екіншіден, шаруаның өзі жауапкершіліксіз жер пайдаланушылар реестріне енеді. Бұл реестрге іліккендер үш жыл бойы жерін жалға беру немесе басқа жер телімін жалға алу құқынан айырылады. Төртіншіден, мұндай шаруашылыққа салынатын салық көлемі 20 есе көбейеді. Мысалы, ол бос жатқан жеріне бұған дейін жыл сайын 300 мың теңге салық төлеп келсе, біз тексеріп кеткеннен кейін 6 млн теңге төлейтін болады. Осындай қатаң шаралардың нәтижесінде көптеген серіктестік бос жатқан жерлерін ерікті түрде қайтарып бере бастады. Жұмыс тобының отырысы әр бейсенбі сайын өтіп тұрады. Оған аудан әкімдері де қатысып, есеп беріп отырады. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алуда әкімдер де көп жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті шаруалардың басын қосып, негізгі түсіндіру шараларын жүргізетін де солар, – деді облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қайрат Омаров.
Бұл жерде мына жайтты ескеру керек, қайтарылып жатқан жайылымдар елді мекендерден қашықта болуы мүмкін. Сондықтан жайылымнан тарығып отырған ауылдардың айналасы аршылып, жекенің меншігіндегі жер ауылдық округ әкімдігінің меншігіне өтуі тиіс. Қайтқан жер сонда ғана халыққа қайырлы болады.
Бүгінде әр ауылда жайылымды басқару жоспары деген жаңа ұғым пайда болып жатыр. Бұл жоспарды жергілікті жердегі ауылдық округтің әкімі жасайды. Әкім әуелі округтегі тұрғындар саны мен мал басын санап шығып, жақын жерден қанша жайылым керек екенін анықтайды. Одан кейін ауылдың айналасындағы 15-20 шақырым жерден қажетінше қолайлы деген жайылым жерді белгілейді. Ал жер басқа шаруашылыққа тиесілі болған жағдайда, әкім ол шаруашылықтың басшысымен сөйлесіп, әлгі жерді ерікті түрде мемлекетке тапсыруын талап етуі тиіс. Шаруашылық бұған көнбеген жағдайда, әкім комиссияға келіп жүгінеді. Комиссия бұл мәселені жоғарыда айтылғандай тәртіппен заң күші арқылы шешеді.
– Үкімет жанынан құрылған комиссия осы жылдың аяғына дейін республика бойынша, кем дегенде, 5 млн гектар жерді қайтарып алуды міндеттеп отыр. Осы 5 млн гектар жердің, жоқ дегенде, 10 пайызы, яғни 500 мың гектары біздің облысқа тиесілі. Сондықтан жыл аяғына дейін біз осы міндетті орындап шығуға тиіспіз, – деді департамент басшысы.
Қайрат Омаровтың айтуынша, облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобы жүргізіп жатқан түсіндіру, насихат шаралары өз нәтижесін беріп отыр. Яғни, өздерінің жер пайдалану мүмкіндіктерін нақты бағалай алған диқандар заңда көрсетілген айыппұл санкцияларына ұрынып қалмау үшін бос жатқан жерлерін ерікті түрде қайтарып беруде.
Биыл 5 мамырда облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің жанынан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған Jer adaldyg alany фронт кеңсесі ашылды. Жайылымнан тарығып отырған ауылдар осы кеңсеге өкіл жіберіп, жер мәселесіне қатысты шағым түсіре алады.
Қостанай облысы