• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Шілде, 2022

Үшжақты саммит: Кездесуде талқыланған мәселе көп

180 рет
көрсетілді

Иранда үш елдің – Иран, Түркия және Ресей президенттері қатысқан саммит өтті. Жиын барысында бірқатар мәселе талқыға түсті. Ресми мәлімдемелерге көз жүгіртсек, кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселесі талқыланғанына екпін берілген. Дегенмен Батыс сарапшылары мұндай «достықтың» келешегіне күмәнмен қарайды.

Айта кетерлігі, бұл – Ре­сей президенті Владимир Пу­тиннің Украинадағы соғыс бас­талғалы ТМД аумағынан тыс жерге жасаған алғашқы сапа­ры. Кремль басшысы Иран президенті Ибрагим Раи­си және Түркия президенті Ре­жеп Тайып Ердоғанмен кезде­суге қатысып, басшылардың әрқай­сысымен екіжақты келіс­сөз­дер жүргізді. Ол сондай-ақ Иранның рухани жетекшісі Аятолла Хаменеимен бесінші рет жолықты.

А.Хаменеи Ресейдің Ук­раи­нада жүргізіп жатқан «әс­кери операциясын» қолдай­тынын жеткізді. Сондай-ақ қақ­тығыстың басталуына батыс әлемін кінәлады. «Егер бастамашылықты қол­ға ал­мағанда, қарсы тарап со­ғыс­ты өзі бастайтын еді», деді А.Ха­менеи.

Сондай-ақ үш жақты кез­десу қорытындысы бойынша бір­лескен мәлімдеме жасал­ды. «Қабылданған бірлескен мә­лім­деме Ресей, Иран және Түр­кияның үшжақты ын­тымақ­тасты тереңдетуге бе­йілді еке­нін көрсетеді. Сон­дай-ақ Сирия араб респуб­ли­ка­­сындағы ахуалды тұрақты жә­не өміршең қалыпқа келті­руге мүдделі екенін көрсе­теді», деді В.Путин.

Бұдан кейін екіжақты келіс­сөздер өтті. Түркия прези­денті Режеп Тайып Ер­доған Украина астығын тасы­мал­­дауға қолдау көрсет­кені үшін Кремль басшы­сына алғысын жеткізді. В.Пу­тин де әріптесіне риза­шы­лығын айтты. «Ара ағайын­ды­ғы­ңыз­­дың арқасында бірқатар мәселеде алға жылжыдық. Бү­кіл түйткіл тарқады дей ал­­май­мыз, бірақ істің оңға бас­қаны рас», деді Кремль бас­шысы.

Жалпы, кездесуден ақ­парат таратқан Батыс басы­лымдары да, ресейлік бұ­қаралық ақпарат құралдары да келіссөздердің жылы өт­кенін хабарлады. Дегенмен мұндай ынтымақтастықтың келешегі жарқын болатынына күмәнмен қарағандар да бар.

Сарапшылар Р.Ердоған Ирандағы саммитке қатыс­қанымен, бір саусағы бүгулі күйде барғанын алға тартады. Мәселен, Түркия президенті келіссөздер жүргізіп жат­қанда CNN арнасына Халук Бай­рактар сұхбат берді. Әңгіме барысында ол Украинаны қолдайтынын мәлімдеді.

«Біз Ресейге (дрон) жет­кізген не онымен қамтамасыз еткеніміз жоқ және ешқашан мұны жасамаймыз да. Біз Ук­раинаны қолдаймыз, оның еге­мендігін қолдаймыз. Оның тәуелсіздік үшін күре­сін де қол­даймыз», деді Х.Бай­рак­тар.

Халук мырза – кейінгі кез­де аты әлемге әйгілі бол­ған, украиндер арнап ән шы­ғар­ған «Байрактар» дронын өн­діретін Baykar Makina ком­па­ниясының бас директоры. Оның үстіне, Халуктың інісі Сел­жук Байрактар Түркия пре­зиденті Режеп Ердоғанның қызын алған.

The Guardian газеті мұ­ның бәрі Р.Ердоғанның Украи­надағы ахуалды шешуге ұм­ты­латынын көрсетеді деп есептейді. Бұл түсінікті де. Ана­долыдағы ағайын үшін Ресей­ден келетін туристердің тыйылмағаны керек. Өйткені Қара теңіз бен Жерорта теңі­зінде демалуға құмар ресей­ліктер өте көп. Одан қала берді, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың да тамыры тереңде жатыр.

Украинаға басып кірген­нен кейін бүкіл Батыс әлемі Ре­сейге қарсы санкция жа­риялағаны мәлім. Бірақ НАТО мүшесі бола тұра Түркия мұндай қадамға барған жоқ. Мұны Р.Ердоғанның өзі түсін­діріп берді.

«Табиғи газ мәселесін алып қарасақ, қазіргі таңда біз тұтынатын осы отынның жартысына жуығын Ресейден аламыз. Бұдан бөлек, Ресей­мен бірелсіп Аккую атом электр стансасын салып жа­тырмыз. Мұны жоққа шы­ғара алмаймыз... Біріншіден, қыс­та халқымды жауратып отыра алмаймын. Екіншіден, индус­трия­мызды бір демде қайта жасақтап шыға алмаймыз», деген еді Р.Ердоған.  

Сөйте тұра, Түркия Украи­наға қолдау көрсетуін тоқ­татқан жоқ. Жоғарыда атап өткен «Байрактар» дронынан бөлек қақтығыстан зардап шеккен аймаққа тонналап гу­манитарлық көмек жет­кізді. Сарапшылар мұны Ер­до­ған­ның мәселені бейбіт жол­мен шешуге ұмтылуымен байланыстырады.

«Ресей Түркиямен қарым-қатынас жасамай қоюға шамасы келмейді. Олар Түр­киямен НАТО одақтасы ре­тінде қарым-қатынас орна­туды көздейді. Тіпті күні ер­тең Путин мен Ердоған қыз­метінен кетсе де, мұндай саяси бағыт өзгермейді. Бірақ олардың мәселелерді тиімді әрі өзара шешуі Путин мен Ердоған арасындағы қарым-қатынасқа тікелей қатысты», дейді Вена қарусыздану және таратпау орталығының сарапшысы Ханна Нотте.

The Guardian газеті Ердо­ғанның сыртқы саясаттағы көз­қарасы Түркияның өз мүд­десін бірінші орынға қойып, тәуелсіз әрекет ететі­нін көр­сететінін айтады. Сон­дай-ақ келер жылы өтетін сай­лауда елдегі электорат­тардың қолдауы маңызды бол­ған­дықтан, осылайша «екі жеп биге шығуды» көздейтінімен байланыстырады.

Жалпы, Түркия мен Ресей бір-біріне мұқтаж екенін 2015 жылғы оқиға да көрсеткен-тұғын. Естеріңізде болса, Анадолы әскері Сирияда Ресей­дің Су-24 ұшағын атып тү­сірген-ді. Сол кезде екі елдің арасына қара мысық жүгіріп өткендей көрінді. Бірақ Қа­зақстанның арағайындығы арқасында Ресей мен Түркия қайта татуласқаны белгілі.

Euronews арнасы түрлі оқиғаларға қарамастан, Ресей мен Түркия кей мәселеде мүддесі ортақ екенін жазады. Украинаға дрон сатудан бөлек, Әзербайжандағы «Қарабақ соғысы» кезінде, Ливия мен Сириядағы соғыста Анадолы мен Кремль қақтығысқан екі тарапты бөлек қолдады. Сөйте тұра Р.Ердоған халықтың мүд­десі үшін Ресеймен бай­ланысын үзуге асықпайды деп есептейді.

Өткен аптада БҰҰ, Ресей, Украина және Түркия соғыс басталғаннан кейін порттарда қалып қойған 22 миллион тонна астық пен басқа да ауыл­ша­руашылық өнімдерін экспорт­тауды қамтамасыз ету туралы келісімге келді. Eu­ro­news Ирандағы кездесу сәтті өткен соң, азық-түлік дағ­да­рысына төнген қауіп жеңіл­деуі мүмкін деп ха­барлайды.

«Украинадағы қақ­тығыстан кейін дағдарыс­тың бәрі бір демде басталды. Егер Ердоған осы сәтте ахуал­ды реттеуге тырыспаса, таңға­ларлық болар еді», дейді Ва­шингтондағы Century Foun­dation сараптамалық орта­лы­ғының қызметкері Арон Лунд.

BBC агенттігі үшжақты кез­десуде Сириядағы ахуал қоз­ғалғанын, бірақ бұл мәсе­леде Түркияның ұстанымы өзге­ше екенін жазады. Ал The Guardian газеті Түркия Ук­раи­наға шабуылды пайда­ланып, Түркия-Сирия шекара­сының оңтүстігінде 30 ша­қырым жер­де буфер­лік аймақ орна­туды көздей­тінін алға тар­тады.

Мұндай аймақ Түркияны АҚШ қолдайтын YPG жа­сақтары басқаратын сириялық күрдтердің шабуылдарынан қорғауға тиіс. Сондай-ақ Түркиядағы миллионға жуық сириялық босқынның өз ер­кімен оралуына жағдай жа­сауға тиіс. «Егер босқын мәсе­лесін шешсе, Ердоған келер жылы қайта сайлану мүмкіндігін иеленеді», дейді The Guardian.

Бірақ Иран мұндай қа­дам­ға қарсы. А.Хаменеи Түр­кияның жаңа шабуылына қарсылығын білдіріп, бұл қадам Сирия, Түркия және аймаққа зиянын тигізетініне екпін беріп отыр.

CNN арнасының пайым­дау­ынша, Иран мен Ресей достығы да жеке мүддені көздейді. Өйткені кей салада екі ел де бір-біріне бәсекелес. Мысалы, Иран да, Ресей де – ірі көлемде мұнай өндіретін мемлекет. Иран бұған дейін көптеген экономикалық санк­цияның астында қалған. Со­ның салдарынан елдегі мұ­найды әлемдік нарыққа шы­ғаруға мүмкіндігі жоқ. Бірақ кейінгі бірнеше жылда Иран ядролық қару туралы келі­сімді қайта қарап, «қара алтын» секторына салынған санк­цияны алдыртып тастауды көздейді.

Оның үстіне, Батыс елдері Ресей мұнай-газын сатып алудан бас тартуға кірісті. Мұндай жағдайда Еуропалық одақ сатып алатын «қара алтын­ның» орнын толтыру қажет екені түсінікті. Ендеше, Иран­ға салынған санкцияны жеңіл­детуге Тегеран ғана емес, Еу­ропалық одақ та мүд­делі екенін аңғару қиын емес.

Екіжақты келіссөздер бо­йынша Иранның ұлттық мұнай компаниясы мен Ресейдің «Газпром» компаниясы құ­ны 40 миллиард долларды құ­райтын келісімге қол қойды. Бірақ Кремль бұл міндетті орындауға асықпауы ықтимал. Вашингтондағы Crisis Group талдау орталығының Иран жо­басы директоры Али Ваез Ре­сей тарапы артық уәде беріп, орындамайтынын алға тартады.

Мұндай пікірге негіз бар. «Газпром» бұған дейін 2016 жылы Иранның ұлттық мұнай компаниясымен газ келісіміне қол қойған болатын. Ол кез­де Иран әлі екінші реттік санкцияларға ұшырамаған еді. Бірақ соған қарамастан мұн­дай келісім нәтижесін бер­ген жоқ.

Айтпақшы, үшжақты сам­мит алдында Ресей Ираннан әскери дрондар сатып алуы мүм­кін екені айтылған. Бірақ ресми Тегеран мұны жоққа шығарды. Иран Сырт­қы істер министрі Хосейн-Амир Абдоллахиан италия­лық La Repubblica газетіне бер­ген сұхбатында Украина­дағы жағдайды одан әрі шие­ле­ністіруі мүмкін кез келген әрекетке бармайтынын, соның ішінде әскери техниканы жеткізбейтінін мәлімдеген-ді.

Қорыта айтқанда, сарап­шылар Иран мен Ресей өзара ынтымақтасуға келіскенімен, мұның іс-жүзінде орындала қоятынына сенбейді. Бұл қадам негізінен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ықпалын арттыруға қарсы жасалған жауап іспетті деп есептейді.