• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Шілде, 2022

Трактордың құны – шаруаның мұңы

228 рет
көрсетілді

Жергілікті мал өсірушілер төрт түлікке субсидия бөлу кезінде ұсақ шаруашылықтардың ескерусіз қалатынына наразы. Шаруалар соңғы уақытта мал азығын дайындауда қиындықтар туындағанын айтады. Шығындары шаш етектен асып, бағасы аспандап кеткен ауылшаруашылық техникаларын сатып ала алмай отыр.

Өңірлік «Атамекен» кәсіп­кер­­лер палатасында етті мал шар­уа­шылығын ұстап отырған субъектілерді қолдау мәселелері бойынша жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов қатысып, мал бағатын ағайынның көңіліндегі алаңдаушылықтарға назар аударды.

– Өңірімізде ет бағытында мал өсіріп отырған шаруашылықтар баршылық. Шағын фермерлік шар­уа­шылықтардың басым бө­лі­гі субсидиялау көлемін өткен жылдың деңгейінде қалдыруды сұрайды. Шаруалар өңірде асыл тұқымды түлік көбейсе, ірі немесе ұсақ малдың басына берілетін субсидия сомасы азайып қала ма деп алаңдайды. Сондықтан бұл мәселелерді ескеріп, оларды қолдаудың тетіктерін қарастыру қажет, – деді Мейрам Өтешов.

Өңірлік кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Серік Сәдуа­қа­сов былтыр кәсіпті енді қол­ға алған шаруашылықтарға жем­шөп дайындау үшін субсидия бе­ріле бастағанын еске салды. «Субсидия бөліне бастаған соң аймағымызда фермерлік шаруа­шы­лықтардың саны кө­бей­генін қалаймыз. Мал басы жылдан-жылға өсуі заңдылық. Осыған назар аударған дұрыс», деген ойымен бөлісті ол.

«Агрофирма Ақжар Өндіріс» ЖШС басшысы Гүлзира Қазылова ет бағытындағы мал өсі­ру­шілер көтеріп отырған мә­се­­лелер өте өзекті екенін жет­кіз­ді.

Ал жергілікті «Agroexport Pav­lodar» ЖШС-нің иесі Қанатбек Өзембаев субсидия бөлуде барлығына бірдей тең құқық берілуге тиіс деп санайды.

– Бұл бағытты субсидиялауға бюджеттен қаражат аз бөлінетіні байқалады. Жауапты басқарма алдымен үлкен шаруашылықтарды жарылқайды. Ақыр соңында ұсақ шаруаларға қаржы жетпей қалып, үмітіміз үзіледі. Жыл сайын қолдаудан қағы­ла­мыз. Былтыр шөптің бір орамы 12 мың теңгеден сатыл­ды. Мал азығын дайындау үшін де шығындарымыз өсіп кетті. Дизель отыны, қажетті техника, техниканың қосалқы бөл­шек­терінің баға­сы биыл мүлде шарықтап тұр. Ет бағы­тын­дағы мал шаруа­шы­лығымен айналысатын фермер­лер­дің өтініші ескеріліп, бізге субсидия бөлінсе деген тілегіміз бар, – деген өтінішін жеткізді шаруа.

Шаруашылық басшысының айтуынша, құны жыл басында 8 млн теңге болған МТЗ тракторы қазір 10 млн теңге тұра­ды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да қуат­тылығы орташа трактор техни­каларының бағасы 12 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткен.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы