Балалар жылына орай Тараз қаласы әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әкелер кеңесі мен аналар алқасының бірлесе ұйымдастыруымен «Болашақ» лагерінде «Бар жақсылығымыз – балаларға!» тақырыбында акция ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов балаларға ақ батасын берді. Кейіннен «Өңірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» мекемесінің лагерьде демалып жатқан тәрбиеленушілері мен ардагерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Балалар асфальтқа «Отаным – бақыт мекені» тақырыбында сурет салды.
Іс-шара соңында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» лагерьде демалып жатқан тәрбиеленушілері де сыйлықтан құр қалған жоқ.
Акцияға «Агроспецстрой» ЖШС және Тараз қалалық білім қызметкерлері салалық кәсіподағы демеушілік көрсетті. Бұл күні 350 балаға арналып дастарқан жайылып, оларға балмұздақ таратылды.
Жамбыл облысы