• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Президент 24 Шілде, 2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді

248 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен барды. Екіжақты келіссөздерден кейін Президент іскерлік топ өкілдерімен әңгімелесіп, екіжақты бірнеше кездесу өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ынтымақтастық кеңейе түседі

Қазақстан Президентін әуежайда Ко­ро­ль­­дің кеңесшісі әрі Мекке провин­ция­­сы­ның губернаторы Фейсал Халид бен Әб­де­лазиз, сондай-ақ Сауд Арабиясы Ко­роль­дігінің Қор­шаған ортаны қорғау, су ресурс­тары және ауыл шаруашылығы ми­­нистрі Абду­рахман Әл-Фадли қарсы ал­ды.

Содан кейін Президент ресми кездесу өткізу үшін Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына барды. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұран­дары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұ­хам­мед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд­қа ресми делегациялардың мүшелері таныс­ты­рылды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білді­ріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

– Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған ел­дер­дің бірі. Осы кезеңде түрлі ба­ғыт­тағы ынтымақтастығымыз нығая түс­ті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жо­ғары деңгейде. Дегенмен, екі ел ара­сын­­дағы ынтымақтастыққа тың серпін бере­тін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиім­ді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сауда-эконо­микалық және инвестициялық ынтымақ­тастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бо­йын­ша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын.

Тараптар өзара тауар айналымын едә­уір арттыруға ниетті екенін және жуық ара­да екі ел үкіметтерінің бұл бағыт­та­ғы жұмыстарды жандандыратынын нақ­ты­ла­ды.

Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қаты­нас­тар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның ай­туынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін бірік­ті­ре­тін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ.

Тақ мұрагері Мемлекет бас­шы­сының рес­ми сапары аясында өтетін Инвес­ти­ция­лық дөңгелек үстелге Ко­рольдіктің ірі компанияларының өкіл­дері қатыса­ты­нын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мем­лекеттік ин­вес­ти­циялық қоры үйлес­ті­ре­тін бір­қатар жоба бойынша бірлескен ж­ұ­мыс ма­ңызды саналады.

Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

Инвестициялық мүмкіндік мол

Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қаты­судан басталды. Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы сала­ларындағы ықпалдастығын нығайту кезде­судің негізгі тақырыбы болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қаты­су­шы­ларға ілтипат білдіре отырып, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен өткізген кешегі кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды уағдалас­тық­тарға қол жеткізілгенін айтты. Президент мемлекеттеріміздің келешек эко­­номикалық дамуға деген көзқарастары ұқ­сас екенін атап өтті.

– Saudi Vision-2030 бағдарламасы мен біздің «Қазақстан-2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлт­тық дамуға қол жеткізуді көздейді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақ­стан­ның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы бар­лық өзге ел экономикасының жиын­тық көлемінен асып түседі. Орталық Азия­дағы тауар айналымының 60 пайызға жуы­ғы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД бойынша жан басына шаққанда ең жоғарысы саналады. Шетелдік инвесторлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 мил­лион доллардан асатын бірқатар ма­ңызды жоба жүзеге асырылғанын жет­кізді. Қазақстан Президентінің пікі­рінше, бұл сома мемлекеттеріміздің әлеуетіне сай келмейді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мей­лін­ше перспективті салаларын белгі­леп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты.

– Біз жүргізген талдауға сәйкес Қазақ­стан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақ­с­тан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әр­та­раптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.

Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.

– Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бо­йынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

– Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжіри­бе­сі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компа­ния­ларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.

– Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Дөңгелек үстел барысында Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид Әл-Фалих, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, ҰБХ «Бәйтерек» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, SABIC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Халид Хашим әл-Даббаг, MA’ADEN компаниясының бас директоры Роберт Уилт, ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян сөз сөйледі.

Бұдан бөлек форум жұмысына Ajlan & Bros Holding Group, SALIC, Saudi National Bank, Alhokair Group, FlyNas, Savola Group, SPIMACO, National Technology Group (NTG), Kingdom Holding, Dr. Sulaiman Al Habib Medical Group, Al Rajhi International for Investment, Al Muhaidib Group, Jamjoom Pharma, Tabuk Agriculture Development сияқты ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ Сауд Арабиясы экономикасының барлық секторында жұмыс істейтін ондаған компанияның жетекшілері қатысты.

Ортақ мүддені көздейтін жобалар жүзеге асады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвес­ти­ция­лық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен кездесті. Мемлекет басшысына әлемдегі ең ірі дербес әл-ауқат қорының бірі – Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының қызметі жөнінде ақпарат берілді. Қор басшысы Ясир Әл-Румайян эко­номиканың әртүрлі салаларында жү­зеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әртүрлі салалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтіп, өзара ортақ мүддені көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін Сауд Арабиясы инвестициялық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҰБХ «Бәйтерек» компаниялары арасындағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды ұсын­ды.

Қор Саудияның басқа да компания­лары сияқты мұнай-химия өнеркәсі­бін­­дегі, жасыл энергетиканы дамыту саласындағы, металлургия және тау-кен секторларындағы, сондай-ақ ауыл шаруа­­шылығын терең өңдеу жөніндегі ірі инвес­тициялық жобаларға қатысуға шақырылды.

Ірі компания басшыларымен кездесті

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының бірқатар кәсіп­керімен жеке кездесу өткізді.

Атап айтқанда, Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төра­ғасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгі­мелесті.

Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда.

Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мә­се­лелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 пайызын өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сондай-ақ ресми сапар барысында бірқатар екіжақты кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассерді қабылдады. Әңгіме барысында экономиканың түрлі сала­ларындағы бірқатар бірлескен жоба­ның жүзеге асырылу барысы тал­қыланды.

Инвестиция көлемі 1,6 миллиард доллардан асты

Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдері ішінде Ислам даму банкімен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел екенін еске салды. Алматыда 25 жылдан астам уақыт бұрын орналасқан аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД, Моңғолия және Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. Бұл Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жоғары маңыздылық пен өзара сенімді қарым-қатынасты білдіреді.

– Біз банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде еліміздегі экономиканың басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды, – деді Мемлекет басшысы.

Әл-Джассер Мемлекет басшысына банктің инвестициялар саласындағы сая­сат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.

Ұйым аясындағы ықпалдастық кеңейеді

Мемлекет басшысы Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен ИЫҰ-ның Бас хатшысы аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ИЫҰ-ның сая­си, әлеуметтік-экономикалық, эколо­гия­лық және гуманитарлық салаларда байланыстар орнатуға ықпал ететін инклюзивті платформа ретіндегі жұмысын жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымымен арадағы іс-қимылдар туралы айта келе, Қазақстанның Ұйым аясында мұсылман елдерімен ынты­мақ­тастықты одан әрі кеңейтуге бейілді еке­нін нақтылады.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хиссейн Брахим Таханы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының VII съезіне қатысуға шақырды. Бұл форум биыл күзде Қазақстан аста­насын­да өтеді.

Маңызды құжатқа қол қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Сауд Арабия­сы­ның Спорт министрлігі арасын­дағы спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сауд Арабиясы Бұқаралық ақпарат құрал­дары министрлігі арасындағы БАҚ саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум. «Сауд баспа ісі агенттігі» мен «Қазақстан Республикасы Президентінің Теле­радиокешені» КеАҚ арасындағы өзара түсіністік және ақпарат алмасу тура­лы меморандум. Astana International Exchange Ltd. компаниясы мен Сауд қор биржасы (Tadawul) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Ірі қара мен қой еті импортына қойылатын санитарлық-техникалық хаттама. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен ACWA Power компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. «KAZBIOSORGO» ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. «Оптоград» ЖШС мен Ajlan & Bros Holding Group Ability компания­сы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына ет жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум. «KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясы» АҚ мен Al Rajhi International for Investment (RAII) компаниясы арасындағы инвестициялар бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Лулу Сауди Гипермаркетс» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. «Eurasia Invest LTD» ЖШС мен Jamjoom Pharma компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісім.