Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Тараз қаласына келді. Алдымен облыстық ардагерлер үйіне барған ол зиялы қауымның ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде алғаш сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өңірдегі аға буын өкілдерінің, зейнеткерлердің тыныс-тіршілігі жайлы ой қозғады. Оның айтуынша, облыста 128 мың зейнеткер бар. Бұл өңір халқының 11,5 пайызын құрайды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны небәрі 23, ал тыл ардагерлерінің ең жасы қазір 85 жасқа жеткен.
Басқосуда сөз алған Мемлекет басшысының кеңесшісі биылғы жылдың саяси реформаларға толы болғанын атап өтіп, ел өміріндегі маңызды оқиға – референдумға жамбылдықтардың сексен пайыздан астамы қатысып, олардың басым көпшілігі қолдау білдіргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жамбылдық ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармаларымен етене таныс екенін жеткізді.
Кездесу барысында облыстық архивтің директоры, қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазіргі таңда архив ғимаратының ескіргенін, ол үшін Тараз қаласындағы 15-ші шағын аудан аумағынан 1,5 гектар жер сұрағанын, қазіргі таңда қиындықтар туындап отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау мәселесін көтерді. Жазушы-драматург Елен Әлімжан, ардагер Әзімбек Тілешов көлік құралдарын техникалық бақылаудан өткізетін орындардың жекешеленіп кеткенін айтып, дабыл қақты.
Кездесу барысында сөз сөйлеген ардагер Күләш Назарбекова жергілікті емханаларда ардагерлерге медициналық қызмет тиісті деңгейде көрсетілмейтінін айтты. Облыс аумағындағы шипажайлардың барлығы жекеменшік болғандықтан ардагерлердің емделуге қалтасы көтермейтінін, сондықтан зейнеткерлерге арналған арнайы пансионат қажет екенін сөз етті. Қазақстанның құрметті журналисі Бекет Момынқұл әлеуметтік желілерде ел ішіне іріткі салып, Абай мен Бауыржан Момышұлы секілді ұлт тұлғаларына негізсіз тіл тигізіп, жастардың санасын улап жүрген блогерлерге заңмен шектеу қоюды талап етті.
Кездесуде өзге де бірқатар азамат өзекті мәселелерді қозғады. Жиын соңында сөз алған Мәлік Отарбаев әрбір мәселені жіті назарға алып, шешілу жолдарын қарастырып, ел Президентіне жеткізуге уәде етті.
Жамбыл облысы