Композитор Серікжан Әбдінұровпен тығыз араласуым жұмыс бабында басталған еді. Мен зейнет демалысына шыққаннан кейін астанадағы Музыка академиясына ұстаздық қызметке ауыстым. Осы оқу орнында менің ежелгі досым әнші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, профессор Қанат Омарбаев қызмет істейтін. Бір күні ол менің кабинетіме келді. Біраз шүйіркелесіп, сөйлескеннен кейін маған көкейінде мазалап жүрген ойын айтты. Бірде пойызда келе жатып, бір орысша журналдан оқыған шығармасы ойынан кетпейтінін баяндады.
Айтуынша, либретто жазатын адам болса, операға сұранып тұрған тақырып. Сөйтсек, ол Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы» деген пьесасының орысша аудармасы екен. Журналдың аты есінде жоқ. Оны өзіміз «Простор» журналы болар деп топшыладық. «Либреттоны сен жаз» деп Қанат маған қолқа салды. «Мен келістім, ал музыкасын кім жазады? Композитор кім болады?» деп сұрадым. Ол: «Жазатын адам бар. Әбдінұров деген композиторды білесің бе?» деді.
Серікжан Әбдінұров деген композитормен бұдан бұрын Қарағандыда Қазақстан композиторларының фестивалінде танысқан едім. Онда ол Мәдениет және спорт министрлігінде істейтін. Қазіргі кезде осы Музыка академиясында ұстаз екен. Мен: «Оны білем. Ол өндіріп жазып жүрген композиторлардың бірі» дедім. «Ендеше, жүр» деп, мені бірден Серікжанға ертіп барды. Біздің тығыз байланысымыз осылай басталды.
Серікжан операның либреттосын оқуға кірісіп кетті. Операны «Қыпшақ қызы Аппақ» деп атайтын болдым. Сонда мұны Ғ.Мүсіреповтің ізімен дейміз бе? деген сұрақ туды. Ұлы жазушының пьесасын тауып алып оқып шықтым. Либретто жанрының талаптарына келіңкіремейді екен. Содан мен өз вариантымды жаздым. Қанат пен Серікжанға «бұл назира» болады дедім. Жұмыс басталып кетті.
Сабақта үзіліс кезінде, бос уақытымда Серікжанның кабинетіне барып жүретінмін. Сол жерде Ер-ағамен (Еркеғали Рахмадиев) кездесіп, әңгіме-дүкен құратын едік. Жұмыстан қайтарында Ер-ағаны Бөгенбай батыр даңғылының бойындағы үйінің алдына дейін шығарып салатынмын. Ер-аға міндетті түрде «жүр, шәй ішіп отырып жалғастырайық әңгімемізді» дейді. Мен оның шаршап тұрғанын көріп келіспеймін. «Аға, сіз демалыңыз, әңгімені ертеңге қалдырайық» деймін. Сондағы әңгімеміз өскен ауылымыз туралы. Ер-аға мен екеуміздің ауылдарымыздың арасы алыс емес. Оның ауылында Құл деген ақын болған. Мен Құл ақын туралы біраз материал жинап, жазғанымды айттым. Ел ішінен не білгенімді сұрайды, мен айтамын. Құл ақынның әндері туралы әңгімелейді. Менің не білетінімді тексереді. Құл ақынның «Шұбар ағаш – Ойжайлау», «Бүрлен-бүрлен» деген әндері туралы білетінімді айтамын. Оның «Өтебай» әнінің әуенін Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсының 2-актісіне кіріспеге пайдаланғанын айтқанымда ол маған риза болды. Мен Ер-ағаның ауылында қандай суырыпсалма ақындардың болғаны туралы, оның өзінің әкесі Рахмадидің де ақын екенін айтамын. Осылай жиі кездесіп жүрдік. Бірде мен «Ер-аға, сіз туралы поэма, не баллада жазсам деймін, сізге арнаған әнім де бар» деген едім. Ол үнсіз құптағандай болды. Кәкімбек Салықов ағамыздың Ер-аға туралы поэма жазғанын білетінмін. Кейінгі кезде ағасына ән арнағандар «сен сондайсың, жан аға, сен мұндайсың, жан аға» деп айтып жүр. Ер-ағаға арнаған әнімде мен Балқаштың жағасында жастық шағы өткен ағаның асау толқындардан шабыт алған шағын суреттегім келді. Бұл көрініс Ағаның жанына жақын болатыны даусыз. Осындай ойдан туған әнді «Толқиды Балқаш» деп атадым.
Бірде Ер-аға екеуміз Серікжанның кабинетінен бірге шықтық. Сыртта біраз таза ауа жұтып аялдадық. Серікжан туралы сөз болды. Менің либреттом бойынша опера жазып жатқанын тілге тиек еттік. «Бұл жігіттің еңбекқорлығы ұнайды» деді. Оның кабинетіне тегін бармайтынын айтты. Одан зор үміт күтеді екен. «Еңбекқорлық» дегенде менің ойыма «дарын бес пайыз болса жеткілікті, қалғаны еңбекпен келеді» деп бір ғұлама айтыпты деген сөз оралды. Менің ойымды түсінгендей, «бұл жігітте үшеуі де: дарын да, еңбек те, мінез де бар» деді Ер-аға.
Серікжан Әбдінұров Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Ақбастау ауылында 1962 жылы туған. Әкесі тау-кен инженері, анасының мамандығы дәрігер екен. Серікжанның музыкалық тәрбие алуына әкесінің ықпалы болыпты. Әкесі Құттымбеттің музыкаға әуестігі ерекше болса керек. Ол Ташкенттегі политехникалық институтта оқып жүргенде жатақханаға жаяу қатынапты. Сол кезде консерваторияның жанынан өтеді екен. Жақындап келгенде консерватория терезесінен әртүрлі дыбыстар естіліп жатады. Біреулер скрипкада сызылта ойнап, біреулер күйсандықта күмбірлетіп күй шалқытады дейді. Бір жерден оркестр гүмпілдетсе, бір жақтан бұлақ сылдырындай әсем дауыс жас жігіттің еркін жаулап алады. Сиқырлы үндерді елтіп тыңдаған жігіттің сабақтан қайтқан студенттермен жатақханаға қайта оралған күндері де болған деседі. Осылай музыканы армандаған Құттымбет енді өз балаларының музыкадан сауаты болғанын армандайды. Сөйтіп, 7 жасқа келгенде Серікжанға аккордеон, ал үлкен қызына пианино алып береді. Серікжанға аккордеонда ойнауды өзі үйрете бастайды. Баласының ынтасына көңілі риза болып, 1972 жылы Шымкентке көшіп келген соң, үлкен қызын да, Серікжанды да музыка мектебіне береді.
«Бір жылдан соң әпкем музыкаға оқығысы келмеді де, мектептен шығып кетті. Әкем менен «сен оқисың ба? – деп сұрады – дейді Серікжан, бала кезін есіне алып. – Мен оқимын – деп едім әкем қуанып, «онда мына пианино да сенікі, аккордеон да сенікі» дегенде қуанышымда шек болмады», дейді. Содан екі аспапқа да ие болған Серікжан жеке бөлмеге кіріп алып, музыкаға дайындалып отырады. Бұл кезде ешкім оған бөгет жасай алмайды. Ата-анасы оның музыкамен айналысуына ерекше мән бергені сонша, тіпті қонақ шақыратын болса, Серікжанның көңіліне қарап, баласының музыкамен дайындалуына кедергі жасамау үшін оның рұқсатын алатын болған. Өнерге осындай құрмет пен қамқорлық жасалған отбасында өскен баланың да еңбекке ынтасы, өнерге деген құштарлығы жоғары болмақ. Оның үстіне Серікжан үлкен әжесінің бауырында өскен бала. Қалдыгүл әжесі халық ертегілерін айтып беріп, оны жастайынан кішіпейілділікке, қайырымдылыққа тәрбиеледі. Жақсы көретін әженің айтқандары, өнегелі, үлгілі тәрбиесі бала көңілінде өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өзінен кейінгі інісі Әлібиге қамқор болып жүргені сол әже тәрбиесінің жемісі деуге болады.
1977 жылы әкесі Серікжанды Шымкенттің музыкалық училищесіне алып барады. Музыкалық қабілетін тексеруден сүрінбей өтеді. Бірақ оған скрипка ұнамайды. Үні тым әлсіз, нәзік болып көрінеді. Оған виолончель ұсынады. Оның дыбысы тым дөрекілеу естіледі. Сонымен қатар әлжуаздау балаға аса үлкен болып көрінді. Училищедегі ұстаздар қабілетін біле тұрып оны жібергілері келмейді. Оған хор бөліміне түсуге кеңес береді. Хор комиссиясына оның музыкалық қабілеті бірден ұнайды. Сонда да Серікжанға «қабілетің өте жақсы, алайда дауысың тым нәзік, әлжуаз, бойың да әлі кішкентай екен. Келесі жылы кел. Бойың өсіп, дауысың қатайып келсең, сені емтихансыз-ақ қабылдаймыз» дейді. Бірақ Серікжанның қайтқысы келмейді.
«Оқуға түсе алмапты» деп сыныптастары мазақ етеді ғой. Ол осылай ойлап, көз жасына ерік береді. Егіліп, солқылдап жылап тұрған баланы көрген училищенің күзетінде тұрған қазақ апай бұларға келіп, не болғанын сұрайды. Бұлардың жағдайын білген соң: «мұнда музыка теориясы деген бөлім бар, оны бітіргендер композитор болады деп кеңес береді. Әкесі баласынан: «композитор боласың ба?» десе ол «боламын, боламын» деп жылап жібереді. Теория бөліміндегілер музыкалық қабілеті жоғары, әрі құлшынып тұрған балғынды қуана қабылдайды. Сөйтіп, Серікжан музыка училищесінің теория бөліміне оқуға түседі. Болашақ дарынды композитордың алдынан осылай даңғыл жол ашылады.
Музыкалық училищесін бітірген соң Серікжан Әбдінұров Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының композиторлық бөліміне Қазақстанның халық әртісі Құддыс Қожамияровтың сыныбына оқуға түседі. Алғашқы жылдан-ақ оның дарыны көзге түсе бастайды. Ол жазған шығармаларын Бүкілодақтық және Республикалық конкурстарға жолдап отырады. Оның жеке дауыс пен фортепианоға арнаған Естайдың «Хорлан» әніне жазған вариациясы 1987 жылы Мәскеуде өткен конкурста 1-жүлдеге ие болса, 1988 жылы скрипка, виолончель, фортепиано, домбыраға арналған квартеті Республикалық «Жігер-88» жастар шығармашылығы фестивалінде 1-орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ оның үздік шығармалары: шекті аспаптарға арналған квартеті Халықаралық фестивальге (Германия, Дрездень), Үлкен симфониялық оркестрге арналған симфониясы Л.Бернстайн Халықаралық фестивалінде (Израиль, Иерусалим) орындалды, шекті аспаптарға жазған «Ататүрік» симфониясы симфониялық музыка фестивалінде (Өзбекстан, Ташкент) үздік шығарма аталды.
Республика бойынша өткен конкурстарда да табыстарға жетті. Ол Республикалық «Астана – Байтерек», «Тәуелсіздік толғауы», «Елім менің» конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.
Осындай тәжірибеден кейін ол күрделі шығармалар жазуға кірісті. Алғашқысы менің либреттома жазған «Қыпшақ қызы Аппақ» деген операсы болды.
Осы либреттодан бөлек мен оған тағы бір либретто жазып бердім. Оны алғашқыда «Асыл арман – Астана» деп атаған едік, кейін «Махаббатым менің» деп өзгерттік. Бұл заманауи жастар тақырыбына жазылды. Тақырып заманауи болғасын композиторға жазуға да жеңіл болды. Бұл операны ол жылдам жазып бітірді. Сосын оның үзіндісін Ұлттық өнер университетінің студенттерінің күшімен Университет сахнасына шығарды.
Бұған дейін де Серікжан күрделі шығармалар жаза бастаған. Ол хорға арналған acapella «Бейіт-симфониясы» еді. Бұл шығармасымен Серікжан Қазақстан композиторларының көшін бастады. Ол бірінші болып осындай шығарманы, қазақ музыка тарихында бірінші хор симфониясын жазды. Симфониялық музыкаға хорды енгізу классик композиторларда бар үлгі. Ол үлгіні немістің ұлы композиторы Людвиг ван Бетховеннің Тоғызыншы симфониясының финалынан, басқа да композиторлардан кездестіруге болады. Дәлірек айтсақ, 2017 жылы Аstana Opera сахнасында орындауға бірнеше өнер ұжымы, 1500 адам қатысқан неміс композиторы Густав Малердің Сегізінші симфониясы дарынды дирижер Алан Бөрібаевтың басқаруымен орындалғанын көзі қарақты көрермен әлі ұмыта қойған жоқ.
Композитор шығармашылығында «Бейіт-симфония» сөзі азаттық жолында, елдік үшін күресте шейіт болғандардың құлпытасына жазылған эпитафия, аруағына тағзым, атына құрмет деген түсінік береді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Республикалық хор фестивалінде «Бейіт-симфониясы» 3-орынға ие болды. Бұл шығарманы жазуда ол грузиннің дарынды композиторы Гия Канчелиге еліктегенін жасырмайды. Жақсыға еліктеудің ерсілігі жоқ. Серікжанның неміс композиторы Роберт Шуманға еліктеген жері бар. Шуман «Карнавал» деген шығармасында жастық шағында ұнатқан Мета Абегг (Abegg) деген қыздың атын және тағы бір әуес болған сұлу қыз тұратын Аш (ASCH) қаласының атын музыка дыбыстарымен белгілеп, сол тональдықта музыка жазғаны белгілі. Осы бір үрдісті Серікжан да өз музыкасында қолданды. Ол фамилиясының үш әрпін музыканың дыбыстарымен (a-ля, b-си-бемоль,d-ре) белгілеп, фортепианоға арналған «Айша-бибі», «Фараб Отырар», екі гобойға арналған «Бейіт» шығармаларында пайдаланды.
Оның шығармалары көптеген оркестр, өнер ұжымдарының, белгілі дирижерлердің репертуарына енген. Ол оркестрге, хорға, драмалық спектакльдерге, аспаптарға арналған музыка жазды. Оның романстары мен әндері белгілі әншілердің орындауында көпшіліктің көңілінен орын алуда.
Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,
Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Композиторлар одақтарының мүшесі