• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 26 Шілде, 2022

Грант майшелпек пе?

473 рет
көрсетілді

Былтыр апалы-сіңлілі екі қызбен бірге тұр­дым. Үлкені медициналық университетте, кішісі ұлттық ЖОО-ның саясат­та­ну мамандығында оқиды. Әкеден ерте қалған қыздарға шамам келгенше көмектескім келетін. Өз қолыммен пісірген дәмділерді ұсынып, арнайы кес­теміз болса да, есепсіз үй жинай саламын. Кішісі компотымды, үлкені ба­уыр­сағымды жақсы көретін. Екеуі де мем­ле­кет­тік грантта оқиды.

Стипендия жетпегендіктен, үлкені оқу арасында тырнақ бояп ақша табады. Клиент тарту да кәдімгідей жұмыс, қолы қалт еткенде тырнақ бояудың сан түрлісін үйрететін видео қарап отыратын. Мен оған: «Неге одан да бір емханаға жұмысқа кірмейсің? 5-курста оқисың, бұл деңгейде ассистент бола аласың ғой. Студент күнімде оқу ор­нын­­дағы және қалалық газеттерде тегін іс­те­дім. Соның жемісін қазір жеп жүрмін. Сен болашақта тырнақ бояушы емес, дәрігер атанасың ғой», дейтінмін. Алайда ол үшін келешек кәсібінің майталманы болу емес, ақша, күнкөріс алдыңғы орында болды. «Мен бітіргенде бюджеттік ауруханаларда жұмыс істемеймін, айлығы аз. Өзім жекеменшік клиника ашып аламын», дейтін мемлекеттік грантта оқитын ол.

Бір күні қос қыздың кішісі сабаққа күндегіден ерекше дайындалды. Болашақ саясаттанушы айнаның алдында үсті-басын түзеп тұр екен. «Бүгін бөлекше әдеміленіп кетіпсің ғой, студент емес, оқушы секілдісің», дедім. Ол кең етекті, тізеге түскен белдемшесін айнала көрсетіп: «Ештеңе байқамадыңыз ба?», деп сұрады. Басымды шайқадым. Етегін түріп, санына айналдыра жапсырылған «шпаргалкаларын» көрсетті. «О, Құдайым! Қайдан шығарасыңдар осындайды?», дедім таңғалысымды жасырмай. Студент-саясаттанушы осы әрекетін ерлікке балап, емтиханға жөнелді. Тапсырып келгеннен кейін отырғызып: «АҚШ-тағы бір кейіпкерім туралы мақала жазғанда көзім шалып еді. Америкалық оқушылар мен студенттер «шпаргалка» пайдалануды намыс көреді екен», деп бастай бергенім сол еді: «қойыңызшы», деді. Оның күлкісінен «өзіңіз пайдаланбағандай сөйлейсіз ғой» дегенді айтпай-ақ ұғуға болатын. «Жеке басым мектепте 9 жыл, колледжде 4 жыл, университетте 3 жыл оқыдым. 16 жылдық оқуда талай рет емтихан тапсырдым. Бірақ «шпаргалка» алып кірген емеспін. Бір рет колледжде курстастарымның бәрі қолданғанын көріп, арам ой келді. Сонда мені іштегі «Өзімді-өзім алдаудан кім ұтылады?» деген сұрақ тоқтатты. Сен мұғалімді алдаймын деп ойлайсың, бірақ шын мәнінде өзіңді-өзің алдап тұрсың ғой», дедім. Ол үнсіз қалды. Ақиқатында жетістікке, жаңа нәрсені үй­ре­нуге деген қадам өзіңді білетін адамдай көр­сетуден емес, өзіңнің білмейтініңді мо­йын­­даудан басталады.

Қайбір жылы білім гранттарын бөлетін республикалық комиссияның мүшесі болдық. Сенесіз бе, осы уақытша қызмет жайлы естіген таныстарымыз жан-жақтан хабарлас­ты. Бір ата-ана: «Көрші, мүмкіндік бар ма? Өзінікіне талас көп әрі балл жоғары, әнебір мамандыққа түсе салса да мейлі. Грантқа оқыса болды», деді. Әлгі мамандық баласын қызықтыра ма? Ертең дипломды қалай қорғайды? Жұмыс істей ме? Маңызды емес. Енді бірі: «Біздің бала грант түгілі ақылыға да ілікпей қалды. Мына көрсеткішпен қабылдайтын қандай ЖОО бар?», деп сұрады. Мемлекеттік университеттер бір пәннен шекті балл жинай алмағандарды қабылдамайды. Енді жекеге баратыны белгілі. Жақында хабар алдым, миллионнан аса қаржы төлеп оқытатын болыпты. Және 7 жыл. Біз балаларды мамандық таңдауға, келешек кәсібіне ұмтылуға емес, «мемлекетті алдап оқимын да, дипломы бар адам деген атақ аламын» дейтін идеологияға тәрбиелеп жатқандаймыз. Ал шын мәнінде олар мемлекетті ғана емес, өзін-өзі алдап жүр.

Гранттық комиссияның мүшесі болғанда бір нәрсені анық ұқтық. Шынтуайтына келгенде, грантты жеңіп алғандар тым аз, көбісіне тек тағайындалды, берілді. Бакалаврға 50 балмен мемлекеттік грантқа түскендер бар, бұл барлық ұпайдың небәрі 36 пайызын құрайды. Оның өзін қалай белгілеп алып шыққанын тапсырушының өзі ғана біледі. Ойлаңызшы, көп мамандықта бір орынға бір адам ғана үміткер болып тұрады. Бұл конкурс емес қой. Және мұндай тұжырымға 2 жыл бұрын, яғни 51 мың грант бөлінгенде келгенбіз. Биыл грант саны 73 мыңға жуықтап отыр. Сөзсіз, бізге мамандар керек. Әсіресе техниканың тілін білетін, тәнімізге қоса жанымызды емдейтін, мемлекеттік жүйені жетілдіретін, әр салада мықты мамандар керек-ақ. Бірақ дипломы бар, жұмыссыз мамандар керек пе?