• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Шілде, 2022

Білім мекемелері аттестаттаудан өте алмады

440 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы білім сапасын қадағалайтын департамент биылғы 6 айдың қорытындысын жариялады. Өңір­де осы уақыт ішінде тек­серістен өткен 47 білім ұйы­мы­ның жетеуі ғана аттестациядан өте алған.

Батыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ғабдушевтың айтуынша, өңірдегі білім сапасының жағдайы көңіл көншітерлік емес.

Қараңыз, биылғы алты ай ішінде департамент өңірдегі 47 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізген. Оның 28-і – мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ұйым­дары, 13-і – бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беретін мектептер, алтауы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары екен. Нәтижесінде, 7 ұйым ғана аттестаттаудан өткен. Тек­серілген білім мекемелерінің 85%-ы аттестаттаудан өте алмаған. Өзін-өзі бағалау кезінде 13 мектептің 4, 9, 11 сынып оқушылары тест сынамаларын тапсырған болса, соның ішінде 5 мектеп тиісті нәтиже көрсете алмады. Сынаққа қатысқан 405 оқушының білім сапасы 14,8%-ды құрапты.

– Мемлекеттік аттестаттау кезінде анықталған заң бұзушылықтың 90 пайызы – оқу-тәрбие барысында стандарт талаптарының сақтал­мауы. Бұл мәселе бойын­ша білім беру ме­кемелеріне әдістемелік көмек көр­сетіп жатырмыз. Ал қалған 10% сәйкессіздік – материалдық-техни­калық базаға, қауіпсіздік шараларына байланысты. Бұл кемшіліктерді жою үшін білім мекемелеріне қара­жат қажет. Сондықтан қаржы бөлу мәселесі жергілікті атқарушы орган­дарға жолданды, – дейді Нұрлан Баймұратұлы.

Білім сапасын қадағалайтын департамент атқаратын жұмыстың тағы бір саласы – білім мекемелерін жос­парлы және арыз-шағымдар бойынша тексеру. Жыл басынан бері өңірде арыз-шағым бойынша 11 тексеріс жасалса, бұдан бұрын берілген ұйғарым-ескертулердің нәтижесін анықтау үшін жоспардан тыс 10 тексеріс болған.

Департамент басшысы жыл өткен сайын арыз-шағым көбейіп келе жатқанын айтады. Оның себебі – «Педагог мәртебесі туралы» заңның қолданысқа енуі. Шынымен де жос­пардан тыс тексерулердің басым бө­лігінде педагогикалық әдеп қағи­даларының бұзылғаны анық­талған. Яғни батысқазақстандық білім меке­­мелерінде Білім және ғылым минис­­трінің бұйрығымен бекітілген «Пе­да­го­гикалық әдеп қағидалары» талаптары жеткілікті деңгейде орындалмай отыр. Н.Ғабдушевтің айтуынша, әсіресе Орал қаласының, Теректі, Қаратөбе, Жаңақала аудандарының білім беру ұйымдарында заң­сыз­дық көп. Тексерулердің қорытын­ды­сында 2 лауазымдық тұлға 10 АЕК мөлшерінде, 1 басшы 50 АЕК мөл­ше­рін­де айып­пұл «арқалады». 10 түрлі құқық бұзу­шылықты жою туралы ұй­ғ­арым бе­ріл­ген.

Батыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Қазақ­стан Республикасының Заң­дарына, «Педагогикалық әдеп қағидаларына» сәйкес педагогтердің құқығын қор­ғау және әдеп мәселесін үнемі қа­да­ға­лап отырғанын айтады. Әсіресе педагогті кәсіби қызметінен басқа шаруаға тартуға байланысты, басқа да заңсыздықтарды шұғыл шешу, жедел жою үшін күн сайын қоңырау қабылдауға дайын болып, БАҚ, интернет ресурстары және әлеуметтік желілерге мониторинг жасау жолға қойылған.

Департамент басшысы жыл басынан бері әлеуметтік желілерден және телефон арқылы түскен 30-дан астам мәселе бойынша жұмыс жүргізгенін айтты. Талап-шағымның басым бөлігі жалақы, педагог міндетіне қа­тысты мәселелер, аттестаттау нәти­жесі туралы болған. Әрине, бұл шағымның бәрі дер кезінде тексеріліп, тиісті нәтиже алынды: білім беру ұйым­дары аталған түйткілдерді шешті, қажет жерде заңнамалық ақыл-кеңес берілді. Департаменттің сенім телефонына түскен ата-аналар мен басқа да тұлғалардың қоңырауынан кейін 2 мектепте оқушыға дөрекі мінез-құлық көрсеткен мұғалімдер жауапкершілікке тартылған. Сабақ­қа қабылдау және сыныптарды іріктеу бойынша наразылықтар қолда­ныстағы заңнамаға сәйкес рет­телген. Тиісті қауіпсіздік шарасын қамтамасыз етпегені үшін мектеп басшылығы тәртіптік жауап­кер­­шілікке тартылған. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалардағы мұғалімдердің еңбекақысын дұрыс төлеу, бала күтіміне байланысты демалысты дұрыс ресімдеу және т.б. мәселелер бірлесіп шешілген.

– Өткен алты ай ішінде біздің департамент жоспардан тыс жүргізген 8 тексеріс кезінде педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылғанын анықтады. Аталған кемшіліктерді жою үшін тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ департаментке келіп түскен немесе әлеуметтік желіде, БАҚ-та жарияланған заң бұзушылықтар бо­йынша білім беру ұйымдарының 3 басшысын, 1 басшының орынбасарын, 7 педагогті тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыным шығарып, тәртіптік шара қолданылды, – деді Н.Ғабдушев.

Батыс Қазақстан облысының бі­лім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2022 жылдың 6 айында «Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру», «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» бойынша да 204 мәрте мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Бұл өтініштердің 39-ы – білім беру қызметіне лицензия беру бойынша, ал 165 өтініш – білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу үшін келген. Департаменттің арнайы комиссиясы әр өтінішті қарап, тиісті шешім шығарған: лицензияға 3 қосымша беріліп, 31 өтініш кері қайтарылған. Лицензия мен лицензияға қосым­шаны қайта ресімдеу туралы 5 өті­ніш қанағаттандырылған. «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемле­кеттік қызметі бойынша 165 өтініш қана­ғаттандырылып, 69 өтініш­ке дәлелді бас тартылған.

Қазір каникул кезі. Бірақ департамент мамандары облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығына ке­шен­ді мониторинг жүргізуде. Мо­ни­­торинг барысында ғимараттың жай-күйі, материалдық жабдықталуы, ка­др­мен қамтылуы және т.б. мәсе­ле­лер қадағаланады. Сондай-ақ білім ме­ке­мелері басшыларын үш жылда бір аттестаттаудан өткізу де департамент құзырында. Бұған қоса мек­теп­тердегі бос жұмыс орындарына байқау жариялау, конкурстың әділ өтуі, педагог жүктемелерінің сақ­тал­уы, т.б. сан-салалы мәселелер де қатаң қа­дағалануда. Мәселен, облыста жыл басынан бері конкурс арқылы 200 педагог түрлі лауазымға тағайындалған екен.

 

Батыс Қазақстан облысы