• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Шілде, 2022

Әбетановты әуреге салғаны несі...

253 рет
көрсетілді

Шенеуніктердің біліксіздігінен ауылдағы шаруа баққан ағайынның зардап шегіп жататыны жайында оқиғалар аз емес. Тереңкөл ауданында орын алған мына бір жайсыз жағдай жергілікті атқарушы билік өкілдерінің реті келсе заңды белшесінен басып, өз білгенін жасауға даяр тұратынының дәлелі болса керек.

Мәселенің мәнісін айтайық. Терең­көл ауданында 1 420 гектар жер­ді иелігіне алған «Абетанов» шар­уа қожалығы соңғы уақытта жер­гілікті әкімдіктің қырына ілігіп, заң­сыз тексеруге ұшыраған. Қожалық өкілі Жанар Әбетанова аудандық жер қатынастары бөлімі ауылшаруашылық мақсатындағы жер теліміне қатысты ешбір қисынға келмейтін мониторинг жүргізгенін жеткізді. Тіпті мем­­лекеттік мекеме жергілікті БАҚ құ­­ралында «Абетанов» қожалығы өз жерін қосымша жалға алушыға бе­ріп, заң талаптарын бұзып отыр деген ақпарат та жариялап жіберген. Яғни қожалық жайылымды жеке кәсіпкер Дубининге пайдалануға беріп, көлденең пайда табуда деп тұс­пал­дайды.

Бұл аумақ жайылымға ғана жарайтын жер телімі болып есептеледі екен. Оның егін шаруашылығы үшін ешбір құны жоқ. Бірақ осыдан бірер жыл бұрын жергілікті әкімдік әлдебір себептермен жерді қожалықтан алып қойған. Шаруа иесі әупірімдеп жүріп соттың шеші­мі­мен қайтарады. Осы екі арада шаруа­шылық шығынға батып, өсіріп отырған 150-ден астам жылқысының барлығын сатып жіберген. Содан бері жылқы шаруашылығын қал­пы­на келтіруге мүмкіндігі бол­маған. Бүгінде Әбетановтар өз иелігіндегі 130 бас қойды осы жерде жаяды. Тереңкөл Павлодар облы­сындағы егін шаруашылығы өркен­де­ген аудандардың бірі болып сана­ла­тын­дықтан, бұл өңірде мал өрісі тап­­шы. Жеке аулаларында төрт тү­лігін өсіріп отырған зейнеткерлер мен өзге де тұрғындар «Абетанов» қожалығынан мал жайып беруін өтін­ген. Яғни ерте көктемнен ұсақ малдарын қожалықтың отарына қосып, шопан Дубининмен ақысын төлеп тұруға келісіпті.

Жанар Әбетанова бақташыға сырттан түлік қосуға рұқсат еткенін, бірақ бұл қойлар міндетті түрде егілген болуы керек деп талап қойғанын айтады. Бүгінде жергілікті жалғызілікті адамдарға бұл келісім өте жақсы кө­мек болып отырған көрінеді.

Алайда мұны естіген аудандық әкімдіктің атқамінерлері бірден атойлап келіп, өрісте жайылып жүрген қойды санап, өз беттерімен мониторинг жүргізген. Бөлім ішінен құ­рылған жұмыс тобының нәтижесін жергілікті ақпарат құралында жедел таратып жіберген. Онымен қоймай, «Әбетановтар жерді Дубининге қо­сым­ша жалға беріп, пайдаға кенеліп отырғанға ұқсайды. Араларында ке­лісім бары сөзсіз» деп ұйғарым жасап, мониторингтің есебін облыстық жер қатынастары басқармасына жөнелтіп қояды. Бір қызығы, әлгі тексерушілер шаруашылық басшысына келетіндерін күні бұрын ескертпеген. Оны қойып, прокуратура органдарына алдын ала мәлімдеуді де құп көрмепті. Ал аудандағы кәсіпкерлік саласына мүдделі ұйым­дардың өкіл­дері бұл мониторинг жайында ақпарат құралынан ғана білдік деп отыр.

Аудан әкімдігінің мұндай қысас­тығына шыдамаған Жанар Әбетанова кәсіпкерлердің құқық­тарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңеске шағым түсірді. Кеңес мүшелері бұл іске қатысы бар барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен шұғыл жиын өткізіп, мәселенің мәні­сіне көз жеткізгендей болды.

Облыстық прокуратура өкілі атап көрсеткендей, аудандық жер қа­ты­­настары бөлімінің басшысы Айжан Исаеваның бұл әрекеті заң­сыз­дық. Себебі мұндай мониторингтер прокуратура органдарында тіркеліп, ол қоғамдық кеңестің және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүзеге асуға тиіс. Мем­ле­кеттік қызметшіге кәсіпкердің иелі­гіндегі жерге баса-көктеп кіріп, оның мал-мүлкін өз қалауымен санауына жол берілмейді. Егер мекеме қожалықта қанша қой барын білгісі келсе, ауыл шаруашылығына жауапты органдарға сұрау салса жеткілікті еді.

Жер қатынастары бөлімінің жібер­ген тағы бір ағаттығы, «Абе­танов» пен «Дубинин» ЖК арасында қосымша жалға алу туралы ке­лісім бар деп негізсіз айып таққан­ды­ғында. Бұл көзқарасты әкімдік өкілдері ресми деректерінде де долбар түрінде келтірген. Ал іс жүзінде қос субъек­тінің арасында ешбір келісім­шарт жасалмағаны мәлім болды. Яғни қағаз жүзінде еш құжат жоқ.

«Қазақстан Республикасы мем­лекет­тік қызметшілерінің әдепті­лік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жар­лығында «мемлекеттік қызметші шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет­терді таратпауға тиіс» деп анық жа­зыл­ған. Жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Айжан Исаева бұл әдеп нормаларын белден басып, біліксіздік танытқанын облыстық кеңес мүшелері айрықша атады. Ал бұл мәселеге көз жұма қарап, кәсіпкерді заңсыз тексерудің тегеурініне салып берген Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғытовтың қазіргі үнсіз әрекеті түсініксіз.

Жиын соңында кеңес мүшелері Айжан Исаеваға заңсыз мониторинг нәтижелерін жедел түрде об­лыстық басқармадан қайтарып алуға кеңес берді. Өйтпеген жағдайда тереңкөлдік шенеуніктердің ісі ал­дағы уақытта сотта қаралуы ғажап емес.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы