Кеше, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік банк басшылығымен кездесті.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша вице-президенті Лора Так, Халықаралық қаржы корпорациясының Азия-Тынық мұхиты өңірлері жөніндегі вице-президенті Карин Ф.Финкельстон, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша Өңірлік директоры Сародж Кумар Джа, Дүниежүзілік банктің Инвестицияға кепілдік беру жөніндегі көптарапты агенттігінің атқарушы вице-президенті Кейко Хонда, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Шебнем Аккая қатысты.
Мемлекет басшысы бұл кездесудің Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келуінің нышандық мәнін атап өтіп, маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іс жүзіне асыруға және Қазақстан экономикасын дамытуға белсенді көмек көрсетіп отырғаны үшін Дүниежүзілік банк тарапына алғыс сезімін білдірді.
Президент Дүниежүзілік банк Қазақстан үшін маңызды халықаралық экономикалық әріптес екендігін, ал оның қызметі мемлекет тарапынан да, іскерлік қауымдастық тарапынан да тұрақты түрде жоғары бағаға ие болып отырғандығын атап көрсетті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын және өсуін қамтамасыз ету мақсатындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметі және Халықаралық Қайта құру және даму банкінің, Халықаралық қаржы корпорациясының, Инвестицияға кепілдік беру жөніндегі көптарапты агенттік арасында Серіктестік туралы шектелмелі келісімге қол қойылды.
Шектелмелі келісімге сәйкес Дүниежүзілік банк Тобы Қазақстанға экономиканың шикізаттық емес саласына инвестиция тартуға басымдық бере отырып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамыту және инновацияға, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыруға, институттық және адам капиталын дамытуға, өңірлік тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қызметтің және шаралардың қолжетімділігін және сапасын арттыруға 2,5 млрд. доллар қаржы бөлетін болады.
Мемлекет басшысы ынтымақтастық 7 бағыт бойынша іс жүзіне асырылатындығын, олардың әрқайсысы бойынша жеке бағдарлама белгіленетіндігін атап өтті.
Ынтымақтастық ауқымы қаржы секторын, шағын және орта бизнесті, инновацияны ынталандыруды және іскерлік ахуалды жетілдіруді, мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестікті дамытуды және экономикаға инвестиция тартуды, кәсіптік техникалық білім беру жүйесін әртараптандыруды және кәсіптік-техникалық кадрлар даярлауды, өңірлердің тұрақты және экологиялық дамуын қамтитын болады.
Елбасы Шектелмелі келісімді іс жүзіне асыру үшін қысқа мерзімнің ішінде барлық мүдделі тараптардың өкілдері кіретін Үйлестіру кеңесі құрылатындығын атап көрсетті.
Жобаға басшылық жасау және оны іс жүзіне асыруды үйлестіру Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жүктелді.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.