Алқаракөк аспанның күңгірт күмбезіне, тал түстегі күн көзімен шағылысқан көгілдір сағымға, көк бұлтқа шомылған ағаштардың ұшар басында қадалып отырып жер мен көктің тәңір берген ғажайып бояуын көкейіне қондырған. Өмірдің оған берген осынау еншісіне еш баға жетпейтін секілді. Шексіздік… мүмкін дәуірлердің бір нүктеде тоғысуы.
Суреткердің ішкі әлеміне үңілсеңіз, сіз де сағымға оранасыз. Көз алдыңызда жылдар жүйтки жөнеледі. Сіз уақытқа ілесе алмайсыз, мәңгілік қанша қуаласаңыз да жеткізбейтін елес... Шеберханадағы мың бояудың әрқайсысы өзге ғаламшардың түр-түсін, кескін-келбетін бедерлеп тұрғандай. Автор – жалғыз, кейіпкер көп, яки ғасырдың еркіне бағындырған қылқалам шеберіне даралық инстинг берілген.
Бұл – Тілеужан Батанов. Ғажайып суретші һәм скульптор. Оның абстракцияға толы картиналары кез келген интерьерге, тіпті беймәлім тарихи оқиғаларға сыйып кетеді. Оның абстракционизмге әуестігі сонша, қолтаңбасында арт-деко мен минимализмнің эстетикалық бастауы тұр. Егер сіз үйіңізді безендіру үшін кескіндеме сатып алғыңыз келсе, абстракция кез келген заманауи стиль үшін ең жақсы таңдау болып қала бермек. Бұл реализмнен қашудың амалы емес, қайта оны биікке көтеру. Мұны суретші жақсы түйсінген.
Мәселен, суреткердің біз ұсынған картинасына назар салыңызшы. Қыран құс, қыш ыдыстар, атты адам, шам, домаланған дүние бәрі-бәрі алыстан мұнартады, олар әр дәуірдің белгілері, бірақ кенепке кенеттен қонбаған. Автордың ойлау өрісі аспанды тұтастай бір жарықтың шеңберіне байлап, өткен мен бүгінгінің арасына шекара қоймайды. Шығарманың ерекшелігі де осында.
Иә, бір қарағанда туындыдан реалистік мәнер көре алмаймыз. Кенепке құдды футуризм мен кубизм рухы қонған секілді. Интерьері өте бай, дерексіз де емес. Абстракцияны өзінің сәнділігімен және декорының көптігімен тарихи стильге сәйкес келтірілген. Мұнда шексіздіктен бөлек, мезгілдердің үйлесімі, ескілікке көзқарас, болашаққа деген байлам бар. Суреткердің картинаға атау қоя алмағаны содан да болар. Бүтін дүниені бір сөзбен сипаттау мүмкін бе?!