• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2022

Мемлекетаралық интеграциялау мәселесін пысықтауға шақырды

153 рет
көрсетілді

Алматыда Тұрақты дамуға арналған инновациялар мен технологиялар бойынша БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы (СПЕКА) жұмыс тобының 3-ші сессиясы өтті. Кездесуге қатысушылар 2021-2022 жылдардағы жұмыс қорытындыларын шығарды және тұрақты даму үшін СПЕКА инновациялық стратегиясын іске асыру тетіктерін талқылады.

Тұрақты дамуға арналған инно­вациялар мен технологиялар жө­ніндегі жұмыс тобының құрамына жоғары деңгейлі саясаткерлер, зерттеушілер және СПЕКА-ға қа­ты­сушы жеті елдің, атап айт­қан­да, Ауғанстан, Әзербайжан, Қазақ­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрік­менстан және Өзбекстанның инновациялар мен технологиялар саласындағы басқа да мүдделі тараптары кіреді.

Биылғы кездесу гибридтік фор­матта өтті, оған еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-­министрі Асқар Жамбакин, Солтүс­тік және Орталық Азияға арналған суб­өңір­лік бөлімшенің (SONCA) бас­шысы, ЭСКАТО Николай По­мош­­ников, БҰҰ Еуразиялық эко­номи­калық комиссиясының өкілі Кристофер Ати, сондай-ақ СПЕКА мүшелері қатысты.

Сессияның ашылуында сөз сөй­­леген А.Жамбакин Қазақстан­да цифрлы трансформация бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, нәтижелі шаралар арқылы еліміз онлайн қызмет­тер­ді дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 11-орынға, «элек­трон­ды үкіметті» дамыту ин­дек­сі бойынша 29-орынға және кибер­қауіпсіздік деңгейі бойынша 31-орынға ие екенін атап өтті.

«Біз жаңа жүйелерді әзірлеу және мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылды жеңілдету үшін азаматтармен және бизнеспен қа­рым-қатынас арналарын кеңейту арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының цифрлы күн тәртібін белсенді түрде дамытудамыз. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтердің шамамен 95%-ы автоматтандыры­лып, электронды форматқа кө­шірілді. Қазір біз қызметтерді цифр­­­­ландырудың 100% жолында тұр­мыз», деді вице-министр.

Сонымен қатар А.Жамбақин өңірде бір мемлекет ғана жүргізіп отырған цифрландыру ЭСКАТО ұйымына қатысушы барлық ел­­дің цифрлы дамуына алып кел­мей­ті­нін атап өтті. Осылайша, Қазақ­стан заңнамалық деңгейде цифр­лы құжаттарды қағаз құжат­тар­ға теңестірсе де, біздің ше­тел­дегі аза­маттарымыз қағаз нұсқа­ла­рын қолдануға мәжбүр.

«Біз, әрине, ақпараттық қауіп­сіз­дік және мемлекеттер қор­ғай­­тын деректерді таратпау жөнін­дегі барлық талапты ескере оты­рып, ақпараттық жүйелердің мем­лекетаралық интеграциясы ту­ра­лы байыпты ойлануымыз қа­жет. Біздің түпкі мақсатымыз – аза­маттардың, бизнестің және мем­ле­кеттік органдардың өзара іс-қи­мылын қарапайым және адамдарға бағдарлы ету», деп өз ойын ортаға салды ол.

Бұдан басқа, жұмыс тобының отырысы барысында Алматыда суб­өңірлік мамандандырылған ұйым – орнықты даму үшін цифр­лы шешімдер орталығы құры­латыны белгілі болды. Оның қыз­меті Орталық Азия өңірін цифр­ландыруға бағытталады. Кездесу соңында А.Жамбакин СПЕКА қатысушыларын 2022 жылғы 28-29 қыр­күйекте Нұр-Сұлтанда өте­тін Digital Bridge халықаралық іс-шарасына қатысуға шақырды.