• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 28 Шілде, 2022

Корея кинематографистері келді

233 рет
көрсетілді

«Қазақфильм» киностудиясына кореялық Big ocean entertainment кинокомпаниясының өкілдері келді. Big Ocean Entertainment – сериалдар, фильмдер мен музыкалық контенттердің ірі өндірушісі. Сондай-ақ компания ойын-сауық шоуларын жасайды.

Ш.Айманова атындағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Ақан Сатаев Корея кинематографиясын үлгі ететінін атап өтті. «Біздің отандық фильмдерiмiз корей кинофестивальдарына белсенді қатысады. Киноиндустрияда алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйену зор нәтижеге жеткізеді. Сондықтан екі елдің достық қарым-қатынасын дамыта отырып, бiрлескен жобаларды қолға алуға әрдайым ашық әрі дайынбыз», – деді А.Сатаев.

Өз кезегінде Big ocean entertainment кинокомпаниясының өкілі Кореяның Қазақстанмен киноиндустрия саласында ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.

«Күзде біз Қазақстанда конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Киноиндустрияның танымал өкілдерін шақырып, бiздiң киноиндус­триямызды жақынырақ таныстыр­сақ дейміз. Сондай-ақ қазақстандық тәжірибені зерттеу де бiз үшін ма­ңызды. Өндірісте тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырамыз. Бізге Қа­зақстандағы аудитория ауқымын жан­дандыру жоспары өте қызықты. Сонымен қатар осы елде қазақстандық актерлермен корей фильмінің ремейкасын түсіруді ұсынамыз», – деді Big ocean entertainment корей кино­компаниясының басқарма төрағасы Хван Донг Соб.

Кездесу барысында «Қазақфильм» қызметкерлері шетелдік кино маман­дарына павильондарды аралатып, ани­мациялық кешенді көрсетті. Дол­би-залы мен шоу-рилге экскурсия ұйым­дастырды. Сонымен қатар жаңа фор­маттағы «Медиа және кино мектебінің» жұмысымен таныстырды.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев Қазақстанда сериал­дар өндірісі жақсы дамып келе жатқанын жеткізді.

«Бүгінгі таңда отандық сериалдар өндірісі қарқынды дамып келеді. Біздің режиссерлеріміз бұл бағытта белсенді жұмыс істеуді үйрену үстінде. Соңғы жылдары корей сериалдары жоғары рейтингтерге ие болғаны белгілі. Еліміз өндірілетін өнімнің сапасын жақсартуға және үздік нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады», – деді Е.Қосубаев.

Кездесуді қорытындылай келе, тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ниет білдірді.

 

АЛМАТЫ