Қалтафон қоңыраулатты. «Махмұт Базарқұлұлы жақында жетпіс жасқа толатын еді... Сізден...» деп басталған өтініш-тілек таңданта қойған жоқ. Талайдан жолдас, дос болып келе жатқан азаматқа мерейжасы тұсында бірауыз жылы сөзін арнайтын шығар деп күту әбден-ақ табиғи. Несі бар, арнаймыз. Қарайлайтын, алаңдайтын ештеңе жоқ. Жетпістің аты – жетпіс. «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» дейді ғой біздің қазақ. Ал біздің өз кейіпкерімізбен етене аралас-құраласқанымызға биыл дәл отыз бес жыл толады екен. «35 күз. 35 қыс. 35 көктем. 35 жаз. Осал өмір емес-ау 35 жас» деп Мұқағали жазғандай, отыз бес жыл деген – біраз уақыт. Әйтеуір, бір адамды танып-білуге жететін уақыт екені анық.
Мұндайда, әрине, алдымен мақалаға қояр тақырыбыңды ойлап, бас қатырасың ғой. Танымал мемлекет қайраткері, саясаттанушы Махмұт Қасымбеков туралы жазылар мақаланы қалай атау орынды болар еді? Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры осы тақырыпқа тоқтадық. Кейіпкеріміздің кісілік келбеті мен қайраткерлік қарымы туралы толғанғанда, азаматтың болмыс-бітімін танытатын түйінді тұжырым іздегенде осы сөзден артығын таппадық.
Махмұт Қасымбеков – мемлекетшіл қайраткер. Онымен жақын араласа бастағалы бергі өмір осы ойды көңілімде дәйім орнықтырумен келеді. «Жақын араласа бастағалы бергі» деп айтуымның да мәні бар. Махмұтпен бір мекемеде – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында 1987 жылдың басынан бірге жұмыс істегеніммен, оған дейін де газеттің, газет болғанда да Орталық комитет органының – «Социалистік Қазақстанның» еңбек өтілі он екі жылдан асып үлгерген, редакция алқасының мүшесі ретінде ОК номенклатурасына қосылған қызметкері ретінде сол кездегі билік төңірегінде бой көрсете бастаған азаматтардың атына құлақ түріп, затына назар сала жүретіндіктен маған Махмұт Қасымбеков есімі біршама қанық еді. Оның аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде хатшылық қызметімен танылғанын, кейін республика комсомолының бас штабындағы жемісті жұмысымен көзге түскенін, әсіресе мықтылығын өз көздерімен көрмейінше ешкімді де мойындай қоймайтын әдебиет пен өнердің жас перілерінің арасында жақсы атымен аталып жүргенін, содан облыстық партия комитетіне, одан Орталық комитетке ауысқанын сырттай білетінмін. Атына құлақ біраздан қанығып қалғаннан кейін бе, жас жағынан менімен қарайлас деп ойламаппын. 1987 жылдың басында, жаңа ғана Орталық комитет нұсқаушысы қызметіне орналасқан бетте Насихат және үгіт бөлімінің бір қағазын Жалпы бөлімнің қызметтік хаттар секторының меңгерушісі Махмұт Қасымбековке апарып, өзімен алғаш танысқанымда да ол маған атынан ат үркетіндей сол аппаратта талай жылдан отырған адамдай, менен бірнеше жас үлкен кісідей әсер қалдырғаны есімде. Сөйтсем, мұның өзі атқа жастай мініп, ерте есейген азаматтың табиғи қалпы екен. Орталық комитетке келгеніне сол кезде екі-ақ жыл толған екен. Онысын кейінірек білдім. Менен жасы кішілігі де кейін анықталды...
Махмұтты ерте есейткен билік баспалдақтары ғана емес. Әкесі Базарқұл – кешегі қанды соғысқа бастан аяқ қатысып, Ленинград, Великие Луки, Варшава, Берлин үшін шайқастардың бел ортасында болған, майданнан І топтағы мүгедек күйінде оралған ардагер азамат. Бұл әулеттің арғы тегі қасиетті Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы күресінің әйгілі әскербасысы Ағыбай Қоңырбайұлынан, жорықта жолы болғыштығы аңызға айналып, Ақжолтай Ағыбай батыр атанған бабамыздан тікелей тамыр тартады. Егемендіктің елең-алаңында, 1992 жылы Айыртау-Сопы деген жерде Ағыбай батырдың 190 жылдығына дүркіреген той өткенде осы Махмұттың қатты қайрат қылғаны есімізде. Нағашы жұрт жағынан да осал емес. Анасы – Күләнда апамыз кезінде кесімді сөзімен аймаққа аты жайылған Кеншім бидің немересі. Он құрсақ көтерген кісі, солардан төрт бала ерте шетінеп, алты бала – төрт қыз, екі ұлды өсірген. Текті атадан тарағаны бар, өзінің етінің тірілігі бар, әйтеуір жап-жақсы дәулет құраған Қасымбек кәмпескенің қара бұлты үйірілгенде әуелі қырғыз жеріне кетіп, одан түрікменнің төріне дейін бой тасалауға мәжбүр болып, Мойынқұм, Шудың маңайына соғыстың алдында ғана орала алыпты.
Адамның адамдығы сыналар бір тұс – бауырларына, ағайын-туысқанға қалай қарайтыны. Махаңның әке соғысқа аттанғанда ана құрсағында қалған Бақыткүл, өзімен тетелес Бақытжан деген әпкелері, Жібек, Жамал есімді қарындастары, әулеттің кенжесі Серғалы (Серік) інісі туралы әңгімелері жаныңды жылытады. «Өзіммен тете, 1949 жылы туған Бақытжан әпкемді әке-шешем еркелетіп Бикен деп атайтын. Бикен әпкем өмірдің өзі тым ерте есейткен дейтіндей, үй шаруасына пысық, өте сарамжалды жан еді. Өзі бала бола тұрса да, біз сияқты емес, отбасымыздың абыройын, оның ертеңгі күнін, тосыннан келіп қалуы мүмкін қонаққа дейін күні бұрын ойлап отыруға ақылы жететін. Анамыз ауруханада жатқан кезде қонақ келе қалса, абыржыған әкем осы Бикен әпкемнің бетіне қарайтын. Сондайда ол бізден әлдеқалай жасырып ұстайтын кәмпит пен тәтті күлшелерді дастарқанға әкеп қойып жататын. Шағын үйде Бикенге оларды бізден жасырудың қалайша «сәті түсетініне» біз таңғалатынбыз...», – дейді бүгінде Махмұт. Шағын үй демекші, Махаң оны да айтады. «Дүниені енді ғана тани бастаған үш-төрт жастағы шағымда баспанамыз қазақтың кәдуілгі қоржын үйі болғаны есімде. Біздің шиеттей көпбалалы отбасымыз, қазақтың үзілмей келіп жататын қонақтары – бәріміз сол шағын үйде бір дастарқан басында отырып ас ішетінбіз. Ол – халықтың жадау тұратын, адамдардың дүние-мүлікке қызығып, соның соңына шырақ ала түсе қоймаған кезі еді. Тек 1965 жылы Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне жәрдемақының мөлшері көбейтіліп, адамдарға қосымша жұмыс істеуге ерік берілген кезде ғана отбасымыздың ахуалы ептеп жеңілдеген. Сол жылы шағын да болса, шатырлы үй салуды қолға алдық. Оның кірпішін құюға жасым он екіден асып, әжептәуір жұмысқа жарап қалған өзім де атсалыстым», – деп әңгімелейді. «Бірнеше бала алтыншы сыныпты бітірген жылы, жазғы демалыс кезінде аудандық тұтынушылар одағының Шудағы базасында жеміс-жидекке арналған жәшіктер құрастырып, соларды шегелеп, жұмыс істедік. Күн сайын әрқайсымыз жиырмаға тарта жәшік құрастырамыз. Бірнеше апта жұмыс істеп, сол еңбегіме азын-аулақ жалақы алғаным есімнен кетпейді. Бұл менің алғашқы еңбекпен тапқан табысым еді. Қарсы болғанына қарамастан, әкемді базарға ертіп апартып, оған және өзіме арзанқол шалбар сатып алғанымыз да есімде», – деп те еске алады. Өмір оған ненің де қадірін білуді бала күнінен үйреткен.
Махмұттың мемлекетшілдігінің бастау-бұлағында ел тіршілігімен ерте тыныстағаны да жатқандай. ҚазПИ-дегі оқу кезінде бірінші курстан-ақ комсомолдың жұмысына белсене атсалысып, жиын-жиналыстарда жиі сөйлей жүріп, факультет комсомол бюросының мүшесі, ұйым хатшысының орынбасары болғаны бір басқа, сол тұста институт өмірінің шырқын бұзып, төменгі курс студенттеріне әлімжеттік жасайтын бұзақы топты тәртіпке шақыруға қозғау салғаны, ақыры олардың кейбірін оқудан шығару туралы ректор бұйрығына қол жеткізгені, бір жылдан кейін тікелей өзі араласып жүріп, жаңағы жігіттерді институтқа қайта алғызғаны, содан беделі бөлекше биіктеп, төртінші курстың басында институт комсомол комитеті хатшысының орынбасарлығына сайланып, жоғары курстарда әрі жалақы, әрі арнаулы стипендия алғаны бөлек бір хикая. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» дегендей, қазақша да, орысша да суырыла сөйлеп тұрған сұңғақ бойлы, аққұба жігіт кімге ұнамасын, оған сонау жер түбіндегі Зайсаннан келген курстасы Зәурештің көңілі қалай құламасын, ақыры бұлар үшінші курсты бітіретін 1973 жылдың жазында тағдыр тоғыстырып, үйлену тойын жасаған. Ана бір жылы, Зәуреш екеуінің отасқандарына 35 жыл болғанда біздің Махаңның бұрын көрсете қоймайтын өнерін шығарып, жан жарына арнаған өлеңдерін оқып, жиналған жұртты риза еткені бар. Махмұттың жырларына әдемі әндер де жазылған. Қос тілде қатар көсілетін қаламгердің бірнеше кітабы жарық көрген. Ішінде ғылыми монографиясы да, саяси публицистикасы да бар.
Мемлекетшілдік ұғымын тек тәуелсіз Қазақстан тағдырымен байланыстыру – біржақтылық. Жұмысын жақсы істеген, балаларын жақсы тәрбиелеген әрбір адам – мемлекетіне қызмет еткен адам. Әрине, тәуелсіздік таңы атқалы бергі мемлекетшілдіктің, егемен ел болу жолындағы жұмыстың жөні басқа. Әйтсе де, кешегі қоғамда да елдің ертеңін қамдаған ерге, адалдықты ту еткен адамға, жұртқа жақсылық жасауға ұмтылған жанға мемлекет мүддесіне еңбек етудің жолы жеткілікті болатын. Махмұт Қазақ педагогика институтынан студенттердің құрылыс отрядтарын жасақтаса да, механикаландырылған отрядтар ұйымдастырып, оларды Торғай даласына аттандырып жатса да, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы ретінде жас ғалымдар еңбектерінің жарық көруіне, олардың өз өнертабыстарына патент алуына көмектессе де, Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметінде жастардан шұғыл жасақтар құрғызып, олар түннің бір уағына дейін қоғамдық орындардағы, көшелердегі тыныштықты сақтауға қолғабыс тигізсе де, Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшылығында жүргенде ауылда қалып, еңбек еткен жастардың кейін жоғары оқу орындарына белгілі бір жеңілдікпен түсуін көздейтін қаулының қабылдануына қозғау салса да, комсомолдың Орталық комитетінде насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылғанында талантты жастардың көзге түсуіне көмектессе де, қысқасы, қандай жұмыс атқарса да, айналып келгенде, мемлекеттің мүддесіне қызмет ететін.
Махмұт Қасымбековті қызмет жолы өмірдің небір өткелектерінен өткізді. Талай-талай ситуацияларға салып сынады. Жалпы бөлім деген – жан-жағынан жел үрлеп тұратын жер. Талай тағдырлардың тоғысатын тұсы. Талай пікірлердің соғысатын тұсы. Соның бәрі мылтықсыз майдан түрінде, үн-түнсіз, қағаз бетінде жүріп жатады. Махмұт айтқан әңгімелердің біреуін келтіре кетейін. Колбиннің тұсында Қонаевты жерден алып, жерге салған көп хаттың бірін жазған біреу онысымен қоймай, бірінші хатшының қабылдау бөлмесіне телефон шалып, сондай сипатта хат жолдағанын басшыға жеткізуді сұрапты. Басшы әлгі хатты тез өзіне беруді бұйырады. «Таңертеңгі поштамен келген ол хатты мен көргенмін. Жаңағы қандасымыздың заманға күйлеген намыссыздығына іштей қаным қайнаса да, тәртіп бойынша тіркеуге өткізгенмін», – дейді Махмұт. «Сол екі арада жоғарыдан пәрмен келіп, әлгі хатты бөлім меңгерушіміз іздете қалды. Әбігерге түстік. Хат секторындағы қызметкерлер әбден қарап-қарап, ондай фамилиямен тіркелген хат жоқ дегенді айтты. Енді қайттік? Көргенім, оқығаным анық. Тіркеуге бергенім анық. Қабылдау бөлмесінен қайта-қайта хабарласып, дігерлеп барады. Кінәлі адам мен болуға айналдым. Бір кезде машбюрода жұмыс істейтін Ольга Николаевна Бондарева деген кісі бөлмеме кірді. «Ол хат менде еді...» деп қолыма құжатты ұстатты». Сонда не болған дейсіз ғой? Сөйтсе, жаңағы машинистка әйел Қонаевты қаралап жазған хатты тіркемеуге, тіпті реті келсе, жойып жіберуге ниет етіп отыр екен. Димаш Ахметұлының қарамағында көп жыл жұмыс істеген қарапайым адамның қолынан келген көмегін көрсетпек болғаны... Махмұт осыны толқи отырып әңгімелейді. Мұндай жағдайлар көп.
Әрине, Махмұттың адам ретінде де, азамат ретінде де, қызметкер ретінде де, қайраткер ретінде де қайнап-пісіп, қатты шыңдалуына қылшылдаған қырықтың қырқасына жаңа жеткен шағында, ел тарихының аса бір жауапты белесінде Президент Әкімшілігінде қызмет атқаруға кірісуінің мәні бөлекше болды. Оның мемлекетшілдігі де тәуелсіздік тұсында тыңнан түледі, жаңаша жарқырады. Махмұт Қасымбековтің мемлекет басшысының жанындағы жұмысы егемендіктің елең-алаң шағында-ақ басталған еді. Дәлірек айтсақ, ол аппаратта 1990 жылғы 24 сәуірден – елімізде президенттік басқару институты енгізілген күннен, яғни 29 жыл бойы жұмыс істеп келді. 2019 жылдан бері Тұңғыш Президент Кеңсесінің басшысы қызметінде.
Президент Әкімшілігінің алғашқы басшысы Нұртай Әбіқаевтың ұйымдастыруымен, тапсыруымен, қадағалауымен тәуелсіздіктің бастапқы белесінде аппарат қызметкерлері, ең алдымен Махмұт Қасымбеков басқарған Жалпы бөлім атқарған жұмыс – елдік тарихымыздың елеулі беттерінің бірі. Осының алдында Орталық комитет аппаратында бес жыл жұмыс істеген Махмұттың өзі Президент аппаратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанын айтады. «Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен ғана отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы елді дербес мемлекет болуға дайындай бастады», дейді ол.
Қазақы ортада өсіп, қазақша мектеп бітірген, одан кейін талай жыл бойы комсомолдың, партияның басшылық мектебінен өте жүріп, орысшаға да әбден ысылған Махмұттың екі тілге бірдейлігі де тіліміздің тәуелсіздік табалдырығында тұғжыңдап қалмауына көп көмектесті. Сол тұста ең негізгі ұғым-терминдердің өзі қайтадан аударылған болатын. Мысалы, «указ» соған дейін «үкім» күйінде алынып келген. Былайша қарағанда оның «жарлық» делінбейтіндей түгі жоқ сияқты. Бірақ олай етуге рұқсат жоқ. Неге десеңіз, жарлық бір жерден – Мәскеуден ғана шығуға тиіс... Сонымен, «указ» «жарлық» күйінде алынды да, «үкім» сот шешіміне қатысты айтылатын болып шешілді. «Распоряжение» баламасына «өкім» сөзі алынды. Ал «светское государство» сияқты тың, күрделі ұғымдарды «зайырлы мемлекет» деп қабылдау жөніндегі ұсыныстарды Махмұт Базарқұлұлының кабинетіне кәсіпқой аудармашыларды арнайы жинап тұрып, ақылдасып барып жасағаны есімде. Аударма демекші, барлығы орыс тілінде әзірленетін бума-бума құжаттарды қазақшаға жедел аударып отырудың қандайлық қиындыққа түскенін айтудың өзі артық. Әсіресе, Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратқан 1995 жылы Президент бар жауапкершілікті өзіне алып, бір жылда заң күші бар 139 жарлыққа қол қойғандағы қарбалас күндер мен түндер ерекше есте. «Бұл қиындықтан біз мамандарымыздың тәжірибелілігі мен біліктілігінің және уақытпен санаспай жұмыс істеуінің арқасында ғана абыроймен шығып отырдық. Қызметкерлеріміздің бір күнде 150-200 беттей заң мәтіндерін аударған кездері де болды», дейді ол. Ал Президенттің күнбе-күнгі жұмысын ұйымдастыруға көмектесу, жұмыс кестесін түзу, қабылдауға сұранған адамдарды елеп-екшеу, тиісті ақпараттар алдырту, оларды жинақтау, дер кезінде жеткізу, түрліше жиын-жиналыстарды дайындау, ағыл-тегіл келіп жататын поштамен жұмыс істеу сияқты бітпейтін де қоймайтын қат-қабат шаруаның бәрін сырт-сырт соққан сағат тіліндей мүлтіксіз жүргізу өз алдына бөлек әңгіме. Қасымбековтің қадалған жерден қан алар бюрократтығының, сыннан өткен саясаткерге тән сақтығының пайдасы да сондайда тиеді. Пайдасы тиеді демекші, «Егемен Қазақстанның» басшылығында болған он алты жылдың ішінде Махмұттың талай көмегін көргенімді тойының тұсында атап айтуды парыз санаймын. Тұңғыш Президентпен 2011-2015 жылдар аралығында әр тоқсан сайын дерлік жүздесіп жүріп, көлемді сұхбат кітабын дайындап шыққанымызда Махмұттың қатты қолғабыс жасағаны, акционерлік қоғамның жеті қабаттық дербес ғимаратын, екі көппәтерлі үйді, екі жатақхананы тұрғызатында, сөйтіп қызметкерлерді түгелдей үйлі-жайлы ете алған тұста тиісті қағаздарымызды мемлекет басшысының алдына жеткізіп, тапсырмасының ойдағыдай орындалуын қадағалап отырғаны ешқашан ұмытылмайды.
М.Қасымбеков ата-бабаларымыздың көшпелі өмір сүргені, қағазға жазылған құжаттар көп сақталмағаны, мұның өзі елдің тарихын жазуға қиындық келтіретіндігі жайында көп ойланған, көп толғанған, сондықтан да өз билігіміз өз қолымызға тигенде мемлекеттілігіміздің деректі жазбаша тарихын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін егемендіктің елең-алаңында-ақ анық сезінген. Солай болғандықтан да ол еліміздегі президент институтының қаз басуы, қалыптасуы, орнығуы жөнінде көптеген мақала жазды, бұл тақырыпта алдымен кандидаттық, одан кейін докторлық диссертация қорғады, Мемлекеттік басқару академиясында осы тақырыпта талай-талай дәріс оқып, профессор атағын алды. «Институт президентства как инструмент политической модернизации» атты ол монографиядан («Елорда», 2002) мемлекеттілігіміздің мығымдануындағы басты-басты белестер жөнінде ордалы ойларды, байыпты ғылыми тұжырымдарды молынан табасыз. Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітабының алғысөзінде Махмұт былай жазған еді: «Кітапқа менің әр жылдарда жазған очерктерім топтастырылып отыр. Олардың бірқатары орталық газеттердің беттерінде жарияланған. Мен онда Президент өміріндегі өзім куә болған, әрі ең маңызды, ең елеулі-ау деп санаған жайттарды қысқаша баяндап беруге тырыстым. Алайда болмысты өз бетіңше баяндаудың өзі, қалай дегенмен де, нақты зерделеушінің жүрек сүзгісінен, құндылықтар өлшемінің призмасынан өткізілген таным-түсінік екені сөзсіз. Сол себепті кітап парақтарында автордың өз көзқарастары мен пейілін аңғартпау мүмкін болмай қалады екен. Ондай субъективизмнен менің де бой тарта алмағанымды мойындаймын. Бірақ өз кітабымды алғашқы парақтан соңғы параққа дейін адал жазуға талпынғаныма сіздерді сендіргім келеді». Шынайы сөз. Қай қаламгердің де толық объективтілікке қол жеткізуі мүмкін емес. Ақиқат бел ортада жатады. Кешегі кеңестік кезеңдегі кеткен басшыны шетінен қаралай беретін көркеуделік бәріне кең қарайтын қазақ ұлтына, даланың дана жұртына көшпеуі керек. Назарбаев билік құрған кезең – тарих еншісі. Бәрінен бұрын болашаққа көз тігу маңызды. Ең бастысы – Назарбаевтың жетістіктерінен тағылым алу, кемшіліктерінен сабақ алу.
Махмұт Қасымбековтің жылдар бойы мемлекет басшысының жанында жүруі, қызмет бабына байланысты алдында жиі болуы, жұмысына қатысты құжаттардың барлығының дерлік жай-жапсарынан жақсы хабардарлығы оған шын мәнінде Тұңғыш Президент қызметінің шежіресі арқылы тәуелсіз мемлекеттілігіміздің шежіресін түзіп шығуға мүмкіндік берді. Махмұт Қасымбеков бұл жөніндегі ойларын, пайымдарын, толғаныстарын ұдайы қағазға түсіріп, жүйелеп жазып келді. Алдымен «Егемен Қазақстанда» жарияланып жүрген тартымды тараулар кейіннен қалың кітапты құрады. Бірнеше шет тіліне аударылған кітаптың Бейжіңдегі, Анкарадағы, Ыстамбұлдағы, Абу-Дабидегі, Дубайдағы тұсаукесерлеріне қатысқанымыз бар. Бәрінде де сөйлегенбіз. Тарих ғылымдарының докторы, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара сол оқиға жайында жазған мақаласында біздің сөзімізді былайша жеткізіпті: «Кітап авторы – егемендіктің елең-алаң шағынан бері келе жатқан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер. Ең бастысы – мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Махмұт Базарқұлұлымен осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын партияның Орталық комитетінің аппаратында қатар жұмыс бастаған, содан бері қанаттас келе жатқан адам, дос ретінде мен мұны сеніммен айта аламын».
Сол сөзімізді Махмұттың мерейтойы тұсында да қуаттаймыз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты