• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Тамыз, 2022

Арнайы аймақта зауыт ашылды

171 рет
көрсетілді

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жылына 30 мың тонна реагент пен мұнай-химия қоспаларын өндіретін жаңа зауыттың тұсауы кесілді. Кәсіпорын еліміздің мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші зауыттарын өз өнімімен толық қамтамасыз етпек. Болашақта ТМД, Еуропалық одақ, Таяу Шығыс және АҚШ елдерімен байланыс орнатуды көздейтін өндіріс орны осылайша алғашқы кезеңін бастап кетті.

Мұнай саласында жаңа құрылған зауыт негізі 3 кезеңді бастан өткермек. Оның біріншісі – реагенттер мен түрлі қоспа шығару. Одан соң жылдың соңына қарай өнім түрлерін көбейтіп, жаңа қондырғылар қойылады. Ал келер жылы толық қуат­ты­лыққа шығады деп жоспарланған.

«Қазмұнайхим» ЖШС-на тиесілі өндіріс орны Қазақстанда мұнай-химия өнімдерін толық циклмен өндіретін алғашқы зауыт ретінде танылып отыр. Қоспалар дизельді отындар шығару кезінде және шағын көлемде өндірілетін химиялық заттардың өндірісінде қолданылады. Жылына 30 мың тонна реагент пен мұнай-химия қоспаларын шығарып, онымен еліміздің мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындарын толық қамтамасыз етпек. Одан артылған өнімді экспортқа бағыттау көзделген.

– Өңіріміздегі жүзеге асырылып жатқан тех­нологиялық үдеріс заманауи әлемдік эконо­ми­ка жағдайында жылдам ше­шім қабылдауға мүмкіндік бере­ді. Зауыт өнімдері нарықтың сұра­­нысына то­лықтай сай. Жаңа өн­ді­ріс орны мемлекет, бизнес және ғылымның өзара әрекет­тестігін іс жү­зінде дәлелдеп отыр. Осын­дай жобаларды жүзеге асыру арқылы өндіріс саласында терең зерт­теулер жүргізуге болатынын байқадық, – деді Павлодар облы­сының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Атап өтерлігі, бұл – отандық кәсіпкерлермен мұнай-химия саласында толық циклда іске асырылып жатқан алғашқы жоба. Оның ғылыми ойдың көмегімен іске асырылып жатқандығы да қуантады. Жергілікті өндіріс мамандары бұл биз­нес пен ғылымның өзара бір­­ле­суінің жарқын үлгісі деп баға­лайды.

Жобаға тартылған инвестиция­лар­дың жалпы сомасы 2,5 млрд тең­гені құраған. Қазіргі кездің өзін­де мұнда 30 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын дирек­торы Ален Кенжебаевтың айтуын­ша, ағымдағы жылдың соңына таман жоғары температуралы синтез қондырғысының құрылысы жос­парлануда.

«Өндіріс орнындағы құрал-жабдықтар техно­логиялық регламенттерге сай орнатылған. Елі­міздегі Экологиялық кодекс та­лаптарын негізге ала отырып, келе­шекте кәсіпорындағы өндіріс эко­логиялық бақылауда болады. Жалпы, нысан тұрғызылмай тұрып, көпшілік тыңдаулар өткі­зіліп, зауыт­тың қоршаған орта мен адамдар өміріне қаупі бар-жоқ­ты­ғына қатысты мемлекеттік эколо­гиялық сарап­тама жүргізілген. Барлық зерт­теулердің нәтижесі оң шық­ты. Төрт скважина қазып, жер-асты суларын қадағалауға алдық. Технологиялық процесіміз қор­ша­ған­ ортаға еш зиянын тигізбейді деп се­німмен айта аламыз», деді ол.

Зауыт басшысы, сондай-ақ Павлодар облысының мұнай-хи­мия саласы бойынша елімізде көш бастап келе жатқан аймақтардың бірі екенін атап өтті.

Өндіріс орны жергілікті Торайғыров универ­ситетімен ке­лісімшартқа отырып, білім беру меке­месінің жетекші ға­лым­дары­мен бірлесе жұмыс істеуді мақсат тұтып отыр. Себебі бүгінгі таңда кәсіп­орындағы жұмысшылардың денін жастар құрай­ды. Мұнда жас мамандарды оқыту ісіне ерекше көңіл бө­лінбек.

«Павлодар» арнайы экономи­ка­лық аймағында көптеген кәсіп­орын­дардың жұмысы жанданып келе жатқанын айту керек. Аумақта барлығы 18 өндіріс орны қызмет етіп тұр. Бұл жерде зауыттардан шығатын өндірістік қал­дықтар мен сарқынды суларды тазарту үшін кәріздік тазарту жүйесі салынуда. Қазіргі күні ны­санның негізгі корпус ғимараты са­лынып, биологиялық резервуар жабдықтарын орнату бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

журналист

 

Павлодар облысы