Айналайын, Жетісу! Табиғатыңды қалай мақтасақ та Тәңірдің мерейі өн бойына құйылып түскендей жараса кетеді. Анау Алакөл, мынау Балқаш көлі, таулы аңғарлар, қызылды-жасылды желектер, тарихи нысандар – бәрі-бәрі жанға сая, көңілге мерей. Жаз басталса жапатармағай көлге асығатын халықтың әу бастағы ойы – жұрт тамсанған туризм саласы. Бұл ретте өңірдің өрісі кең, айдарынан жел есіп тұр. Оның үстіне жылдан-жылға түрленіп те келеді. Бүгінгі біздің әңгімеміз осы жайында.
Болашағы зор Балқаш көлі
Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымы және тау туризмін дамыту жүйелі түрде қолға алынбақ. Тополевка ауылынан Жалаңаш кордонына дейінгі жол жөнделген жағдайда 4 ұзақмерзімді жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде тау туризмін дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Турбазаға арналған үш жоспар бар. Бірінші жоба – Үлкен Басқан шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 120 млн теңге. Екіншісі – Жалаңаш шатқалында, инвестор «AQPANASSETS» ЖШС, инвестиция көлемі – 350 млн теңге. Үшінші жоба – Шолақ-жота шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі – 100 млн. теңге. Ал төртінші жоба бойынша 50 млн теңге құрайтын инвестицияға этноауыл ашылады.
Балқаш көлі жағалауында ұзындығы 16,3 шақырым, жалпы ауданы 860 гектар жер учаскесіне 7 демалыс аймағын салу қарастырылған. Қазіргі уақытта инженерлік коммуникациялар желісіне арналған жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жағалауға электр, ауыз су, кәріз желісі тартылмаған. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Жобаның құны 4,9 млрд теңгені құрайды.
Аталған жоба іске асса, инвесторлар демалыс орындарын, қонақүй салуға дайын. Нәтижесінде, отбасылық демалыс нысандары, емдеу-сауықтыру кешендері ашылады. Ерекше және VIP демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетпек. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін, 13 млрд теңгеге инвестиция тарту және 7 мың адамға жаңа маусымдық жұмыс орындарын ашу жоспарда бар.
Балқаш көлінің жағалауында қазіргі уақытта 18 демалыс аймағы жұмыс істейді. Әйтсе де әттеген-ай дейтін жері де жоқ емес. Өкінішке қарай, көл жағасында спорттық-бұқаралық ойындар өткізуге арналған спорттық алаң салынбаған. Сонда да жыл сайын шомылу маусымы ашылғанда жағажай футболы мен волейболдан жарыс өтіп тұрады.
Биылғы шомылу маусымының ашылуына жағажай волейболы, арқан тарту, гір көтеру және армреслинг бойынша сайыстар өткізу жоспарланған. Одан бөлек бұл жақта жол мәселесі де әлі өзекті. Айталық, 2017-2020 жылдары бюджеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржы шығынданып, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының тек 35 шақырымы ғана жасалған. Бас мердігер «Жол» ЖШС тақтайдай жол төсеп, жобаны сапалы атқарып шықты.
Былтыр «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35-110 шақырым аралығы қайта есептеліп, жол құрылысы 1 3693,555 млн теңгені құрады. 2023 жылға дейін толық аяқтау «Жол» ЖШС-не тапсырылған. Сондай-ақ Лепсіден көл жағалауына дейінгі 27 шақырым жолға 2 955,334 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысы бас мердігер «Казс-тройцентр» ЖШС-нің еншісіне тиіпті. Олар жобаны келесі жылдың шомылу маусымына дейін аяқтайтынына сенімді.
Қазір аталған аумақтарда топырақтың өсімдік қабатын алу, айналма жолды жайластыру, жер қазу, құбырлы және тюбенді өткелдердің құрылысы, тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен көлге шомылуға баратын жүргіншілер 2017 жылдан бері жыл сайын сағызша созылып келе жатқан жол құрылысына наразы. Осы жағдай биыл да қайталанғалы тұр. Сондықтан Балқаш көліне келетін демалушылардың қатарын көбейту үшін автожолды тездетіп жөндеген жөн.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір демалушылардың талғамы жоғары. Неге десеңіз, шетелдің жанға жайлы, демалысқа қолайлы жерлеріне жиі баратындар елдегі демалыс айлақтарынан да сондай жағдайды талап етеді. Бұл ретте Сарқан ауданындағы туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап «Балқаш туристік-рекреациялық аймағын» жоспарлау жобасы қолға алынды.
Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың және бас жоспардың оң қорытындысымен 860 гектар аумақты құрайтын бас жоспардың 560 гектарының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Оның жобасын «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС 23 320 мың теңгеге орындапты. Бас жоспар Сарқан аудандық мәслихатымен 2013 жылғы 17 сәуірдегі №16-87 қаулысымен бекітілді. Бас жоспарда балық аулау және аңшылық демалыс аймағы, жастар аймағы, климат, су және балшықпен емдеу аймағы, қыс мезгіліндегі демалыс аймағы, балалар демалыс аймағы, отбасылық демалыс аймағы, элиталық демалыс аймағы мен бірнеше кешен қамтылған.
Есептік мерзімге жобаланған аумақтың жалпы сыйымдылығы шамамен 44,92 мың демалушыны және рекреациялық салада 7,5 мың адамды қамтиды. Олар жайлы демалып қайтуы үшін таза ауыз су желісі мен кәріз жүйесі тартылып, сорғы стансалары салынады. Электрмен толық қамтамасыз етіліп, көл жағасына жүргіншілер жүретін тротуар, оның бойына жарық шамдар орнатылмақ. Осы жұмыстар толық жүзеге асса, Балқаш көліне баратын демалушылардың қатары көбейе түспек.
Алакөлдің аяқ алысы жаман емес
Сөздің шыны керек, жетісулықтар үшін туризм саласы ең тиімді табыс көзі болып табылады һәм экономикалық негізгі салалардың бірі екені көпшілікке мәлім. Туризм жалпы ұлттық өнімнің артуына, қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сауда байланысы жандандуына үлкен ықпал етеді. Осы ретте Алакөл көлі туралы ауыз толтырып айтуға болады.
Биыл Алакөлге 1,5 миллион демалушы келіп, аудан экономикасына 9 млрд теңге қаржы түседі деп күтілуде. Дегенмен үйге келген бір қонақты жолға салу үшін біраз дайындалатынымызды ескерсек, 1,5 миллион адамды лайықты қарсы алып, ризалықпен аттандыру үшін де көп еңбек керек. Алайда оған алакөлдіктер сақадай сай.
Бүгінде Алакөл демалыс аймағында күніне 23 566 туриске қызмет көрсететін 278 демалыс орны бар, оның ішінде 11 қонақүй, 3 сауықтыру лагері, 44 демалыс үйі және 64 демалыс орталығы, 1 аң аулау, 1 санаторий, 154 қонақүй бар. Бір реттік сыйымдылығы – 24 529 адам. Сонымен қатар, былтыр өз қаражаты есебінен 750 орынды 14 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде, демалушылардың саны 1 млн 407 мың адамға жетіп, 8 млрд 437 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Осыған қарап салыстырмалы түрде биыл алға қойған жоспардың орындалатынына күмәнсіз сенуге болады.
Сонымен қатар ағымдағы жылы 1,4 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліп, 97 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды. Осылайша, бүгінде Алакөл жағалауының тұрақты даму тенденциясы жалғасуда.
«Аудандағы туристік нысандарға талдау жүргізе отырып, туризмді дамыту бойынша іс шаралар жоспары әзірленіп, соған сай жұмыстар жүргізілуде. «Даму» АҚ қоры арқылы барлығы 2011-2022 жылдар аралығында 143 жоба 9 млрд 26 млн теңгеге іске асырылды. Оның ішінде БЖК-2025 бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде 123 жоба 8 млрд 734,4 млн теңгеге 506 жұмыс орны ашылып, 86 жұмыс орны сақталды. «Жетісу» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 20 жоба 350 млн теңгеге 134 жұмыс орнымен іске асырылды», дейді Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.
Оның айтуынша, көл жағалауында аталған бағдарламалар аясында 1,7 млрд теңгеге 28 туризм нысаны қолданысқа берілген. 2018 жылдан бері Ақши ауылында теміржол вокзалы жұмыс істейді. Көлдің жағасында 12 қоғамдық дәретхана мен қоқыс алаңдары орнатылған.
Демалушылардың судағы қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында Ақши ауылында Жетісу облысының төтенше жағдайлар жөніндегі құтқару қызметінің бригадасы құрылған, онда 13 адам жұмыс істейді. Одан бөлек ауылдық емхана, дәріхана және туристік полиция қызметі жанданған.
Тағы бір қуантарлық жайт, жақында Үшарал әуежайының ауқымы кеңеймек. Аталған әуежай күніне 400 адам қабылдауға қауқарлы. Алакөл көлі жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Былтыр жағалауда 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілген.
«Әуежай 2018 жылы ашылған. 2021 жылдан бастап ұшу жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Осы айда жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Тамыз айынан бастап өз жұмысын жандандырады», дейді әуежай басшысы Әшірбек Бақытжанов.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жағалауды қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Жобаның құны 6 млрд теңге, қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді.
Адамдар демалысқа жайлы жерді таңдайды. Сондықтан мұнымен тоқтап қалмай, Алакөлдің туристік әлеуетін жақсарту үшін әлі де алдыға ұмтылу қажет. Әсіресе, демалушыларды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді естен шығармау керек секілді. Осы мақсатта бүгінде құны 7,2 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 6,5 мың текше метр кәріз тазарту нысанының құрылысы басталған.
Келесі кезекте қонақтарды жиі толғандыратыны – автокөлік жолы. Жалпы, аудан аумағында республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 1 448,3 шақырым автокөлік жолы қолданыста. Бірнеше жылдан бері аудан аумағынан өтетін Алматы – Өскемен автокөлік жолының 466-615 шақырымы қайта салынуда. Бүгінде осы аумақтың 128 шақырымы пайдалануға берілгенімен, 21 шақырымында «Ситик констракшн» компаниясының 3, 4, 5 учаскесі қызу жұмыс жүргізуде. Өкінішке қарай, құрылыс материалдарының қымбаттауы, жаңғырту жұмысына әзірленген сметалық құжаттаманың қайта есептелуіне байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр. Жобаны аяқтау қазан айына жоспарланып отыр.
Одан бөлек Үшарал – Достық автокөлік жолының 0-60 шақырым аралығына асфальт төсеу жұмысының 90 пайызы орындалған. Үшарал – Достық бағытындағы 60-180 шақырым аралығындағы автожолдың 87 шақырымы ғана пайдалануға беріліп, қалған бөлігі тоқтап тұр. Демек жолдың нашарлығы туристердің қызығушылығын төмендетуі де мүмкін.
Осыған орай алакөлдіктер қара жолдың қиындығын көп көретін туристерді теміржол және әуе рейстері арқылы тасымалдауға да барынша назар аударуда. Осы мақсатта Алматы – Достық бағытында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның билет құны қолжетімді 12 «Тальго» вагоны қатынайды.
Көл жағалауында туристерге қолайлы жағдай жасау, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында волейбол, футбол жағажай спорт алаңдары мен 10 гектарды құрайтын «Тәуелсіздік» саябағы салынып, туристерге қызмет етпек. Сондай-ақ спорттық шаралар арқылы туристердің назарын аудару үшін триатлоннан республикалық чемпионат, «Алакөл – 2022» жазғы спартакиадасы, жағажай волейболы, футбол, бильярд турнирі, республикалық «Алакөл алаулары» жайдарман ойындары, «Alakol Open» блогерлер мен журналистер слеті өткен. Бұл игі істер өз нәтижесін беріп жатыр.
Осындай шаралар Жетісу өңірінің туристік әлеуетін жақсартып, қызмет көрсету сапасын арттыра түспек. Табиғатымен талайды таңдай қақтырған жер жәннатының бір ұтар тұсы да осы. Еуропаға уыстап ақша шашқанша ішкі туризмді дамытуға атсалысыңыз, құрметті оқырман!
Жетісу облысы