«Көкшетау» мәдениет сарайында өткізілген агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесі әдеттегідей ауылшаруашылық техникаларының көрмесімен басталды.
Диқандардың басты жиналысына аудандардың, Көкшетау және Степногор қалаларының әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, астық компанияларының, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жанар-жағармаймен жабдықтау операторлары, ауыл шаруашылығы техникаларын және өсімдік қорғау құралдарын сатумен айналысатын дилерлік компаниялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Еліміздегі астықты өңірдің бірі болып саналатын Ақмола облысы үшін көктемгі егіс науқаны – аса жауапты сын болып табылады, – деді Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов кіріспе сөзінде. – Сондықтан, бізде жыл сайын осындай деңгейде кездесіп, алда тұрған маңызды міндеттерге қатысты мәселелерді кеңінен талқылап алу дәстүрі қалыптасқан. Осы қарбалас шақта материалдық ресурстарды, ауыл шаруашылығы техникаларын, жанар-жағармайды, тұқым мен тыңайтқыштар қорын шоғырландырып, көктемгі егіс жұмыстарын қысқа мерзімде өткізу айрықша маңызды. Биылғы жылы облыстың агроөнеркәсіп кешені алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмалары мен 2020 жылға дейін саланы дамытудың стратегиялық жоспарынан туындайтын үлкен әрі жауапты міндеттер тұр.
Биыл диқандар назары егіншілік шаруашылығын әртараптандыруға және дақылдарды өсірудің қазіргі заманғы технологиясына көшу жолымен саланың кірісін одан әрі арттыруға бағытталатын болады. Бұл өз кезегінде етті мал шаруашылығын дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қиындығына қарамастан, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 5 миллион тоннаға жуық астық жинап алды. Бұл Қазақстанда өндірілген астық көлемінің бестен бір бөлігін құрайды. Сондықтан, биыл барлық шаралар жерді тиімді өңдеуге, оңтайлы стратегия мен егіс жұмыстарын өткізу әдістеріне негізделетіні белгілі.
2014 жыл – біз үшін ерекше жыл. Биыл Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдық мерекесі аталып өтеді. Осынау үлкен мерекенің республикалық деңгейдегі кеңесін тың тірегі болып табылатын Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында өткізу көзделіп отыр. Бұл баршамызға зор жауапкершілік жүктейтін міндет.
Бұдан кейін кеңеске жиналғандар облыс әкімінің бірінші орынбасары Рәшит Әкімовтің «2014 жылдың көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы және оны ұйымшылдықпен әрі сапалы өткізу жөнінде алда тұрған міндеттер туралы» баяндамасын тыңдады.
– Агроөнеркәсіп кешені Ақмола облысы экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады, – деді баяндамашы өз сөзінің басында.
– Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында елімізді 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы айқындалды. Ішкі жалпы өнімінің биылғы жылғы өсімін 7 пайыздан кем етпеу керек. Сондай-ақ, инвестиция көлемін 18 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайту, ал 2050 жылға қарай еңбек өнімділігін бес есе арттыру қажет деген міндет қойылып отыр. Осы орайда, агроөнеркәсіп кешеніне жүктелетін салмақ күшейе түспек.
Соңғы жылдары облыс бойынша мал шаруашылығы мен өнім өңдеуді дамытуды ынталандыратын басымдық дақылдар алқаптарын әртараптандыру жұмысы жанданды. Егістік құрылымын оңтайландыру аясында, облыс бойынша 2013 жылғы деңгейден дәнді және бұршақты дақылдардың 45 мың гектарын, басымдық дақылдар алқабын ұлғайту есебінен бидайдың 69 мың гектарын қысқарту көзделген. Майлы дақылдар алқабы 279 мың гектарды құрайды. Бұл 2013 жылғы деңгейден 27 мың гектарға артық. Майлы дақылдар зығыр егуді 49 мың гектарға арттыру есебінен ұлғайтылады. Жарқайың, Аршалы, Астрахан, Сандықтау және Целиноград аудандарында кейбір майлы дақылдар алқабы қысқартылмақшы. Азықтық дақылдар (өткен жылдарғы көп жылдық шөпті есептегенде) 531 мың гектар жерге орналастырылады. Бұл былтырғы жылғы деңгейден 54 мың гектарға көп. Дегенмен, Аршалы және Целиноград аудандарында бір және көп жылдық шөп егу азайтылмақшы. Сондай-ақ, Целиноград пен Астрахан аудандарында сүрлемдік күнбағыс себуді қысқарту көзделуде. Мұның барлығы саланың тиімділігін арттыруды көздейді. Картоп отырғызу алқабы 18,4 мың гектарды, көкөніс – 4,4 гектарды құрайды. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен сәйкесінше 98 және 90 гектарға артық.
Биылғы жылы майлы дақылдар 7 мың теңгеге дейін, азықтық дақылдар 6 мың теңгеге дейін, көкөніс 30 мың теңгеге дейін, жабық жердегі көкөніс 2,5 миллион теңгеге дейін субсидияланатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ, облыста тамшылатып суарылатын картоп пен бау-бақшадағы көкөністі субсидиялауға 75 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда диқандар алдында топырақтағы ылғалды мол сақтау, барлық агротехникалық шараларды қысқа мерзімде атқару міндеті тұр. Биылғы жылы 3,2 миллион гектар алқапқа ылғал ресурстарын сақтайтын технология қолданылмақшы. Озық шаруашылықтардың тәжірибесі осы технологияның оң нәтижесі мен жоғары тиімділігін дәлелдейді. Облыста қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникамен машина-трактор паркін жаңарту бойынша бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, жыл басынан бері 56 трактор, 30 егіс кешені сатып алынды. Жалпы егіс науқанына 29 мың арнайы техника қатысады. Дәнді және бұршақты дақылдарды себуді 20 жұмыс күнінің ішінде өткізу көзделіп отыр. Биылғы жылы егіншілік саласын субсидиялауға 9,6 миллиард теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен 379 миллион 300 мың теңге бөлінді, – деді алдағы дала жұмыстарының мән-маңызына жете тоқталып өткен баяндамашы.
Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы өз сөзінде облыс бойынша көктемгі егіске дайындық ойдағыдай екенін, қажетті тұқым мен жанар-жағармай қоры жасалғанын, ауыл шаруашылығы техникаларының жөнделгенін атап өтті. Сондай-ақ, ол көктемгі дала жұмыстарын уақытында өткізудің маңыздылығына екпін түсіріп, облыс әкімінің бірінші орынбасарына, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары мен өңір әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.
Суретті түсірген Төлеген Қосшығұлов.