• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2014

Халықаралық ауқымдағы жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатыр

414 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының жыл сайын өтетін кезекті отырысы ұйымдас­­­ты­рылды. Аталған шара Ұлттық комиссияның жаңа­дан тағайындалған төрағасы – Мәдениет минис­трі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен өтті. Жиында алғашқы баяндаманы жасаған ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюро­­сының директоры Сергей Лаза­рев былтыр Астанада өткі­зілген «Мыңжылдық даму мақсат­тары­­­­ның» мәселелері талқыланған ай­мақаралық форумның білім саласын жетілдіруге және 2015 жыл­дан кейінгі даму стра­­­те­­гиясын жасауға арналғанын атап өтті. Еліміздің ЮНЕСКО мен­ ИСЕСКО ұйымдастыратын ғы­лыми жобалардың және білім беру курстарының, сондай-ақ, халықаралық стипендиялардың тұрақты қатысушысы екенін мәлімдеді. Соның ішінде өткен жылы республика Білім және ғы­лым министрлігінің ЮНЕСКО-ның «Барлығы үшін білім» және «Тұ­рақты даму үшін білім» бағ­­­­дар­­ла­маларына қатысқанын баяндады. «Материалдық мәдени ес­керткіштерді қорғау бойынша өткен жылдың басында Қазақстан Қытай және Қырғызстанмен бірлесіп «Жібек жолы: бастапқы бөлік және Тянь-Шань дәлізінің жол желісі» атты жоба дайындаған болатын. Жобаның бірінші кезеңінде Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі сегіз нысан, атап айтқанда, Алматы облысындағы Талғар, Қаялық, Қарамерген ескі қалалары мен Жамбыл облысында орналасқан Ақтөбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе, Ақыртас ежелгі қалалары ұсынылды. Былтыр ақпан айында аталған жоба ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына табысталды», деді Сергей Лазарев. Ол сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы бойын­ша ұлттық комитетімен бірге жасалған жұмыстың нәти­жесінде 2013 жылы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар дүниежүзілік желісіне енгізіл­­генін және осы комитетпен Катон-қарағай ұлттық саябағына био­сфералық резерват мәртебесін алу туралы және алдағы уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара бойындағы аймақтарында «Ал­­­­тай» трансшекаралық био­сфе­­­р­а­лық резерватын құру жайлы мә­селе талқыланып жатқанын айтты. Мәдениет министрінің орын­басары Асқар Бөрібаев ұлттық комиссияның мәдениет саласы бойынша өткен жылғы жұмысын қорытындылай отырып, екі нысанға ерекше тоқталды. Оның бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де, екіншісі Тамғалы петроглифі. Өткен жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласында «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объек­ті­сі – Қожа Ахмет Ясауи кесе­­­не­сінің сақталу жағдайы» тақы­рыбында дөңгелек үстел өткізілген. Шараның мақсаты – Камбоджаның Пномпень қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 37-сессиясында қабылданған шешімді қарастыру болған. Аталмыш комитет кесененің сақталу жағдайы туралы, буфер­лік зона мен оның сырт жағында жүргізіліп, жоспарланып жатқан құрылыс жұмыстары жөнінде есеп беру және 2014 жылдың 1 ақпанына дейін менеджмент жоспар ұсыну туралы шешім шығарған екен. Министрдің орынбасары көрсетілген құжат­­­тардың барлығы Бүкіләлемдік мұра орталығына табысталғанын атап өтті. Оған қоса теңдессіз жәдігер саналатын Тамғалы петроглифтерін әлемге таныту, сақтау бойынша менеджмент жоспар жасалып, оған қоса биыл Алматы облысы әкімдігі Тамғалыға алып баратын «Сұңқар –Топар – Күйген» автожолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырғанын баяндады. Атап өтейік, жиынға Ұлттық комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».