Жолда опат болғандар саны азаяр емес. Иә, осыдан біршама уақыт бұрын Күйік асуына жақын маңда 15 автокөліктің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам зардап шексе, бір азамат бақиға аттанып кете барған. Ал шілде айында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында болған жол апаты кезінде үш адам өмірмен қош айтысса, тағы үш азамат аурухана төсегіне таңылған еді.
Бар болғаны алты айдың бедерінде 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Облыстық полиция департаменті келтірген деректерге зер салсақ, жол-көлік оқиғасы салдарынан 128 адам өмірмен қош айтысса, 1 100-ден астам өңір тұрғыны әртүрлі жарақат алыпты. Бұл көлік жүргізушілерінің жол ережесін жиі бұзатынын айқындай түссе керек.
Құзырлы орган қызметкерлері сан түрлі түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғаларының сирейтін түрі жоқ. Қайта өршіп барады. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстыра қарасақ, жол-көлік оқиғаларының саны Қордай, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Жуалы, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында айтарлықтай өскен.
Деректерге зер салсақ, көп жағдайда көлік жүргізушілері кінәлі болып шығады. Мамандардың айтуынша, оқиғалардың 99 пайызына жүргізушілер айыпты екен. Олар көбінесе жылдамдықты шамадан тыс арттырады, жол қиылыстарында ереже бұзады. Одан бөлек өзара ара қашықтықты сақтауға келгенде де бейқамдық танытатындар аз емес. Ал автокөлікті мас күйінде жүргізетіндердің қарасы тіпті көп. Рульге мас күйінде жармасатындардың кесірінен зардап шеккендердің де қатары арта түскен.
Тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің нәтижесінде көлікті мас күйінде жүргізген азаматтар лайық жазаларын алып жатыр. Облыстық полиция департаменті келтірген деректерге сүйенсек, бүгінге дейін ішімдік ішіп көлік жүргізген 396 азамат анықталған. Олар 15 тәулікке қамалған, сондай-ақ 7 жыл бойы көлікті басқару құқығынан айырылған. Жарты жылдың бедерінде 400-ге жетеғабыл азаматтың құқық бұзушылық жасағаны ойландырмай қоймайды. Ол аз десеңіз, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен 112 жүргізуші 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан шектелген екен.
Өкінішке қарай, қателіктен сабақ алып, қорытынды шығаратындар баршылық болғанымен, 16 азамат көлікті мас күйінде қайтадан қаймықпай басқарған. Заңға бағынбаған әлгіндей азаматтар тиісті деңгейде қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Нақтырақ айтар болсақ, жол-көлік оқиғалары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпке бас имеу салдарынан артып отырғаны рас. Өз тарапымыздан қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы және қала сыртындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қызмет ететін полиция жасақтарының кестесін қайта қарап, бүгінде батальон басшы құрамдарының есебінен автопатрульдердің қатарын көбейттік. Жалпы алғанда, жыл басынан бергі тексеріс кезінде шетелдерде есепте тұрған жалған куәлігі бар 22 көлік анықталды. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, көліктер айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында транзиттік көлік жүргізушілерінің көбейгені де әсер етеді. Облыстағы республикалық автожолдарда тәулігіне екі бағытта 43 мыңға жуық автокөлік жүріп жатыр. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 36 мыңға жуық және 7 мыңнан астамы ауыр жүк көліктері екенін айта кеткен жөн. Былтырғымен салыстырғанда транзиттік көлік саны 34 мыңға көбейген. Осы жылы полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың автомобиль жолдарына 1 083 тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жол қозғалысына кері әсер ететін 8 336 кемшілік белгілі болды», дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Тайбеков жағдайды түсіндіріп.
Жол қателікті кешірмейтінін біле тұра, ережені жиі бұзатындар азаяр емес. Салдарынан адам өлімі де жыл өткен сайын арта түскен. Қысқасы, көлік жүргізушілері Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», деген сөзін қаперде ұстамаса, мәселенің ушыға беретіні түсінікті.
Жамбыл облысы