Көктемде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткен еді. Оған бірқатар мемлекеттік орган өкілдері мен өңір әкімдері, Жазушылар одағы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығы, тарихшылар мен әдебиеттанушылар қатысқан болатын. Жазушы мерейтойын атап өту жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 86 іс-шара бекітілді. Соның ішінде Әуезовтің аяулы шығармасы –«Қилы заман» повесінің желісімен телесериал түсіру бастамасы да бар-тын. Фильмді кім түсіреді? Түсірілім жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жалпы, қазіргі қазақ киносы әдеби туындыларды экрандауға дайын ба? Зерттеп көрдік.
Кино, ең алдымен өнер. Өнерге өнер тұрғысынан қарағанда ол әрқашан биік һәм таза. Содан болар, көркем фильмге қойылар талап та жоғары, жұмсалар қуат та, еңбек те, уақыт та, қаржы да орасан. Биылғы Әуезов жылының қарсаңында «Қилы заманның» экрандалуы – үлкен жаңалық. Жалпы, классикалық шығармадан классикалық киноға айналған «Қараш-қараш» (1969 ж., реж. Б.Шәмшиев) пен «Көксеректі» (1973 ж., реж. Т.Өкеев) қырғыз режиссерлері түсірді. Ал бұдан кейінгі Әуезовтің шығармаларын экрандауға жасалған қадамдар ол деңгейге жете алмады. Сонда осы уақытқа дейін Әуезовке қазақ киносы сапалы ештеңе жасай алмаған ба дейсің. Әлқисса.
Бекітілген жалпыреспубликалық мерейтойлық жоспарда бұдан бөлек «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде деректі фильм әзірлеу, Әуезовтің шығармашылығы аясындағы сериалдар мен деректі фильмдерді қайта трансляциялау да бар. Аталған жұмыстардың барлығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелген. Ал «Қилы заман» повесінің желісімен түсірілетін телесериал «Алматы» арнасының меншігінде.
Сериалды түсіретін «Atlas MGN Support» ЖШС продюсері Ілияс Башарұлының айтуынша, жекеменшік компания бұл жобаны конкурс арқылы ұтып алған.
«Біз бұған дейін «Алматы» арнасына Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасының желісімен 10 сериялы, Рахымжан Отарбаевтың «Жұмбақтаудағы қазына» шығармасының желісімен «Қазына» атты 16 сериялы, Жамбылға арнап төрт бөлімді фильм түсіргенбіз. Одан бөлек тарихи сериалдар да түсіріп жүрміз. Ал «Қилы заманның» түсірілім жұмыстары әлі басталған жоқ. Қазір сценарийін жазып аяқтап қалдық. Енді телеарна мақұлдаса, бекітеміз. 12 бөлімнен тұрады деп жоспарлап отырмыз – әр серия 26 минуттан», дейді продюсер.
Сондай-ақ ол фильмнің барысы повестегі оқиғалармен шектелмейтінін айтты.
«Қарқара көтерілісін жазғандар көп. Бексұлтан Нұржекеевтің, Нұрлан Оразалиннің шығармалары бар. Одан бөлек тарихи материалдар да жеткілікті. Яғни фильмнің барысы тек «Қилы заман» повесіндегі оқиғалармен, кейіпкерлермен шектелмейді. Біз бұл көтеріліс туралы жазылған барлық деректерді қарап, зерттедік. Повесті оқып отырсаңыз, баяндау түрінде жазылған және нақты бір бас кейіпкер жоқ: оқиға Жәмекей, Ұзақ батыр, Әубәкір сынды кейіпкерлердің айналасында өрбиді. Сондықтан біз фильмге повестегі тарихи кейіпкерлермен қатар ойдан кейіпкер қосып отырмыз. Бас кейіпкерлер – Ерсайын мен Настя. 12 серияда көпес қызы Настя мен Ерсайынның махаббаты арқылы көтеріліс трагедиясы суреттеледі», дейді Ілияс Башарұлы.
Ал актер таңдау жұмыстары енді басталмақ. «Ойлаған актерлеріміз бар. Мәселен, Әубәкірдің рөліне Еркебұлан Дайыровты көздеп отырмыз. Түсірілім жұмыстары Кеген ауданында өтеді. Айдың аяғында алғашқы бөлімдерді түсіре бастаймыз. Бір серияға үш күн кетеді деп отырмыз, ал толық 12 серияны бір айда аяқтаймыз. Келісімшарт бойынша қыркүйек айында өткізуіміз керек. Бірақ конкурстың қайта өтуіне байланысты фильм түсіру жұмыстары кеш басталды. Сондықтан телехикаяны бекітілген уақыттан кешірек тапсыруды сұрап хат жаздық», дейді ол.
Айта кетейік, аталған сериалға мемлекеттік бюджеттен 77 миллион қаржы бөлініп отыр (ҚҚС қоспағанда). Фильм продюсері бұл қаражаттың аз екенін айтады.
«Қазір тарихи фильмдерге де, көркем фильмдерге де бірдей қаражат бөлінеді. Бұл мәселенің қозғалып келе жатқанына да талай уақыт өтті. Бірақ нәтиже жоқ. Мәселен, кез келген тақырыптағы қарапайым фильм декорацияны қажет етпейді. Ал Қарқара жәрмеңкесін салудың өзіне қыруар қаржы кетеді. 300 қазақты киіндіріп, 100 шақты орыс әскерін жасақтау керек. Ұзақ батырдың ауылына 20 қазақ үй тігеміз, кем дегенде 300 жылқы жалға аламыз. Жәрмеңкенің ауқымын көрсету үшін 1 000 қой, құрығанда 200 сиыр, түйе болу керек. Массовкада 300-400 адам жүруі керек.
Көтерілістің алдында Ереуілтөбе деген жерде үлкен жиын болады. Сол Ереуілтөбенің басында бай-болыстар, батырлар, нөпір халық пен әскер жиналғанда төбеде инешаншар жер болмаған дейді. Ал енді бұл оқиғаны көрсетпесек, көтерілістің сипаты да болмайды. Одан бөлек екі жақ арасында ұрыстарды да кең планда беруіміз керек. Бұл – тарихи фильмдерді түсірудің негізгі мәселесі», дейді.
Одан бөлек продюсер қаражаттың аздығынан басында фильмнен бас тартқандарын атап өтті. Алайда кейін осы тақырыпта тәжірибелері болған соң қайта алған.
«Жалпы, сериал түсіруді түрлі категорияға бөлу керек. Мысалы, бізде неге балалар киносы жоқ? Балаларға арналған сериал болсын, толықметрлі фильм болсын – оны түсіру өте қиын. Оған бөлінген қаражаттың сиқы белгілі – сол үшін де көптеген продакшн студиялар балалар фильмдерін тәуекел етіп алмайды. Сондықтан әсіресе тарихи және балалар киноларына қаражат ерекше жағдайда қарастырылуы керек. Әрине, егер сапалы дүние күтсек. Тарихи сериалдарға көрермен аса қызықпайды. Себебі қазір байқасаңыз, киноөндірісте бір үрдіс пайда болды – жеңіл-желпі комедиялар көбейді. Бұл жанр да керек шығар. Бірақ кинотеатрларда өмірлік, тәрбиелік мәні бар салмақты, сапалы фильмдерді көре алмай отырмыз», дейді І.Башарұлы.
Аталған компания қазір сырттан қосымша қаржы іздестіруде. Айта кетейік, келісімшарт бойынша телесериалдың сценарийі бекітілген соң бөлінген қаражаттың алғашқы 30 пайызы беріледі. Кейін түсірілім жұмыстары басталғанда тағы отыз пайызын алады.
Мерейтой аясындағы науқандық жұмыстар әрқашан жоспарға құрылады. Ал шектелген жоспарлы уақыт – бүгінгі фильмдердің, жалпы өнер туындыларының атүсті жасалуына, шала-жансар болып туылуына себеп болып отыр. «Қилы заман» телесериалының күзде көрерменге ұсынылатынына да таңғалып отырмыз. Көкейдегі сауалды продюсерден сұрап көрдік.
«Бір серияға үш күн десек, толық 12 серияға бір ай жетеді. Оның үстіне уақыт көбейген сайын шығын арта береді. Түсірілім тобының, алаңдағы актерлер мен массовканың күнделікті шығыны, басқа да мың-сан керек-жарақтың құны күн ұзарған сайын көбейе береді. Сондықтан қазірден түсірілімге қатысатын барлық тарапқа жоспар бойынша дәл уақытымен жүреміз деп ескертіп отырмыз. Әйтпесе бөлінген қаржыны жеткізу былай тұрсын, қып-қызыл шығынға ұшырауымыз да мүмкін», дейді ол.
Айта кетейік, 12 сериядан тұратын «Қилы заманның» толықметрлі нұсқасы да дайындалуы мүмкін.
Кейінгі жылдары тарихи тұлғалар өміріне арналған телесериалдар көп түсірілді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», тағы да басқа тарихи телехикаялар халыққа ұсынылды. Яғни тарихи киноларды телеарналар түсіретін үрдіс белең алып барады. Жалпы, зерттеп қарасақ, кинофильм мен телефильмнің көркемдік жағынан да, сапалық тұрғысынан да айырмашылығы көп – екеуі екі түрлі туынды. Телевизиялық форматқа лайықталған кез келген кино, тек сол шеңберге сыяды. Сол деңгейде түсіріледі. Ал бұл сападағы фильмдерді көркем туындыға жатқыза аламыз ба?
Өнертанушы Ерлан Төлеутай ұлт зиялыларын экрандауға тыйым салу керек дейді.
«Ұлы режиссерлердің дәуірі өтті. Әуезовтің шығармаларын экрандау – үлкен кешенді проблема. Оған қазір біздің шамамыз келмейді. Ақиқатын айтсақ, Абайды, Әуезовті экрандауға біздің қазір рухани-материалдық қауқарымыз жеткіліксіз. Ең алдымен, бізде оны түсіретін режиссер жоқ. Жалпы, қазір кино өнері киноөндіріске, кинобизнеске айналып кетті. Қазір Абай болсын, Әуезов болсын, кімді түсірсе де оған өнер деп қарамайды, кәсіп деп қарайды, Үкіметтің науқандық іс-шараларын орындау деп қарайды. Әрине, одан соң бәрі сәтсіз шығады. Сондықтан Абайға да, Әуезовке де «тиіспеу» керек. Ұлт зиялылары туралы фильм түсіруге мораторий жариялау керек. Әсіресе телеформатта түсіруге тыйым салынуға тиіс», дейді Ерлан Төлеутай.
Сондай-ақ ол ұлы тұлғалардың образы бүлініп жатқанын атап өтті.
«Төле биден бастап сериал түсіреміз деп құрттық. Төле би қазір ауылдың бір шалы болып қалды. Бауыржан Момышұлын пәсейттік. Сүйінбайды сүйкімсіз еттік. Бұл тұлғаларда не ақымыз бар? Оларды түсіретін деңгейге жеткен режиссер жоқ. Болған күнде де бөлінетін қаржыға өзін өзі сыйлайтын режиссер фильм түсірмейді. Өйткені бір декорацияның өзіне қаншама қаражат кетеді. Ал енді соның бәрін жоқ-жітік қылып, қағылған-соғылған жұртты жинап, фильм түсірген бола ма екен... Бүгінде телевизиялық формат киноның жауы болды. Заманауи сериалдардың жөні бөлек, ал тарихи тақырыптарды телевизияның деңгейіне түсіруге болмайды. Ұлы тақырыптарды экрандау – үлкен дайындықты қажет ететін күрделі процесс. Әуезовтің шығармасын киноға айналдыру да кешенді шара. Бұл – бір телеарнаның деңгейі емес. Бұл – Үкіметтің қолдауымен ұзақ жылдарға жалғасқан, таза кино өнерінің талаптарына сай жасалатын жұмыс. Егер олай болмаған жағдайда, ұлы тұлғаларға «тиіспеуіміз» керек. Әуезовті экрандауға саналы түрде қарсымын. Ондай алып жазушымен «соғысатын» режиссер әлі туған жоқ», дейді ол.
Иә, Әуезовті Шәкен Айманов та түсіргісі келген. Режиссер «Абай жолына» жиырма жыл дайындалды. Абайдың рөліне актер таба алмаған. Ал табылды-ау дегенде өмірден өтіп кетті.
«Ал қазір кез келген режиссер түсіруге құлшынып отыр. Онысы жоспарға сай бір айдың ішінде түсіріледі. Бүгінгідей театр, кино актерлерінің деңгейі апаттық жағдайда тұрғанда бір айда көркем фильм дайындау – ешқандай сау ақылға сыймайды. Қазір актер табу мұңға айналды. Көбісі қазақтың сөзін дұрыс айта алмайды. Өйткені кітап оқымайды. Режиссерлер де сол. Ұлттық дүниетанымды білмейді. Кинода жүргендер түрлі ағымдармен уланған режиссерлер. Ал Әуезовтің шығармалары – ұлттық тақырып. Ұлттық тақырыпқа ұлттық деңгейде келу керек. Кино – өнер. Өнерге дінді араластыруға болмайды», дейді өнертанушы.
Еске салсақ, Абайдың 150 жылдығы қарсаңында – 1995 жылы Ардақ Әмірқұлов «Абайдың жастық шағы» деген кино түсірген еді. Алайда бұл фильм мойындалған жоқ – қазір көруге келмей қалды. Бұл киноға Ардақ Әмірқұловты мәжбүрлеп көндірген деседі. Сонда сол уақыттың өзінде Абайды түсіретін режиссер табылмаған. Ал режиссер өз еркімен, дайындықпен келмеген кино сәтті шыға ма? Әйтпесе Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» қандай? «Абайы» қандай? Бізді құртатын осы мерейтойлық-науқандық жоспарлар дейтініміз де сол.
«Қилы заман» – үлкен шығарма. Барша қазақтың отаршылдыққа қарсы бір тұяқ серпуі. Оның аяусыз жанышталуы, халықтың қырғынға ұшырауы, Қытай асуы, қазақтың дәрменсіздігі, орыстың озбырлығы. Осының бәрі кинода ашық көрсетілуі керек. Ал оған саяси оқиғалар әсер етуі мүмкін. Саяси сипат алған жерде киноның құны көк тиын болады. Осы тұрғыдан келгенде «Қилы заманға» «тиіспеу» керек. Ол – Әуезовтің аяулы шығармасы. Ол жазушының Жетісу жеріне қойған алып ескерткіші. Бұл әдеби шығарма қалпында қалу керек. Қазір Бейімбеттің шығармаларына әрең барып жатыр. Режиссер Данияр Саламат он жыл толғатып, енді түсіргелі жүр. Бейімбеттікі, негізінен комедиялық шығармалар ғой. Ал Әуезов – эпикалық қаһарман. Оған өзін өзі сыйлайтын нағыз режиссерлер тәуекел етіп бара алмайды», дейді өнертанушы.
Жалпы, еліміздегі кино саласының деңгейі барша жұртқа мәлім. Оған телеарналардан күнде көрсетіліп жатқан телесериалдар һәм кинотеатрларда беріліп жатқан отандық фильмдер дәлел. Тіпті кино түсіруде іргеміздегі қырғыздар бізден бір көш ілгері. Қазақ киносындағы бұл жағдайға әсер етуші фактор көп: талант, шеберлік, уақыт, қаржы, талғам. Әлқисса. Әңгіменің бәрі Әуезовтен басталды ғой – енді түсірілімі басталатын «Қилы заманды» асыға күтеміз. Ал көреріміз көркем фильм болмай жатса, бәлки, шынында да ұлы тұлғаларды экрандауды қою керек шығар.