• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 09 Тамыз, 2022

Елордаға Түркістан театры келеді

449 рет
көрсетілді

Алдағы 27-28 тамызда Түркістан музыкалық драма театрының әртістері бас қалаға гастрольдік сапармен келіп, «Астана Операның» Үлкен залында елорда тұрғындары мен қонақтарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы желісімен қойылған «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін ұсынады.

Жалпы, аталған қос өнер ұжымы арасында достық әрі шығармашы­лық байланыс қалыптасқанын бай­қаймыз. Өйткені «Астана Опера» театры биылғы маусымда алғаш рет Түркістанда гастрольдік сапармен бо­лып, музыкалық драма театрдың сах­насында XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған айтулы хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін және балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Ал­тынай Асылмұратованың авторлық гала-бағдарламасын көрсетті.

«Міне, енді араға екі ай салып біз­дің театрымызда Түркістан театры әртістерінің өнер көрсететініне қуа­нып отырмыз. Әріптестеріміздің өне­рін елордалық жұртшылық жоға­ры бағалайтынына сенімдімін, – дей­ді «Астана Опера» директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Түркістан музыкалық драма театры­ның құрылғанына көп уақыт болмаса да, аз мерзім ішінде аталған өнер ұжы­мы мазмұнды қойылымдарымен кө­рермен ықыласына ие болды.

– Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гастроль­дік сапарымыз, оған дейін біз Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елордалықтарға жазушы Дулат Исабековтің «Бөрте» тарихи драмасын қойдық. Енді «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Барша көрерменді 27-28 тамызда заманауи би мен операны біріктірген «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін­де жас театрдың өнерін бағалауға ша­қырамыз, – дейді Түркістан музы­калық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

Белгілі драматургтің «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінде аты аңызға айналған алып тұлғаның өмірі туралы айтылады. Қорқыт ата қара ағаштан ойып қобыз жасап, айналасын киелі аспап үнімен әлдилегісі келеді. Алайда қобызшының өмірі түрлі қиындыққа кез болып, бірде көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекен іздейді. Ақыры неше түрлі қиын жолдан өтіп, туған жеріне оралады. Қысқасы, қойылымда ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін араздық алаңына айналдырғысы келген сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.