Басы ауырып, балтыры сыздаған қараша халық мейірім мен қайырым күтіп, алдымен жедел жәрдем қызметін шақыратыны белгілі. Алайда алғашқы медициналық көмекті көрсетуге тиіс қызметкерлер ұдайы көрсетілген мекенжайға уақтылы жете бермейді. Содан да болса керек, жұрт әлеуметтік желілерде жедел жәрдем қызметін сынауға бейім болып алды.
Жамбыл облысында жедел жәрдем көліктері жеткілікті ме? Халыққа бастапқы медициналық көмекті шұғыл түрде көрсетуге тиіс қызметкерлер неге шақыруға шарқ ұрып әзер жетеді? Осы сауалмен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке қайырылған болатынбыз.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 132 санитарлық автокөлік бар. 2020 жылдың соңында басқарма 65 санитарлық көлікпен қосымша қамтылған. Десе де аталған автокөліктердің 22,7 пайызы ескірген екен.
«Жедел жәрдем көліктерін шақырған кезде қарастырылған арнайы төрт санат бар екеніне назар аударған жөн. Нақтылап айтар болсам, бірінші санат бойынша көлік он минутта, екінші санатқа сәйкес он бес минутта, үшінші санат бойынша отыз минутта, төртінші санат бойынша бір сағат бедерінде жетуі тиіс. Бұл жерде кейде халық түсінбеушілік танытып жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, төртінші санатқа сәйкес жедел жәрдем көлігі бір сағат шамасында жетсе, жұрт «жедел жәрдем бригадасы кешікті» деп айыптай жөнеледі. Ал біздің норматив бойынша бұл қалыпты жағдай болып есептеледі.
Температурасы көтерілген, аздап жөтел қысқан адамдар төртінші санатқа жататынын ескерген ләзім. Ал шақырту иесінің жүрегі сыр беріп, қатты қиналып жатса, ол бірінші санатқа жатады. Демек жедел жәрдем көлігі бірінші кезекте сол санаттағы азаматтарға жедел жетуге тиіс. Осының бәрін диспетчерлер әңгімелесу барысында анықтап отырады. Сол әңгімелесудің нәтижесінде кімнің қандай санат бойынша сырқаттанып жатқаны нақтыланады. Соған сәйкес жедел жәрдем бригадасын жібереді», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңір тұрғындарына үш қосалқы станса және 11 аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері қызмет көрсетеді. Санитарлық авиация қызметін үш мобильді бригада орындап жүр. Олардың қатарында акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық және нейрохирургиялық-травматологиялық бригадалар бар.
Бүгінде өңірде Call-орталығы шақыртуларды «ҰЭҮО» базасы арқылы қабылдайды. Арнайы оқытылған 12 диспетчер қоңырауларға жауап береді. Медициналық қызметкерлердің ішінде 2 диспетчер жұмыс атқарады. Олар өз тәжірибелерін өзге де қызметкерлерге үйретуден жалыққан емес.
«2022 жылдың 6 айы ішінде «көмек» әдісі арқылы өмірге қауіп төндіретін жағдай бойынша 280 адам хабарласқан. Оның ішінде жоғары тыныс жолдары аурулары – 16, құрысу синдромы кезіндегі көмек – 93, бейсаналық күйлерде – 120, жарақаттар мен жазатайым оқиғалар кезінде – 28, оның ішінде өзіне қол жұмсау – 4, суға бату – 2, улану – 1, ЖКО бойынша 14 шақыртуға көмек көрсетілген. Одан бөлек, үйде босану жағдайы 5 рет тіркелсе, кеуде тұсынан ауырсыну – 15, инсульт кезінде үш рет көмек көрсетілген.
Жалпы, «көмек» әдісі қоңырауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесі «шақыруды қабылдайтын жазба» жүйесімен және санитарлық автокөліктің GPS-навигациясымен интеграцияланған, ол пациенттің мекенжайына дейін қозғалыс маршрутын автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді. Бұл келу уақытын қысқартуға жағдай жасайды. Сондай-ақ «көмек» АБЖ Жамбыл облысының көпсалалы стационарларымен, ЭМҮО және ӘМСҚ-мен біріктірілген», дейді Ә.Қалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, жедел жәрдемнің жетуі 2021 жылы – 12,8 минутты, ал 2022 жылы – 11,2 минутты құраған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1,6 минутқа дейін өзгерген.
«2021 жылмен салыстырғанда шақыруды тапсыру уақыты 2,2-ден 1,5 минутқа дейін, қала бойынша келу уақыты 9,3-тен 8,4 минутқа дейін, ауыл бойынша 12,2 минуттан 10,9 минутқа дейін қысқарған», дейді ол.
Ә.Қалиевтің айтуына қарағанда, жедел жәрдем бригадалары мүлде кешікпейді деуге болмайды.
«Жедел жәрдем көліктері қай кезде болсын кешікпей жетеді деп мен нақты айта алмаймын. Ондай жағдайлар өте сирек болса да кездесіп тұрады. Мұндай жағдайлар бірінші және екінші санаттағы науқастар шақырған кезде ұшырасады. Оның өзіндік себептері бар. Кейде шақырушы мекенжайды нақты дұрыс айтпайды. Тіпті кейбір жағдайда үй сыртындағы нөмірі жоқ болғандықтан қосымша іздеп те жатады. Осындай себептермен сирек те болса аздаған минутқа кешігулер болады. Сондықтан тұрғындар мекенжайды айтқанда қателесіп, өздерінің де, қызметкерлердің де уақытын алмаса екен», дейді Ә.Қалиев.
Жамбыл облысы