Ақтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының жеке құрамы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 100 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Оған әр жылдары осы оқу орнын аяқтаған түлектер, қорғаныс саласының ардагерлері, қазір оқып жатқан курсанттар мен олардың ата-анасы қатысты.
Осы күні институт қабырғасында Талғат Бигелдинов атындағы мұражайдың ашылу салтанаты да өтті. Әскери ұшқыштар даярлайтын еліміздегі жалғыз оқу орнында өткен салтанатты іс-шарада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Құттықтауда былай деп жазылған: «Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтында қазақстандықтардан басқа Ресей Федерациясы мен туысқан Орталық Азия мемлекеттерінен келіп оқып жатқан жас көп. Батыр бабамыздың есімін иеленген оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы өз ісін жетік білетін әскери ұшқыштар мен инженерлерді ғана емес, Отанын сүйетін нағыз патриоттарды да тәрбиелеп келеді. Отыз жылдан бері Тәуелсіз Қазақстанның әскери мамандарын даярлау ісінде осы оқу орны мамандарының еңбегі зор».
Бұл оқу орнының ең бірінші түлектері 1998 жылдың 22 тамызында диплом алды. Содан бері 2 500 офицер даярланып, олар бүгінде еліміздің әскери әуе кеңістігінде және азаматтық авиация, қорғаныс саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Іргелі оқу орнын Халық Қаһарманы, сенатор Талғат Мұсабаев, еліміздің Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі орынбасары, полковник Талғат Сыздықов құттықтады. Қарулы Күштер ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, запастағы полковник Қажымұқан Сәтенов курсанттарды Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 305 рет көтеріліп, талай рет өліммен бетпе-бет келген Талғат Бигелдиновтің қаһармандығынан үлгі алып, елдің есті ұлдары болуға шақырды.
Әскери институттың атшаптырым аумағындағы бос тұрған ғимаратта ашылған Талғат Бигелдинов атындағы мұражайды осы оқу орнын 2002 жылы бітірген 130 түлек жасақтаған. Қазір мұнда Талғат Бигелдиновтің әр жылдары Ақтөбеге келген сапарында түсірілген фотосуреттер, газет мақалалары, ұшқыш киімдері, ұшақ макеттері, отандық әскери авиация тарихына қатысты түрлі экспонат қойылған. Осы оқу орнының 2002 жылғы түлегі, полковник Мұрат Жәкешов батыр атындағы мұражай ашу ұсынысын институт басшысы, авиация генералы Дәурен Қосанов бірден қолдағанын жеткізді. Осы оқу орнының тағы бір түлегі, SCAT әуе компаниясының қазіргі директоры Boeing747 ұшағының макетін жіберсе, азаматтық авиация саласында қызмет етіп жүрген басқа түлектері музейді қызықты экспонаттармен жабдықтауда белсенділік танытқан. Сондай ұйымшылдықтың арқасында аз уақыттың ішінде мұражай экспозициясы сирек жәдігерлермен толықты.
Ақтөбе облысы