Абай күнінің құрметіне Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұлы ойшылдың 177 жылдығына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйлә Мұсалы Абай мұрасын зерделеу ісіндегі іргелі қадамдар туралы айтып берді.
2009 жылы құрылған Абай институты өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Негізгі бағыты – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын қоғамдық гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында зерттеу. Институттың Аbai.kaznu.kz. веб-сайтында ғылыми-әдістемелік оқулықтардың мол қоры жинақталған. Аталған институт елімізде алғаш рет «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» атты 50 томдық жинақты құрастырып шықты. Таңдамалы еңбектердің 50 томдық басылымы негізінде іріктеліп, «Абайтану антологиясының» 10 томдығы да оқырманға жол тартқан болатын.
Ләйлә Мұсалының айтуынша, Абайтану антологиясы – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі, Абайтану тарихындағы үлкен жетістіктің бірі. «Абайтану антологиясына» М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметов, Р.Сыздықова, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, т.б. көрнекті абайтанушылардың іргелі ғылыми монографиялары, Абайтану саласындағы іргелі мәселелерді ғылыми тұрғыда пайымдайтын жекелеген зерттеулер, Ж.Дәдебаевтың «Абайдың антропологизмі» монографиясы, кейбір пәнаралық сипаттағы еңбектер енген. Ғалым сондай-ақ Абайтану антологиясы атты интеллектуалдық арнаулы база ашылғанын жеткізді. Бұл база Қазақстанның білім және ғылым жүйесі үшін, жалпы дүние жүзі қазақтарына жол ашатын игілікті алаңға айналуға тиіс.
«Мемлекет басшысы алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде Абайтану курсын оқыту керек деп нақты міндет қойды. Осы бағытта ҚазҰУ жанында Абай ғылыми-зерттеу институты ойшыл ақынның мұрасы мен Абайтану бойынша еңбектерді ғылыми айналымға енгізу мақсатында нақты жұмыстар атқарып келеді. Абай ілімін білу жобасы аясында Абай таксономиясы мәселесі көтерілуде. Абай таксономиясы атты жаңа ғылыми бағытты негіздеп жатырмыз. Осы жұмыстардың аясын барлық ЖОО-да жалпы білім беретін пәндер қатарына қосуды ұсынамыз», дейді Л.Мұсалы.
Абайдың қара сөздері бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Орыс тілінде «Қарасөздердің» үш бірдей нұсқасы бар. Абайдың қарасөздері әлі де жіктеліп, зерттеліп, тереңірек мән-мағынасын ұғынған сайын, бүгінгі заманның адамын рухани жағынан байыта түседі. Ләйлә Мұсалы «Президенттің «Абай – рухани реформатор» мақаласында айтылған пайымдауларға ұстаздар қауымы оқыту процесі барысында үнемі назар аударатынын жеткізді.
«Рухани реформатор деген қоғамның санасын алға жылжытушы деген мағынаны білдіретінін ұмытпауымыз керек. Мақалада Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істі білу керек деген іргелі ойлардың терең маңызы бар. Абайдың таза ұлттық сипатта жазылған шығармалары арқылы мемлекеттік тілді үйретуді қолға алу керек. Абайдың бір өлеңін жаттаған бала, қазақтың сөзі мен өлеңінің құдіретін түсінуге және мемлекеттік тілді жетік меңгеруге оңтайлы қадам жасайды деген пікірге қосыламыз. Абай – біздің рухани дамудағы темірқазығымыз бен ұлттық бағдарымыз болу керек», дейді Л.Мұсалы.
АЛМАТЫ