• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2014

БЭК-тің іскерлік конгресі

359 рет
көрсетілді

VII Астана экономикалық форумы (АЭФ) 2014 жылдың 21-23 мамыр аралығында өтеді. Форумның жалпы тақырыбы теңдестірілген экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жаһандық даму мәселелері төңірегінде болады. VII АЭФ әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін талқылап, соған байланысты ұсыныстар белгілеп, өңдеу жұмыстарын жалғастырады. Биыл форум аясында ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция (ДҚДК) өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, жақында үш мемлекет – Қазақстан, Беларусь республикалары мен Ресей Федерациясы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қоймақ. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Еуразиялық экономикалық одақ жолында» атты Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) бизнес-диалогының іскерлік конгресі өткізіледі. Аталмыш шара туралы  біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары – басқарма мүшесі  Рахым ОШАҚБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Рахым Сәкенұлы, VII Астана эко­но­микалық форумы аясында «Еуразиялық экономикалық одақ жолында» атты БЭК бизнес-диа­логының іскерлік конгресі өтетіндігі белгілі, шараның мақсаты мен ерекшеліктерін тілге тиек етсеңіз? – Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың (КО және БЭК елдері –Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы) толыққанды қызметін қамтамасыз ету жоспарланған. Одақ аясында тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы іс жүзіне асырылып, экономика сала­ла­рында үйлестірілген, келісілген немесе ортақ саясат жүргізілетін болады. Біз интеграцияның үш сатысынан өттік: алдымен Кеден одағы (КО), одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), қазір экономикалық интеграцияның ең жоғарғы сатысы – Еуразиялық экономикалық одақ құру алдында тұрмыз. Осыған орай, АЭФ аясында өткізілетін іс-шараның бас­ты мақсаты – ең алдымен, қазіргі эконо­микалық интеграцияны тереңдете дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу, КО және БЭК-ке қатысушы елдер ара­сында өзара тиімді сауда қарым-қаты­нас­тарын дамыту бағыттарын айқын­дап, осы саладағы түйткілді мәсе­лелерді, сондай-ақ, КО және БЭК ау­мағында кәсіпкерлік қызметті жүр­гізуде Еуразиялық экономикалық комиссиясының шешімдері жобаларын реттеуді бағалау тетіктерін енгізу арқылы олардың шешілу жолдарын талқылау жоспарлануда. Қазіргі уақытта білікті спикерлерді тарту мәселесі бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Аталған іс-шара сенімді интеграциялық бірлестікті қалыптастыруда тиімді ұсыныстар әзірлеуге және оны одан әрі дамытуға мүмкіндік жасайды деп үміттенеміз. – Бұдан бұрынғы VI Астана эко­но­микалық форумы аясында өткен шараларының нәтижесі қандай болды? Инвестицияның дамуы үшін қан­ша шетелдік бизнес өкілдері жұмыл­дырылды? – VI АЭФ аясында индус­трия­лық-инно­вациялық жобалар мен ақпа­раттық-коммуникациялық тех­но­логиялардың бірыңғай көр­месі ұйым­дастырылған. Көрмеде инновациялық, инфрақұры­лымдық және әлеуметтік бағыттағы 140 жоба көпшілікке таныстырылып, атал­ған жобаларға шетелдік іскерлік орта өкілдері аса қызығушылық танытқан болатын. Форум аясында екіжақты және көпжақты 100-ден астам кездесулер өткізіліп, осы кездесулер нәтижесінде жалпы құны 2,7 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі инновациялық жобалар қаралды. Оның ішінде 500 млн. доллар шамасындағы жобалар бойынша 85 меморандум мен келісімдерге қол қойылды. – G-Global алаңындағы бел­сенділіктеріңіз туралы не айтасыз? – 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап G-Global алаңында VII Астана экономикалық форумы мен ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференциясы қарсаңындағы виртуалдық жобалар іске қосылған болатын. Біз Еуразиялық экономистер клубының қолдауымен сессия тақырыбы бойынша бірқатар онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Сындарлы пікірталас орнатып, тиісті ұсынымдар әзірлеу мақсатында осы іс-шараларға спикерлермен қатар, кәсіпкерлерді де көптеп қатыстыруды ойластырудамыз. – Астана экономикалық форумын ғаламдық шешімдер қа­был­данатын алаң деп айтуы­мызға бола ма? – Астана экономикалық форумы әлемнің танымал әрі белді ғалымдарын, бизнесмендер мен саясаткерлерін жылына бір рет жаһандық экономика мәселелерін талқылап, осы саладағы көкей­кесті мәселелерді шешу жолында сындарлы ұсыныс-пікірлер қа­был­дау мақсатында жинайтын әлемдік үнқату алаңы ретінде бар­шаға танылды. Форум осы уақыт аралығында жоғары тиімділігімен ерекшеленіп отыр. Атап айтқанда, маңызды меморандумдар мен келісімдерге қол жеткізу, сондай-ақ, БҰҰ және G-20, G-8 қатысушы елдер үшін әлемдік экономиканы дамыту мәселесіне қатысты бірыңғай ұсыныстар әзірлеу шаралары жүзеге асырылып, оларға қол қою іс-шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге жаһандық аудитория деңгейіне дейін көтерілген әлемдік дағдарысқа қарсы шешімдер қабылдауға арналған жаңа коммуникативтік G-Global алаңы іске қосылған болатын. – Әлемдік дағдарысқа қар­сы жос­пар тұжырымдамасының жо­ба­сы туралы пікіріңіз қан­дай? – Жаһандық тұрақсыздық және аумалы-төкпелі жағдайларды ескере отырып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ға мүше мемлекет­терге арналған Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияны өт­кі­зу туралы ұсыныс жасаған бола­тын. Аталған конференция жұ­мысының қорытындысы бой­ынша Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар әзірлеу көзделген. Демократиялық қағи­дат­тарға негізделген Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар қар­жылық-экономикалық дағ­да­рыстан шығудың тиімді жолдарын, сондай-ақ алдағы уақытта құлдыраудың алдын алу, ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, тиімді, әрі ғаламдық үйлесімді саясат пен әлемдік жаңа қаржылық құрылымды қалыптастыру шараларын белгілеуді көздейді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».