Қай заманға тап келдік. Аң мен құстан айырылған Сарыарқа тіршілік иесінің дыбысы естілмейтін өлі өлкеге айналып бара жатыр. Осыдан үш жыл бұрын Қарқаралы, онан әрі Егіндібұлақ, Боқты жаққа жол түскен еді, қанша зер салсақ та қолбаңдап ұшқан бір құсты көре алмай дал болдық. Бұл қалай деп сұрағанымызда сол жақтың бір азаматы иығын көтеріп, «мен қайдан білейін» дегенді білдірген. Енді, міне, Сарыарқаның сауырлы өлкесінің бірі Шет ауданы көрші Ақтоғай, Жаңаарқа аудандарының біраз жерін аралап, «бұл қалайға» тап болдық. Қазақтың Ұлытауында да осыған жақын жағдай.
«Бұл қалайға» «Протон» деп көкті нұсқайды қамыққан елі. Иә, көктен суы да «у» боп жауған заман. Арқада құбылған түлкі жүруші еді. Арқасында бір қылтанақ жоқ тырдай жалаңаш түлкі жүр.
Арқаның құба белдерінің кез келген сайынан далбаңдап ұшатын бөктергі, құладын табан астынан ат үркітетін бөдене, тарғақ, тұрымтай, күйкентай, жағалтай, қырғи Махамбеттің «ей, қызғыш құсы» дейтін қызғыш құс қайда?
ХІХ ғасырда:
Ей, қызғыш құс, қызғыш құс
Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні
Мені елден айырған
Хан Жәңгірдің екпіні,
демеуші ме еді Махамбет?
ХХІ ғасырда қызғыш құсты көлден де, елден де айырған қай текпін мен екпін?
Жұрт сән үшін ұстайтын үкі, жалпаңдаған жапалақ, Арқаны әнге бөлеген қаңқылдаған сары-ала қаз, бір өзі кішігірім марқадай болатын дуадақ көзден ғайып заман туған. Қарабай деген құс бұрын да сирек еді, қазір біржола жоғалған. Құдай-ау, таң қылаң бере сонау көкке ілініп, ғажайып ән салған дала бұлбұлы бозторғай көрінбеген соң дала иесі өлгендей сұлық жатыр. Көңіл құлазиды, бір өксік кеп көкірегіңді басқан.
Қанатын қомдап, қомпаң қаққан қара құс, ақбас күшіген, тазқара, өлексе атаулыны көр-жерден іздеп табатын сауысқанды көріп бала-шаға мәз болатын. Ұрпақ туған даланың сұлу табиғатын көріп өссінші дейсің-ау. Сол даланың ұлы, сол даланы қорғайтын да, қасиетін аспандататын да сол ұл болса екен дегің келеді. Ең болмаса шықылықтаған торғай көрінбеген меңіреу дала ендігі ұрпақты мәңгүрт етпесіне кім кепіл.
Анау Ағыбай батыр басынан арғы, сонау Тайатқан-Шұнақтан әрмен жерге бірі қалмақпен, бірі орыспен соғысқан батырлардың тас бейіті жатыр. Соларды білер менен басқа да ешкім қалмапты. Жаныма немереммен тағы бір-екі жасты алған едік. Әріректегі иен далада өткен шақта сол далаға сыймайтындай ондаған мың, әлде көп, әлде аз киіктің табыны жататын. Лақтарын басып кетпейін деп арасынан зорға өтуші едік. Көңіл елегізіп келеді. Бір кезде сол иен даладан жалғыз киік қашты. Лағы соңында. «Киік, киік» деп немерем мәз. Ал біздің көңіліміз ұлып, жылап тұр. Айғай салып, жоқтаудың аз-ақ алдындамыз.
Арқаның төріндегі ұзыннан жүз шақырымға созылған Тағылы-Бұғылы таулары жатыр. Бір сайынан жиырма-отыз арқар үркіп шықса, тағы бір жотасынан қырық-елуі бой көрсететін арқар табыны, тасқа шығып бізге қарап мүйізін білеп тұрған айбатты, сұлу құлжалары мәңгілік боп көрінетін. Енді ол таулардан арқардың ізін де көре алмайсың. Көлденең жатқан Бесшоқы, Ақерек, Толағай, Қызылтау, Қатпар, Алайғыр, Керегетас біз көрген аң мен құстан жұрдай.
– Бәрі «У» ғой, – дейді ел, жеген дәмін, ішкен суын көрсетіп.
Арқаны қуаңшылық басып барады. Кешегі шалғыны қара саннан кең келетін алқаптардың шөбі тобыққа жетпейді. Бұрқырап жатқан бұлақтар тартылған. Жаздай ағып жататын өзендер суалған, не әбден ластанған.
Арқаның төсі Қарағанды облысындағы жағдай осы. Шығысындағы Ертіс-Павлодар, Семей, батысындағы Ақтөбе аймағындағы жағдай нешік? Бәрі осындай кейіпке ұшыраса экономиканы көтергеніміз де, «Жаңа Қазақстан» деп талпынғанымыз да түкке тұрғысыз боп қалмай ма деген күдік ішті жегідей жейді. Дамыған елдер осындай апатты көрініске шыдап отыра алмасы анық. Бізге не болды? Неге үнсізбіз? Табиғат өзі көрсоқыр болмасақ көзімізді шұқып көрсетіп тұр ғой.
Аурухана біткен сірескен неше қилы аурулар. Еңбектеген жас та, еңкейген үлкен де соның табалдырығын тоздырып жүр. «Мен дәрігер боп келгенде аудан бойында 17 адам «гипертоник» боп тіркелген еді, қазір мыңдаған боп кетті» дейді інім Райымбек.
«Арқаның жазы бейіштей», деп жырлапты Шортанбай жырау.
Сары Арқа сарқыраған
суың қайда,
Түнде шық күндіз
мұнар буың қайда,
Нажағай шатыр-шұтыр
нөсерлетіп
Көтерген кемпірқосақ
туың қайда,
– деп жырлаған екен Нармамбет ақын. Сұлу Сарыарқаның кешегі біз көрген көрінісі бүгінде түс көргендей жағдай. Ей, қаламгерлер, сұлу өлең, махаббат хикаясын жазу алдану, ермек. Сұлу табиғаттың ендігі сұрқы осы.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы