• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Тамыз, 2022

Қытай бастамасынан бас тартады

963 рет
көрсетілді

Қытайдың Шығыс Еуропаға арналған «16+1» бастамасынан тағы екі ел бас тартты. Бұл жолы Эстония мен Латвия жобадан шығатынын мәлімдеді. Балтық елдері бұл қадамды Бейжің билігінің адам құқықтарын сақтамауымен түсіндіреді. Осылайша, Шығыс Еуропа елдері біртіндеп Қытайдың қаржысы мен ықпалынан бас тартып жатыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, Балтық елдерінің бұл қадамы Бейжің билігінің Ресей президенті Владимир Путинмен достық қарым-қатынас туралы мәлімдеуіне, сондай-ақ Кремльдің басқыншы әрекетіне байланысты. Бұдан бөлек, Украинада «әскери операция» жүргіземіз деген сылтаумен ашқан қақтығыс келешекте бұрын «Кеңес Одағында болған елдерге қауіп төндіруі  мүмкін» деп есептейді.

Жалпы, бастапқыда бұл формат 2012 жылы «16+1» ретінде құрылған-ды. Оған Орталық және Шығыс Еуропаның 16 мемлекеті қатысатын. Кейінірек, 2019 жылы осы платформаға Грекияның қосылуымен «17+1» болып өзгерді. Бұл бас­тамаға Еуропалық одаққа мүше Бол­гария, Хорватия, Чехия, Мажарстан, Польша, Румыния, Словакия мен Сло­вения қосылған.

Аталған формат құрыла сала қарт құрлық сая­саткерлерінің сынына ұшы­рады. Қарт құрлықтың атқамінерлері осындай тәсіл арқылы Бейжің билігі «бө­ліп ал да, билей бер» саясатын қол­данбақ деп қауіптенді.

Былтыр Литва бұл жобадан бас тартты. Ел үкіметі Бейжіңнен келетін қа­ражаттан гөрі адам құқығына ба­сымдық беріп, Тайваньмен байланыс орнатуды жөн көргенін ашып та айтты, әрекетімен де көрсетті. Аталған мем­лекеттің саясаткерлері Тайбейге арнайы ат басын да бұрған еді. Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Агне Вайчюкевичиут бастаған делегация арнайы мейман болып қайтқан-ды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің бас­пасөз хатшысы Ван Вэнбиннің айтуынша, бұл Литваның бір Қытай саясат­ы туралы уәдесіне опасыздық іспетті. Ақы­ры, мұндай әрекетке шамданған Қытай тарапы көп ұзамай-ақ Литвадан келетін тауарларға кедендік тосқауыл қойды.

Енді, Латвия мен Эстония бұл фор­маттан шыққ­аннан кейін бастама «14+1» ретінде өзгермек. «Эстония бұ­дан былай Орталық және Шығыс Еуропа елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастық платформасына қа­тыс­пайды деп шешім қабылдады. Эс­тония Қытаймен сындарлы және прагматикалық қарым-қатынастар жолында жұмыс істеуді жал­ғастырады. Соның ішінде Еуропалық одақ пен Қытай қарым-қатынастарын ережелерге негізделген халықаралық тәртіп пен адам құқығы секілді құн­дылықтарға сәйкес келетіндей дамытуға екпін салады», деп мәлімдеді Эстония тарапы.

Сондай-ақ ресми Таллин таратқан мәлімдемеде өз елінің делегациясы ақпандағы саммиттен кейін осы фор­мат­тағы бірде-бір кездесуге қатыс­па­ғаны айтылған.

Латвияның сыртқы істер министрлігі де дәл осы тақылеттес мәлімдеме жасады. «Латвияның сыртқы және сауда саясатының ағымдағы басымдықтарын ес­кере отырып, Латвия Орталық және Шығыс Еуропа елдері мен Қытайдың ын­тымақтастық шеңберіндегі қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Латвия Қытаймен екіжақты, сондай-ақ өзара тиімділікке, халықаралық құқықты, адам құқықтарын және ха­лық­аралық ережелерге негізделген тәр­т­іпті құрметтеуге негізделген ЕО-Қы­тай ынтымақтастығы арқылы сындар­лы және прагматикалық қарым-қаты­настарға ұмтылуды жалғастырады», делінген сыртқы істер министрлігі тарат­қан мәлімдемеде.

Бұған қатысты Бейжің билігі әлі ресми түрде пікір білдірген жоқ. Дегенмен кейінгі кезде Қытайдың Шығыс және Орталық Еуропаға қатысты жобасы жиі сынға ұшырап жүр. Жоғарыда ай­тып өткеніміздей, сарапшылар да, саясат­керлер де Коммунистік партия қарт құр­лықты «бөліп ал да, билей бер» сая­са­тын жүргізеді деп қауіптенеді. Мұ­ның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Бей­жің Еуропалық одақтың қатал ере­желеріне бағынбай-ақ, бірқатар мемлекетпен сауда-экономикалық байланысын нығайтады.

Екіншіден, «17+1» процесіне қосылған елдер Қытай үшін Батысқа ашылған қақпа іспетті. Бастапқыда аталған платформа достық, ортақ пайда және Қытай мен Еуропалық одақтың тиімді стратегиялық әріптестігін көз­дейтіні айтылған. Дегенмен Орталық және Шығыс Еуропа елдері келісімнің түпкі мәнін дұрыс ұғынбаған тәрізді. Өйткені «17+1» процесіне мүше мемлекеттер Қытаймен ЕО ережелеріне сай әрекет етпейді. Есесіне, әр ел Бейжің билігімен жеке-дара екіжақты қарым-қатынас орнатуға тиіс. Нәтижесінде, келіссөздер кезінде қарт құрлықтағы мемлекеттердің мүддесі ғана емес, Бейжің билігінің дегені де жүреді. Бұл өз кезегінде Қытай үшін өте қолайлы.

Үшіншіден, Қытайдың Шығыс Еуропадағы саяси беделі арта түспек. «17+1» процесі арқылы Қытай халық­аралық аренадағы жақтаушылар санын арттыра түсті. Мысалы, 2017 жылы Қытайдағы заңгерлердің азапқа тартылуы туралы Еуропалық одақ елдерінің ортақ келісімін Венгрия тарапы қабылдамай тастады. Сондай-ақ Грекия БҰҰ Адамзат құқығы кеңе­сінің Қытайды айыптауын ЕО мәлім­­деме­сіне енгізуге қарсы болды. Оңтүс­тік Қытай теңізі мәселесінде де Ма­жарстан мен Грекия Қытайдың сойылын соқты. Нәтижесінде, дауға қатысты қабылданған қарарда Қытайдың аты аталған жоқ.

Қазіргі таңда жобада Еуропалық одақтың тоғыз мемлекеті: Болгария, Хорватия, Чехия, Грекия, Мажар­стан, Польша, Румыния, Словакия мен Сло­вения қалып отыр. Сондай-ақ ұйымға мүше емес Албания, Босния, Черно­гория, Солтүстік Македония және Сер­бия да форматқа қосылған.

Қытай тарапы да бастаманың дұрыс жұмыс істемей тұрғанын аңғарса керек, жыл басында Орталық және Шы­ғыс Еуропадағы арнайы елшісі Хуо Юйчжэнь өңірді аралап, бәрі қалпында екеніне қарт құрлықтағы әріптестерін сендіруге тырысқан. Оның үстіне, биыл­ғы жиын туралы ештеңе айтқан жоқ. Әдетте Қытай басшысы Си Цзинь­пиннің немесе премьер-министр Ли Кэцянның төрағалығымен бастамаға мүше мемлекеттердің саммиті өтетін.

Бүгінге дейін Қытайдың Шығыс және Орталық Еуропаға салған инвес­тициясының көлемі 8,6 млрд доллардан асып кеткен. Әлі де инвестиция тартыла береді. Бірақ Қытай Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция құятыны жөнінде үйіп-төгіп уәде берсе де, оны орындауға асықпайтын сы­ңайлы. Деректерге сүйенсек, өңірдегі Қы­тай инвестициясының көлемі айтар­лықтай көп емес.

Бұған қоса, салынған инвестиция­лар дер кезінде орындалып, түпкі мақ­сатына жете бермейді. Мы­салы, Чер­ногорияда Қытай қаражатына 200 шақы­­рымға жуық жол салынуға тиіс еді. Соған бай­ланысты Қытайдың «Эк­сим Банкімен» млрд долларлық келісім жасалды. Жобаны China Road and Bridge Corporation жүзеге асыруға тиіс-тұғын. Бірақ құрылыс барысында ормандар аяусыз оталып, жол тұйыққа барып тіреліпті. Сөйтіп ақша да дұрыс игерілмей, жол да салынбады. Ақырында Черногория Қытайға борыштар болып қалды. Айта берсе, мұндай мысалдар жетерлік.

Қорыта айтсақ, Бейжің билігінің Орталық және Шығыс Еуропадағы бас­тамасы біртіндеп аяқталатын секілді. Кейінгі геосаяси оқиғалар қарт құрлық елдерінің көзқарасын өзгерткені анық. Ендеше, алдағы уақытта форматтан бас тартатын мемлекеттер саны көбеюі әбден мүмкін.