Отандық қорғаныс саласының көшбасшы кәсіпорыны саналатын Оралдағы «Зенит» зауыты Ұлы Жеңістің 69 жылдығы және Қазақстан Қарулы Күштерінің 22 жылдығы қарсаңында кезекті тамаша табысқа қол жеткізді. Атап айтқанда «Сарыарқа» деген айбынды атауға ие болған кезекті кемені суға түсірді.
Бұл тарихы сонау 41-дің отты жылдарынан басталған кәсіпорынның конвейерінен шыққан 21-ші корабль. Кемеге «Сарыарқа» атауы берілуі де тегін емес. Өйткені, тәуелсіз еліміздің астанасы осы жазира жазық Сарыарқаның самалды төсінде орналасқан. Олай болса, қарт Каспийге бағыт ұстаған кеменің ғұмыры да ұзақ, кедір-бұдырсыз, теп-тегіс боларына сенгіміз келеді.
Корабльді теңізге шығарып салу салтанатына халық көп жиналды. Әскери-теңіз күштері басшылығы, облыс әкімдігі өкілдері түгел осы жерден табылды. Әсіресе, жаңа кемеге жан бітірген зауыт жұмысшыларының қуанышында шек болмады. Мұны олардың бал-бұл жанған жүздерінен, бұл біздің өніміміз деп мақтанышпен кеуде кере айтқан әңгімелерінен айқын аңғардық.
Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жасалған үшінші кемеге әсем астанамыз орналасқан жазиралы өңірдің атауын беруіміз тегін емес. Себебі, Сарыарқа Отанымыздың жүрегі, барша халықтың сүйікті өлкесі. Алдағы уақытта кемемен еліміздің теңіздегі шекарасын күзететін сарбаздарымызға бұл үлкен көмекші болады. Сол үшін зауыттың ұжымы күні-түні аянбастан еңбек етті. Міне, нәтижесі алдарыңызда тұр. Сәт сапар, «Сарыарқа»!», – деді зауыт директоры Вячеслав Валиев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.
Экипажы 23 адамнан тұратын, салмағы 250 тонналық корабльдің құрылысы үш жылға созылыпты. «Зенит» зауытында соңғы жылдары жұмысшылар саны қысқарған жоқ. Өндіріс ошағын әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі қиындықтардан мемлекеттен бөлінген қаражат құтқарып қалды. Бүгінде кемені құрастыруға зауыттағы 950 жұмысшы атсалысуда. Сағида Балажанова осы өндіріс орнында 38 жылдан бері бел жазбай еңбек етіп келеді. Қазір жасы алпысқа таяса да, өз кәсібінен шаршаған емес. Ол кемеге қажетті резиналарды дайындайды. Оның айтуынша, бір су көлігіне шамамен төрт тоннадан астам резеңке балқытылып, пісіріліп кесіледі. Аталмыш материал шикізат қалпында келетіндіктен, дайын өнімге дейінгі бірнеше кезеңнің жұмысын өзі атқарады.
Сағида «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Зауытта табан аудармай еңбек еткенінің арқасында үш бөлмелі пәтер алыпты. «Менің жұмыс жасайтын орным зауыттағы ең ыстық цех саналады. Жұмыс әр аптаға жоспарланады. Дер кезінде орындау қажет. Олай болмаса, межелі уақытта кемелер суға түспей қалуы ықтимал. Мәселен, бір көлемдегі резеңке 30-40 минутта пісіріледі. Уақытымен қадағалап отыру керек. Басында 17 кісі осы жұмысты атқардық. Кейін 90-жылдардағы тоқырау кезеңінде қысқарту болып, жалғыз өзім қалдым. Жұмыстың ауыр екені рас. Десек те, «алма піс, аузыма түстің» заманы өтті. Тер төгіп, адал еңбек еткен адам ғана мұратына жетеді», – дейді екі ұлынан қос немере сүйіп отырған ардақты әже.
«Зенитте» тек кеме жасау ісі ғана емес, су көліктерін қайта жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар тек жаңа кеме суға түскеннен соң ғана атқарылады. Осылайша, бұрынырақ өздері жасаған өнімдерін жаңартып, қызметке қайта жібереді. Кәсіпорын әлемдік кеме жасау саласындағы сапа стандарттарына жауап береді. Өткен жылы «Зенит» зауыты «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі әлеуметтік мәселелерді шешу мен іскерлік әріптестікті нығайту және тиімді келісімдерге тұрудың аясын кеңейту мақсатын көздеген сол республикалық байқауда «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша топ жарған кәсіпорын Астана қаласында өзге де үздіктермен бірге марапатталды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.