Осы мақаланы жазып бола бергенде, әлеуметтік желіге Бұқар жырау туралы бір жаңа пост қылт етіп шыға келді. Онда Бұқардың ақындығы мен әулиелігі туралы оқыған адамды бірден үйіріп әкететін тебіреністі сөздер жазылыпты. Егер Абайдың сынағанынан Бұқар жаман ақын бола қалса, әлемжелідегі бұл пост та жазылмайтын еді. Ендеше, біздің де айтпағымыз басқа екенін көкірек көзі ашық оқырман өзі де түсінер деп ойладық.
«Сыналған адам жер басып жүре алмай қалады» деген қағида қуғын-сүргін жылдары санаға сынадай қағылды. Енді оны суырып алып тастасаң да, орны «бұл арада мен болғам» дегендей сыздайды да тұрады. Абайдың белгілі ақын-жыраулар туралы екі жол өлеңі сол себептен де бұрын да, қазір де белгілі бір дәрежеде қолайсыздық тудырумен келеді. Өлеңде аты аталған азулы да адуынды үш ақыннан қысылғандай, әлі күнге дейін пұшайман күй кешетінімізге басқа себеп табу да қиын.
Бірақ: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау. Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау» деген жолдар жоқ емес, бар. Ол және ешқандай абырой-беделден жалтақтамай, турасын айтқанын мойындауымыз керек. Сол заманда да «Ақынымызды сынадың, ат-шапан айыбын өте» деп, Абайдың алдына ешкім келмеген. Ендеше мұны «Тура биде туған жоқ» деп қалай айтылса, солай қабылдау жөн емес пе?
Бір қызығы, үлкен ғалымдарымыз «Абай мұны неге айтты?» деген сұрақтың төңірегінде көбірек бас қатырып жүрген тәрізді. «Абай дұрыс айтты» немесе «бұрыс айтты» деген ешкім жоқ. Олардың қисынына салсаңыз, «Абай бұлай айтпауға тиіс» екен. Абайдың «бұлай деуіне» үлкен бір себеп болған көрінеді.
Сонда ондай себеп болмаса, ақындар бір-бірін сынамауы керек сияқты. Біз білетін өмірде ең еркін ойлы адамдар ақын-жазушылар секілді еді. Егер олардың арасында ашық пікір айтылмаса, басқаға не жорық дегің келеді, еріксіз.
Абай ел өмірінің бар саласына бағыт сілтеген данышпан. Соған қарасақ, өзі де бір өкілі болып саналатын әдебиеттің сыны туралы ойламауы мүмкін емес. Бірақ ол кезде жазбаша әдеби сын жоқтың қасы. Сондықтан да ұлы Абай бұл өлеңін мақсатты түрде жазған болып шығады.
Көркем шығармаға сын айту мәдениеті Батыста да, Шығыста да толық қалыптасып болған. Белинский сияқты әдебиет сыншыларының еңбектерімен жете таныстығы тағы бар. Демек Абай әдеби сынның қаншалықты керек екенін білген және бізде де солай болса екен деп арман еткен.
Әсілі жазба әдебиеті – жазу мәдениетінің жетістіктерін бойына жиған әдебиет. Онда әр сөз орнында болып, мәтін кәсіби түрде түзілуге тиіс. Арғы-бергіден білімі бар Абай мұны қатты қадағалаған. Ал ауызша шығарылып, ауызша таралып, қағазға кейін түсірілген әдебиет бұл талапқа қаншалықты жауап береді?
Абай бұрынғы жазба әдебиетін де жақсы білген адам. Бізге мысалы, бұрынғылардан үлкен дастандардың жазылу тәртібі ұнады. Өйткені онда шығарма неге жазылды, кімге арналды, мақсаты не деген сұрақтардың жауабы айқын беріледі. Алайда қазақ даласындағы жаугершілік замандар әдебиеттің осы тәртібін бұзды. Шет жағасы қағазға түскен ауыз әдебиетіндегі кейінгі жырлар сол ұлы дастандардың жұрнағы сияқты болып қалды. Абайдың «жамау», «құрау» деп отырғаны, сол «жұрнақтар» болуы да ғажап емес.
Өлеңде үш ақынның да аты тура аталып тұр. Ел ішінде абырой-беделі болды, ақындықта үлкен орны бар деп қараған жоқ. Олардың жырларының басты кемшілігін де тайға таңба басқандай нақты көрсетіп отыр. Егер өлең жолдарына сыйса, басқа ақындардың есімдері де осы қатардан орын алар ма еді, қайтер еді.
Қайткенде де алдыңғы өткен ақындарға Абайдың көңілі толық қанағаттанбағаны айдан анық. Бұл жерде Абайдың айтпағы, ақындықтың айшықты белгісіндей болып келген қанатты сөздерде емес. Өлеңге азық болған қамырықты ойларда деп білген жөн шығар.
Ауыз әдебиетіне көбіне санамалап айту тән. Басқалар санамалап айтқан нәрсені, Абай образбен береді. Кейде «Бес нәрсеге асық бол» деп өзінің де санамалап кететіні бар. «Жайнаған туың жығылмай, Жақсы өліпсің, япыр-ай» деп символикаға кететінін де аңғарамыз.
Бірақ Абайдың ақындық болмысын содан табам, содан ашам деу қате болар еді. Шын мәнінде Абай үлкен образға жұмыс істеген ақын. Үлкен образ деген не, ол – адамның ішкі дүниесімен үйлесетін тұтас жаратылыс. Міне, Абайда осы жаратылыстық образ басым болып келеді.
Бұған қарап ешкімді де, ештеңені де төмендетуге де болмайды. Ауыз әдебиетіне тән дидактика – елдің рухын көтеру үшін қолданылатын жақсы тәсіл. Ал жазба әдебиеті жазу мәдениеті арқылы шеберлікпен шегенделген нұсқа. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті бәске түскен тұста, Абай айтса, осыны да айтып отыр.
Бірақ басты мақсат бәрібір әдеби сын жазу болғанын есте ұстағанымыз жөн. Бізге дейінгі пікір жазған әдебиетшілердің бәрі осыны жоққа шығарғысы келеді. Олар аталған ақындар сынның объектісі болуы мүмкін емес деп санайды. Өздерінің миссиясы табыстыру, тігісін жатқызу, кір келтірмеу сияқты елестетеді.
Біздіңше, Абайдың мақсатын бұлайша жоққа шығару – жүйе қалыптастырған келісімпаздықтың белгісі. Неге де болса шек қойып отыру, шеңберден шығармау, шекарадан асырмау қоғам шындығын бүркемелеп ұстаудан туған әрекет. Осындай жағдайда үлкен адамдарға Абайдың Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауды сынауы шектен шыққандық болып көрінеді-ау, шамасы. Әрине, халық аңыз еткен тұлғалардың атына сөз келтірмеу керек деген ізгі ниетті де түсінуге болады. Әсіресе жаппай қуғын-сүргінді бастан өткерген халық үшін бұл да құрметтеуге лайық қасиет шығар. Бірақ Абайдың ойы одан да ізгі, одан да терең болса ше?
Керек десеңіз, әлем әдебиетінде ұлы тұлғалардың бірін-бірі сынаған жазбалары ерекше құнды еңбек болып саналады. Ондай дүниелер қоғамға жаңалық әкеледі, сөз болып отырған ортаны жаңа белеске көтереді. Олар туралы ешкім де түсінбей сынапты, кейінгілердің алдында ұят болыпты дегенін оқығамыз жоқ.
Сондықтан бұл сынның қазақ қоғамына зияны тиеді-ау деп қорғалақтаудың қажеті бола қоймас. Қайта дәл осы сыннан қазақ руханиятында ренессанстық қозғалыс тууы мүмкін еді. Егер заман тыныш болғанда, бұл шынымен де ренессанстық мәдени өрлеуге бастар еді. Өкінішке қарай, сын ұлттың өсу құралы емес, өшу, яғни, өш алу құралына айналып кетті.
Қарап тұрсаңыз, сонда өсу мен өшудің арасы екі-ақ жол, екі-ақ тармақ өлең болып тұр ғой. Әйтпесе, Абай мен Бұқардың арасында бір ғасыр жатыр. Абайға осы екі жолды жазу үшін бір ғасыр уақыт керек болыпты. Бір ғасырда қазақтың санасы да, данасы да осылай өсіпті. Оны бір тақырыпқа арналған төмендегі екі өлеңнен де аңғарар едіңіз.
Бұқар жырау Қалқаманұлы:
Балалық он жасыңыз,
Балғын өскен құрақтай.
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарда ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу деген жасыңыз,
Ол да бір үлкен бел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғы, мұңды шөл екен.
Жетпіс деген жасыңыз,
Жетім қалған күн екен.
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасыңыз,
Ажалға таяу маң екен.
Абай Құнанбайұлы:
Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, сен кәпір,
Баяндыдан сөндің бе,
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айналып, кім білер,
Боталы түйе секілді,
Қорадан шықпай өлдің бе?
Бұқар жыраудың өлеңі халықтық сипатта туған. Мұндағы шартты кейіпкердің орнына әркім өзін қойып көре алады. Ал Абайдың өлеңін әркім бойына сіңіріп кете бермейді. Себебі онда Абайдың өзінің ішкі конфликтісі бар. Абай адуынды үш ақынға да сол ішкі конфликтісімен келіп қақтығысқа түсті. Ол қазақ руханиятына жер астындағы тектоникалық қозғалыстай әсер етті. Сонымен дидактиканың дәурені өтіп, оның орнын түрлі жобадағы лирика басты. Алдымен ақын-жазушыларды жазалау, абақтыға жабу, итжеккенге айдау, ату-асу содан басталды. Отарлаушылар мен билеушілерге не қауіпті, не қауіпті емес, содан-ақ біле беруіңізге болады.
Абайдың сыны – сара сын. Өлең – сөздің таза, бөтен сөзден ада, құр ділмәрсуден аулақ болғанын қалайды. Осы тақырыптағы бір ғана өлеңінде көп нәрсе бар. Соның бәрін санап айтсаң, бүгінгі ақындарға да тиіп кетеді. Әсіресе ақынның ақылсыз, білімсіз, надан болмауы басты шарт ретінде келтіріледі. Мұндағы оның сындарының бәрі көркемдік шарттармен ғана шектелген. Мақал-мәтелді малданбайды, ескі биді де бедел көрмейді. Әдеби сын осы биігінде тұрса, онда бұл жанр тазалықтың символы болып қала берер еді.
Бірақ Абайдан кейінгі әдеби сынның бағыты мүлдем өзгерді. Идеялық қате, жат идеология, моральдық қызмет, тәрбиелік рөл деген сияқты тіркемелер көбейді. Кеңес заманындағы әдеби сын мақалаларды оқысаңыз, азаматтық немесе қылмыстық кодекспен танысып отырғандай хал кешетінсіз. Мен мысалы, әлі күнге дейін қалмай келе жатқан «шығарманың идеялық-көркемдік жағы» дегенді онша-мұнша түсіне бермеймін. Абай атамыз да көркемдік туралы айтқан, идея туралы айтпаған. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген, «идеясы мықты, ұстанымы берік болсын» демеген.
Қазіргі әдебиетті бағалаудағы ең үлкен қате де осыдан туатын сияқты. Абай Бұқар жырауды «Абылай ханға өлеңмен жол көрсетті» деп мақтаған жоқ, демек жыраудың ол еңбегі тарих белесінде қалды. Ол соншама данышпан адам бола тұра, өлеңді қару не қалқан ретінде пайдалануға болады дегенге мән бермеген де тәрізді. Ал еңбек етіп, мал табу туралы өлеңдерінің тәрбиелік жағынан гөрі, сыншылдық жағы басым. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңі болса, ол – өлеңнен гөрі, өсиетке жақын. Оны да: «Мұны жазған білген құл, – Ғұламаһи Дауани, Солай депті ол шыншыл...» деп аяқтапты. Қазір Дауани сияқты ғұламаны оқыған қандай ақының бар десеңіз, тіліңізді тістеп қаласыз.
Сонымен өз арамыздан шығып, «Абайың кім?» деп оқшырайғандарға оның бір ғана қырын осылай тарқатып айтып бергенді жөн көрдік. Сондағы талдағанымыз, Абайдың бар-жоғы екі-ақ жол өлеңі болып отыр. Бұл екі жолға қарасаңыз, Абайдың шығыстың ғана емес, еуропалық мәдениеттің де көшіне ілескен кемеңгер екенін көресіз.
Ол сынаған Бұқар жырауың да оңай болмаған, ал Абайың теңізден де терең, таулардан да биік. Сондықтан да біз үшін Абайдың жұмбағын шешу жанның рахаты. Оның көп жұмбағының бірі – Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауды неліктен сынағанын әдебиетші ғалымдарымыз әлі шешкен жоқ. Біз де шештік деп айта алмаймыз. Тек сол екі жол, екі тармақ өлең ішке түскен дертке айналып кетпеуі керек.
Құдайға шүкір, қуғын-сүргін заманындағыдай, Абайдың сынын Бұқарларға қарсы шоқпар ғып пайдаланудан бойымыз бостан, санамыз азат. Бірақ дана Абай ұрпағының басына не ой салғысы келгенін білмесек, тап осы екі жол кейін де ешкімге маза бермеуі мүмкін. Абай шынымен де үлкен ақындардың аты аталған өлең жолдарының астарына терең бір сыр жасырса, оны да ешкім таппасын деп жасырмағаны хақ. Мұны білу үшін сол кезде қазақ даласында жоғарыдағы үш ақын қаншалықты аңыз болып келіп еді, соған да бір ой жіберіп қойған дұрыс-ау.
Бәлкім ол осындай сынды жаза отырып, Құдайдан басқа ешкім де мінсіз болмайтынын тағы бір еске салып қойғысы келген шығар. Қалың елі қазағын беделден бұқпай, атақтан ықпай, пұтқа табынғандай әркімге бір табынбай еркін өскен халық болсын деп үлгі еткені ме екен, әлде? Ал мүмкін ол басқаларды меңзеп қана қоймай, өзі туралы да айтып отырған шығар, кім біліпті? Егер олай болса қаһан кеткен соң хан, хан кеткен соң сұлтан, сұлтан кеткен соң ақын мойнымызға мініп алмай, біз де еркін өмір сүрейікші дегің келеді. Бірақ бұл «Абайдың бір сөзін аузына Құдай салды, бір сөзін НКВД жазып берді» деп сандырақтауға себеп емес!
Әсілінде біз «өсу мен өшудің арасы екі-ақ тармақ» деп осыны айттық.