Оқырманның есінде шығар, «Egemen Qazaqstan» газеті биылғы сәуір айында Батыс Қазақстан облысындағы автожолдардың алаңдатарлық ахуалы туралы «Күре жолдағы күрсініс» атты мақала жариялаған еді. Бұл мақалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды.
Міне, содан бері төрт ай өте шығыпты. Өңірдегі жол құрылысының жоспардағы мерзімінде орындалмауына кінәлілер жазаланып, біраз басшы жұмысынан кетті. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі автожолдар жағдайын көзімен көрді.
Әсіресе мақалада айтылған Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына апаратын жолдың құрылысына жан бітіп, екінші тынысы ашылғандай болды. Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы бағытындағы жол құрылысының 53-95 шақырымында мердігерлік еткен ADFstroy деген «ұлтарақ» компания жобадан шеттетіліп, тергеу жүргізілуде. Жолдың бұл бөлігіне енді қайта тендер ұйымдастырылып, жаңа мердігер тартылмақ.
Ал күре жолдың өзге бөліктерінде бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Мұны жақында өз көзімізбен көріп қайттық.
100 шақырым дайын
Әңгімеге өзек болып отырған Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолының жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайды. Орал қаласынан 500-600 шақырым шалғайда жатқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын облыс орталығымен жалғайтын бұл жолдың маңызы өте үлкен. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары тұрғындары бұл жолды тәуелсіздік алғалы талап етіп келеді. Көктем мен күзде жол азабын тартып, ми балшыққа бататын жолаушылар осы азаптан құтылатын күнді тағатсыздана күтуде.
– Ауа райының қолайсыз күндері жолаушылар ерекше қиналатын жол бөлігі – Өнеге мен Бисен арасындағы 14 шақырым, Нұрсай ауылы тұсындағы 3-4 шақырым еді. Бұл аймақтың топырағы сондай, жаңбыр мен қар суынан ми батпаққа айналып, бүкіл көлікті тұсап тастайтын. Құрылысшылар жолдың осы бөліктеріне ерекше күш салды. Сөйтіп, қазірдің өзінде бұл жерлерде жол құрылысы негізінен дайын болып қалды. Алдағы күзде лайсаң басталғанда дәл осы жерлерден жолаушылар қиындық көрмей өтеді, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры Қазбек Мәмбетов.
Жақында ғана «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі Өнеге – Бисен – Сайқын автожолының үштен бірі, яғни 35 шақырымы дайын болғанын хабарлады. 103 шақырымдық жол құрылысы 2 учаскеге бөлінген, жұмысты отандық компаниялар атқаруда. Президент сынынан кейін бұл жерде де жұмыс ширап, 140-тан астам арнайы техника, 200-ден астам жұмысшы жұмылдырылған болатын. Мұнда екі асфальт-бетон зауыты күні-түні тоқтамай жұмыс істеп тұр. Республикалық мәртебелі жол 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға берілуі керек.
Жол құрылысын жоспарға сай және сапалы жүргізіп жатқан компанияның бірі – «Uniserf» ЖШС. Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы бағытындағы жолдың алғашқы 53 шақырымы осы мекеменің еншісінде. Оның үстіне 5 көпір, бірнеше мал өткелі секілді күрделі құрылымдар да жолдың осы бөлігінде орналасқан. Бұл бөліктегі қызу жұмысты өз көзімізбен көрдік. «Uniserf» компаниясы бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Николай Кондопуло бізді жол құрылысының барысымен таныстырып шықты.
– Күре жолды жөндеуге 90 техника жұмылдырылған. Құрылыс бригадаларында екі ауысыммен 164 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың 20 пайызы – жергілікті тұрғындар. Біздің компанияға бес көпірді жөндеу тапсырылған болса, қазір оның бірі дайын болып қалды. Екіншісінің құрылысы жақында аяқталады. Қалған көпірлерді де реттеп жатырмыз. Жұмыс кестеге сай жүруде. Тек қана бір уайымымыз бар, ол – құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілуі мәселесі. Бұл – осы жол бойындағы барлық мердігердің бас ауруы. Қазір шикізатты жеткізілген бойда бірден пайдаланып жатырмыз. Биыл 18 шақырым жолды күрделі жөндеуге тиіспіз. Соның 11 шақырымы қазірдің өзінде қолданысқа берілді. Жоспар бойынша тамыз айында қалған 6 шақырым жолға асфальт-бетон қоспасын құйып үлгеруіміз керек. Бүгінге дейін 2,5 шақырым жол бөлігіне құм-қиыршықтас қоспасын төседік. Бірнеше күнде асфальт төсеуді бастаймыз, – деді Николай Иванұлы.
Міне, осылайша, қазірдің өзінде Қазталов пен Жәнібек, Бөкей ордасы арасындағы түрлі бөлікте жалпы ұзындығы 100 шақырымдай жол жолаушылардың пайдалануына жарап тұр.
Вагон тапшы болмаса екен
Мердігер компания өкілі айтқандай, жол құрылысына қажетті материалдың түгелге жуығы облыс аумағынан тыс жерден әкелінеді. Оларды өңірге уақтылы жеткізу үшін теміржол вагондары керек. Мамандардың айтуынша, бір шақырым жол құрылысына қажетті түрлі шикізат 104 вагонға жүк болады екен. Ал біз әңгіме етіп отырған республикалық жол құрылысы үшін биыл жалпы саны 12 мың вагон қажет болады. Міне, қиындық осы жерден туындап отыр.
– Үкіметтің қолдауымен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы айына бізді кемінде 500 вагонмен қамтамасыз етуге тиіс. Осындай меморандумға қол қойылған. Алайда біз жол құрылысын жоспарға сай жүргізуіміз үшін ай сайын 1 500 вагон шикізат, инертті материалдар пайдалануға тиіспіз. Мысалы, Ақтөбеден әкелінетін қиыршық тас Оралға дейін 2 апта жол жүреді. Мемлекеттік шекарадан өтеді. Осының бәрін ескеру қажет. Егер жол құрылысына қажетті материалдар уақтылы жеткізілмесе, биылғы жоспар орындалмай қалуы да мүмкін, – дейді Қазбек Мәмбетов.
Әрине, мердігер компаниялар бұл жағдайдан хабардар. Жол құрылысының алғашқы күнінен-ақ тап болған мәселе бұл. Сондықтан да барынша қор жинап, сақтық қылуда. «Қазавтожол» филиалы директорының айтуынша, қазіргі таңда мердігер компаниялардың қолында құрылыс материалының 45 пайызы бар. Көңілге медеу тұтарлығы, биыл битум тапсырысқа сай уақтылы жеткізілген.
Алда
Жоспар бойынша 2023 жылдың соңында Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолы толығымен пайдалануға берілуге тиіс. Құрылыстың қазіргі қарқынына қарап бұған сенуге де болады. Әзірге жұмысы жүрмей, жолаушыларды жабырқатып тұрған – Қазталов пен Жәнібек арасындағы 53-95 шақырым аралығы. Жоғарыда айтылғандай, осы аумақтың бас мердігері «Теміржол жөндеу» ЖШС-на қарасты ADFstroy компаниясының жосықсыз әрекеті салдарынан күрделі жөндеу тоқтап қалды. Бас мердігер жобадан шеттетілді. Бұл бөлікте әлі күнге жаңа мердігер анықталмаған. Тапсырыс беруші ұлттық компания мемлекеттік сатып алу бойынша үшінші мәрте конкурс жариялаған. Яғни Өнеге мен Нұрсай ауылдары аралығындағы 43,5 шақырым жолды жөндейтін мердігер тамыз айында ғана белгілі болмақ. Бұл жерге былтыр 8 шақырым ғана асфальт-бетон қоспасы төселген екен. Биыл тендер өтіп, мердігер анықталған күннің өзінде жаңа компания бірден құрылысқа кірісіп кете алмайтыны анық.
Мердігер компания өкілдерімен әңгіме барысында жол құрылысына бөлінген қаражат маусым айында уақытынан кешірек бөлінгенін естідік. Бұл өз кезегінде мердігерлердің қажетті инертті материалдарды дер кезінде сатып алуына кедергі болған. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды.
Биыл Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы күре жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген екен. Жыл басынан бері сол қаржының 6 млрд теңгесі игерілген. Батыс Қазақстан облысының үш ауданында жүріп жатқан жол құрылысына 600-ге жуық техника мен 700-дей адам тартылған. Жақында «Бекет Сәт Жол» ЖШС Жәнібек ауылы мен РФ шекарасына дейінгі 7 шақырым жолды жөндеуді бастап кетті.
«Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Қазбек Мәмбетов Чапаевтан Жалпақтал бағытына шығатын бөліктегі 17 шақырымды күрделі жөндеу үшін есеп-қисап жобасы жасалатынын айтады. Өңірде Орал мен Атырау қалаларын жалғайтын республикалық жол бөлігінің облыстағы бөлігін кеңейту, төрт жолақты жолға айналдыру мәселесі де қолға алынбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттары қатталу үстінде екен.
Міне, Мемлекет басшысының өзі бақылауына алып отырған күре жол құрылысының қазіргі ахуалы осындай. Жол салып жатқан мердігерлер де, тапсырыс беруші «Қазавтожол» ұлттық компаниясы филиалының басшысы да батысқазақстандықтар үшін ғасыр жобасына айналған күре жолды тезірек бітіруге күш салып жатыр. Біз осыны көрдік.
Батыс Қазақстан облысы