Арина атты жайдары мінезді көршіміз бар. Елордадағы клиника-диагностикалық зертханада мейіргер болып істейді. Осы қызметінен алатын жалақысы аздау болған соң, қосымша ресепшн жұмысын да атқаруға сұраныпты. Бірақ қазір қиналып жүр екен. Өйткені келушілер көбіне қазақша сұрайды, ол жауап бере алмайды. Ал кейіпкеріміз қазақ тілін 11 жыл бойы мектепте оқыған. Өзге тілде білім беретін сыныптардың түлектері қазақ тілі пәнін 10-11 жыл оқыса да неге ойын жеткізе алатын деңгейде үйреніп шықпайды? Әдістеме әлсіз бе? Бағдарлама бұрыс па? Оқулық олқы ма? Әлде мәселе кадрдың кәсібилігіне тіреліп тұр ма?
«Бұл пән мені қатты қызықтырмады»
Мектептерде мемлекеттік тілді пән ретінде оқытуды міндеттемейтін ел кемде-кем. Қазақстанда орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр тілдерінде білім алатын балалар бар. Рас, еліміздің қолданысындағы «Білім туралы» Заңына сәйкес қазақстандық әр бала өз ана тілінде, жалпы таңдаған тілінде білім алуға құқылы. Дегенмен орта білім беруге арналған стандартқа, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес республика көлеміндегі әрбір мектепте қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылады. Мәселе сол пәннің өзге тілде білім беретін сыныптарда қалай өтетініне байланысты болып тұрған секілді. Себебі өзге тілде оқытатын сыныптарды бітіргендердің басым бөлігі 11 жыл бойы, оған қоса университеттің алғашқы жылында да міндетті пән ретінде қазақ тілін оқығанымен, Ұлттық бірыңғай тестілеуде емтихан тапсырғанымен, қарым-қатынаста қолдана алатын деңгейде меңгере алмаған болып шығады. Сонда қанша жыл бойы мемлекеттен осы пәнді оқытуға, сабақ беретін мұғалімге, бағдарламаға, оқулық әзірлеуге бөлінген қаржы далаға кеткені ме? Иә, сұрақтан сұрақ туады. Мәселенің байыбына барып бағайық.
Мәселе. Осы материалды әзірлеу барысында елордадағы өзге тілде білім беретін оқу ошақтарын, анығы аралас мектептің бірқатарын араладық. Бір мектептің кіреберісінде 15-16 жас шамасындағы қыз отыр екен. Өзін Юлия Богданова деп таныстырған ол қазақша қойған сұрағымызға орысша жауап берді.
– 10-сыныпты бітіріп, 11-сыныпқа көштім. Мен қазақ тілі пәнін өткен жылғы қорытындым бойынша «4» деген бағаға бітірдім. Бұл – әрине, өзіңіз айтқандай, жақсы баға. Бірақ мен бәрібір ойымды қазақша жеткізуге қиналамын. Сізге де орысша жауап беріп жатқаным содан. 10 жыл бойы мектепте қазақ тілін оқысам да жеткілікті дәрежеде меңгермедім, өйткені мені бұл пән қатты қызықтырмады. Мұның себебін пән мұғалімдерінің үнемі ауысып отыратынынан көремін. Бізге қазақ тілінен беретін мұғалімдер жыл сайын ауыса береді. Әртүрлі педагогке үйрену де оңай емес. Мұғалім әртүрлі болғандықтан, олардың сабақ беру әдісі де түрліше болып келеді, – дейді оқушы Ю.Богданова.
Зағип балаға Абайдың әндерімен қазақша үйреткен
Мәселенің мәнісі. Мұғалімнің жыл сайын ауысатынын қазақ тілі пәнінен жылдар бойы сабақ беріп, биыл ғана зейнетке шыққан педагог Дәметкен Әшімқызы да жоққа шығармайды.
– Еңбек жолымды білім беру саласына арнадым. Өзге тілде білім алатын оқушыларға қазақ тілінен сабақ бердім. Жоғарыдағы оқушының сөзінде жан бар. Соңғы жылдары мұғалімдерді жиі ауыстырады, бұл шынымен де жұмыстың нәтижесін төмендетеді. Директордың орынбасарлары сағат бөлетін кезде мұғалімдермен ақылдаспайды. Осыдан 10 жыл бұрын пән мұғалімдерінің сыныптарын жиі ауыстыру болмайтын. Бір сыныпты 5-сыныптан бастап алдың ба, сол сыныпқа соңына дейін сабақ бересің. Өзіңіз ойлаңызшы, 3-4 жыл, одан да көп уақыт бір сыныпқа сабақ берсеңіз, ондағы әр оқушыны жіті танып, әрқайсысына өзінше тәсілмен үйретуге, қарым-қатынас жасауға, деңгейіне қарай тапсырма беруге болады. Ал 9 айдың ішінде нәтиже шығару қиын, оқушылар арагідік тоқсандық демалысқа кетіп қалады. Бұдан бөлек екінші мәселе бар, тілді үйренуге де, үйретуге де практика керек. Мен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сабақ бердім. Оларға қазақ тілі пәні аптасына 2 рет қана өтеді. Мұндайда практикаға уақыт өте аз қалады. Сондықтан қазақ тілі пәнінің сағатын көбейту керек. Ал биыл тағы қысқаруы мүмкін деп жатыр. Екіншіден, оқулықтарды, бағдарламаны дұрыстау керек. Оқулықтарда практикалық жұмыстарға мән берілгені жөн. Мысалы, қазіргі оқулықтарда тапсырмалар көбіне тест түрінде келеді. Оны бала «апам шелпек пісірді» деп белгілеп шығады. Содан білім бола ма? Мен сабаққа ойланып жауап беруді қажет ететін, баланы түсінуге итермелейтін тапсырмаларды дайындап келетінмін, – дейді зейнеткер мұғалім Д.Әшімқызы.
Шешім. Д.Әшімқызының ойынша, баланың қабілетін ашуға мұғалім барынша мүдделі болғаны абзал. Зейнеткер сарапшымыз зағип баланың өзіне қазақ тілін үйретіпті. Ерекше оқушысын әбден зерттегенде оның тұтығып сөйлейтінін, бірақ бір қызығы ән айтқанда сөздерді кедергісіз дыбыстайтынын байқаған. Осылайша, тәжірибелі мұғалім көзі көрмейтін балаға Абайдың әндері арқылы қазақ тілін үйретті.
– Мен баланы үйіне барып оқыттым, отбасы мүшелері менің қалай жұмыс істейтінімді, сабақтың өтілуін сырттай бақылайды. Бір күні оқушымның әжесі мені сабақтан соң шығарып салып тұрып, кетерде құшақтап алды. Күтпедім, сасып қалдым. «Сізге сондай ризамыз, баламыздың біз білмейтін қабілетін аштыңыз» деп алғысын айтты. Шыны керек, әр пәнді, әрбір жаңа нәрсені үйретуде педагогтің рөлі зор. Қазір жаңа технология, заманауи әдістер туралы жиі айтады ғой, негізі бұрынғы әдістемеміз дұрыс еді. Шығарма, диктант деген қайда қалды? – деді зейнеттегі педагог.
Түйткілден түйткіл туады
Мәселе. Жаңартылған бағдарламамен де, ескі жүйемен де жұмыс істеп көрген мұғалім бұрынғы әдістемені дұрыс дейді. Сонда бізде сұрақ туды. Кейіпкеріміз Аринаның «Жаттаған ережені айтып беріп баға алатынмын» дегені бар. Оның мектепті бітіргеніне 10 жылдан асқан, демек ол мектепте ескі әдістемемен оқыды. Бірақ неге нәтиже шамалы?
Уәж. Сауалымызға Д.Әшімқызы:
– Әр баланың қабілеті әртүрлі болады. Мұғалім қанша жерден мықты, әдістеме мінсіз болғанымен, оқушының қабілеті төмен болса, нәтиже жақсы шықпайды. Екіншіден, қажеттілік. Мысалы, қазір екі баланың бірі ағылшын тілін үйреніп алып жүр. Өйткені үйде ата-аналары «жаһандық тіл, мұны үйренуің керек, ағылшынша білсең, шетелге барасың» деген идеологияны санасына сіңіреді, одан қалды ақылы курстарға береді. «Қазақша білсең керемет боласың, онсыз қиын тиеді» дейтін адам аз. Жұмыс істеп жүргенде баласына қазақ тілінен қосымша сабақ беруді сұраған ата-аналар болды. Олардың арасында шынымен перзентінің мемлекеттік тілді үйренгенін қалағандар да бар. Дегенмен басым көпшілігі «Балам осы пәннен ғана «үшке» шығып қалды, үлгерімі жақсарғанын қалаймын», болмаса «Біз Алтын белгі алғымыз келеді, оған қазақ тілінен төмендігі мүмкіндік бермей тұр» деп сұранады. Мұның өзіне қуанасың. Өйткені мүлдем қажетсінбегендер, тіпті «Маған бұл пәнді оқудың керегі жоқ» деп ашық айтқандар болған. Демек отбасында сондай әңгіме айтылады, – деп жауап берді.
Мәселенің мәнісі. Гауһар Биданқызы – жас педагог, өзге тілде білім алатын сыныптың балаларына қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім. Біз оның жазғы мектепте өткен сабағына қатысып көрдік. Ол жаңаша әдіс-тәсілдерді, заманауи технологиялар мен қызықты контентті қолданады екен.
– Қазіргі балаларды дәстүрлі сабақпен қызықтыра алмайсың. Сондықтан мен сабақта қолдануға рұқсат берілген арнайы білім беру платформаларының мультфильмдерін қолданамын. Байланыстыратын сөздерді табуға, сөйлемдерді аяқтауға, грамматикаға қатысты түрлі қызықты тапсырманы орындатамын. Жазғы мектептің сабағына қатысу міндетті болмаса да біршама бала келіп отыр. Бұл – олардың, одан бұрын ата-аналарының ықыласы. 4 жылдан бері жұмыс істеп келемін, соңғы жылдары балалардың қызығушылығы басым. Ата-аналары қазақ тілінің қажеттілігін түсінеді, қосымша сабақ беруімді сұрайды. Бірақ физикалық тұрғыда үлгермеймін, үйде шұғылдануға кеңес берумен шектелемін. Бүгінгі жас буынды белгілі бір нәрсеге күштеп, қинап ұстауға мүлдем келмейді. Өздері қалағандықтан қатысады. Дегенмен әлі де түсіндіруді керек ететін ата-аналар бар, – дейді Г.Биданқызы.
Шешім. Жас педагогтің айтуынша, баланың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға жүйелі жұмыс керек. Түсіндірумен шектелу лайықты нәтиже бермейді. Айталық, пәнге қатысты бір мәселе – оқулықтың қатты күрделілігінде. 5-сыныптың бағдарламасына Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы енгізілген. Одан үзінділер келтірілгенімен, тілі күрделі шығарманы түсіну өзге тілдегі сыныптың балаларына қиын тиеді.
– Оның үстіне қазақ тілі пәнін қазақ әдебиеті пәнімен біріктіру мемлекеттік тілдің аясын тарылтқан шешімдердің бірі болды. Биыл жақсы жаңалықтың шеті шығып, қуанып отырмыз. Келесі жылдан бастап екі пәнді бұрынғыдай екі бөлек оқытқалы жатыр. Осы жүйе керек. Өйткені жоғарыдағы романнан үзінді келтірілгенде шығарманың өзі, одан авторы туралы түсінік береміз. Бізге әдебиетті де қоса алып жүруге тура келді. Қазақ тілінде білім алатын сыныптарда екі пән екі бөлек оқытылады. Ал өзге тілде білім алатын сыныптарда қазір бірге оқытылып жүр. Айтпақшы, жоғарыдағы екінші кейіпкеріңіздің пән мұғалімдері жиі ауысатындықтан тіл үйренуді қиын көретінімен келісе алмаймын. Бала кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе білуге тиіс. Мысалы, ағылшын тілін үйренгенде сізге әртүрлі акценттегі адамдарды тыңдатып, түсінуді, онымен сөйлесуді тапсырады. Сол себепті меніңше, бір мұғалімге үйреніп қалу дұрыс емес, – дейді педагог.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні 3 сағаттан 2 сағатқа қысқарды
Мәселе. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті» зертханасының аға ғылыми қызметкері Гүлжазира Бекболатқызы осы оқу жылынан бастап ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын 7,8,9-сыныптарда «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні 3 сағаттан 2 сағатқа қысқарғанын айтты.
– Мектептегі оқулықтар министрлік бекіткен үлгілік оқу бағдарламасына негізделіп әзірленді. Бұл бағдарлама халықаралық стандарттарға сай. Ал оқу жүктемесіне ойыссақ, биылдан бастап ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын 7,8,9-сыныптарда «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні 3 сағаттан 2 сағатқа қысқарды. Ал орыс тілінде білім беретін сыныптарда қазақ тілі бұрынғыдай аптасына 5 рет емес, 4 рет өтеді. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында балалардың оқу жүктемесі көрсетілген. Мысалы, осы стандартта 5-9 сыныптарда апталық оқу жүктемесі 35 сағаттан аспауы керек. Биыл «Жаһандық құзыреттілік», «Цифрлық сауаттылық» деген пәндер қосылды. Сондықтан қазақ тілі пәнінің сағаты қысқарды. 10-11 сыныптарда қоғамдық гуманитарлық бағытта білім алатындар үшін қазақ тілінің 5 сағаты қалады, ал жаратылыстану бағытында 4 сағатқа қысқарған, – дейді Г.Бекболатқызы.
Академия өкілінің айтуынша, бізде арнайы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған лицейлер бар, сондай оқу ошақтарында қазақ тілі пәні аптасына 3-ақ сағат оқытылады. Сағат қысқарғанымен, өтілетін тақырыптар алынып тасталған жоқ.
Мәселе. Біз материалды дайындау барысында бірнеше мектепті аралап, өзге тілде білім беретін сыныптардағы қазақ тілі сабағына қатысып көрдік. 5-сыныптан 6-сыныпқа өткен оқушылардың кейбірі қазақша қойылған қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Осы сыныптың балалары 1-сыныптан бастап жаңартылған бағдарламамен білім алып келеді. Мұғалімі де мақтаулы, білікті маман. Оқулық та халықаралық стандартқа сай, әдістеме де жаңаша. Бірақ неге 5 жылда аптасына 5 рет өткізілген қазақ тілін тым болмаса түсінетін деңгейде біліп шықпады?
Уәж. Бұл сұрағымызға академияның аға ғылыми қызметкері Г.Бекболатқызы:
– Тіл үйренудің CEFR деп аталатын жалпыеуропалық тіл құзыреттілігін бағалау жүйесі бар. Осы жүйе бойынша тілді білудің А1, А2, С1, С2 дейтін деңгейлері белгіленген. Өзге тілдерде білім алатын қазақстандық оқушы бастауыш сыныпта қазақ тілін А1, А2 деңгейі бойынша бағдарламаны бітіреді. Орта буында В1, В2 деңгейіндегі бағдарламаны меңгерсе, 11-сыныпты тәмамдағанда оқушылар С1 деңгейінде үйреніп шығуы керек, – деп жауап берді.
Күрделіден қарапайымға қарай
Шешім. Біз қойылған сұрағымызға академиядан қанағаттанарлық жауап алмағандықтан, тәуелсіз сарапшының жауабына жүгініп көрдік. Жаңартылған білім беру бойынша әзірленген оқулықты зерделеп көрген, зерттеуші, филолог Ғазиза Бауыржанқызы (аты-жөні өзгертілген) жалған ұранмен шектеліп жүргенімізді айтады.
– Біздегі оқу бағдарламасында, әдістемелік нұсқау хатта CEFR жүйесі бойынша жалпыеуропалық стандартқа сай оқытып жатқанымыз жайлы жазылған. Бірақ іс жүзінде сол деңгеймен сыныптан сыныпқа емтихан тапсыртып өткізіп жатқан жоқпыз. Мектеп бағдарламасында CEFR жүйесін енгізіп, деңгейді анықтайтын тестіден өткізілсе, мектеп бітірушіден С1 деңгейін анықтайтын сертификат талап етілсе, оқушылар да жанталасып оқыр еді, мұғалімде де жауапкершілік артады. Біз «CEFR жүйесі арқылы оқытамыз» деген жалған ұранмен шектеліп жүрміз. Мысалы, магистратураға түсу үшін ағылшын тілінен белгілі бір деңгейден өтіп, тест тапсыру талап етіледі. Қазақ тілінен де сондай талап болуы қажет. Мысалы, CEFR жүйесіне негізделген, деңгейлерді көрсететін Қазтест бар, бірақ бұл тест өз функциясын атқара алмай келеді. Қоғамда көп шу көтерілгеннен кейін ғана биыл докторанттарға қосты. Докторантураға түсуден үміттілер қазір жанталасып Қазтест тапсыруға дайындалып жүр. Сондай талап мектепке де енгізілуге тиіс, – дейді Ғ.Бауыржанқызы.
Ағылшын тіліне қойылатын талап қазақ тіліне келгенде де сақталса деген сарапшының сөзінен соң, бір парадокс ойға оралады. Қазақстанда жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес жаратылыстану бағытындағы пәндер (химия, биология, информатика, физика) оқыту тіліне қарамастан ағылшын тілінде оқытылып жүр. Бір кездері Қазақстан тарихы пәнін сыныптың, мектептің оқыту тіліне қарамастан бірдей қазақша оқыту туралы бастама көтерілген. Аяқсыз қалды.
Мәселе. Ал жаңартылған білім мәселесіндегі бір кемшілік – қоғамда талқыланбай енгізілгенінде.
– Біздің балалар PISA халықаралық білім бағалау көрсеткіштерінде оқу сауаттылығы бойынша төмен нәтиже көрсеткенін білесіздер. Осындай халықаралық талаптарға сай болу үшін 2016 жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасына көштік. Расымен де, бұл бағдарлама халықаралық стандарттарға сай, жөнді жүйе. Бірақ шетелдерде жаңа бағдарламаны енгізу үшін ата-аналар, оқушылар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар араласып, мәселені қоғамдық талқылауға салады. Бізде жаңартылған бағдарламаны көп талқыға салмай енгізіп жіберді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ, бағдарламаның жақсы-жаман жақтары айтылмады. Үш ай жазда мұғалімдерді асығыс оқытты, артынша жаңа бағдарламамен кеттік. Әлі күнге дейін жаңа жүйені толық түсінбейтін мұғалімдер бар. «Баяғы біздің грамматика, сөз таптары қайда? Бізге бұрынғы шығарма, мазмұндама, диктант керек» деп байбалам салады. Тақырыпты, пәнді меңгерту мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Қазіргі бағдарлама баланың көбірек сөйлеуіне, тыңдауына, айтуына, ойын қағазға түсіруіне икемделген. Тек нәтижені талап ету жоқ, – дейді Ғ.Бауыржанқызы.
Мәселенің мәнісі. Сарапшылардың сөзінен түйгеніміз, мемлекеттік тілді меңгеруді мектептен ғана сұрау, талап ету жеткіліксіз. Бұл мәселенің шешімі күрделіден қарапайымға қарай жүретін үрдістен тұрады. Расымен де, мемлекеттік грантпен жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алғысы келетін, одан мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұруды көздейтін, мемлекеттен қаржыландырылатын кез келген ұйымға қызметке баруды (мейлі жоғары, мейлі төмен қызмет болсын) қалайтын азамат әділ тестілеу мен ашық сұхбаттан өтуге міндетті болса, оны көрген жас буын қазақ тілі пәніне зер салары анық. Өйткені жақсы жұмысты, дамитын ортаны, білімін жоғарылатуды көздеген ата-анасы, әпкесі мен ағасы үшін қазақ тілін білу қаншалықты қажет екенін көзбен көріп өседі. Алдыңғы толқын да кейінгілерге айтады. Отбасында «Біз қазір ақша төлеп, курсқа жазылып, уақыт жоғалтып үйреніп жүрміз. Сен мектептегі тегін сабақты өткізіп алмай, қазақ тілін үйрен, магистратураға түсесің, «Пәлен» компанияға жұмысқа тұрасың» дейтін мотивация жиі айтылып, құлаққа құйылар еді-ау... Үйде де қазақша қарым-қатынасқа қажеттілік туар еді. Десек те, бұл түбінде туатын қажеттілік екеніне алғашқы кейіпкеріміздің жағдайынан көз жеткізуге болады. Себебі әкесі орыс, анасы неміс Арина «Қазақша сөйлеңізші» деп қиылып тұрады. Иә, өйткені ол да жалақысының өскенін, сұраныстағы маман болуды қалайды.
Түйткіл. Сөз соңында сандарды сөйлетсек, Оқу-ағарту министрлігінің журналистік сұрауымызға берген ресми жауабындағы дерегі бойынша Қазақстанда 7 550 мектеп бар. Оның ішінде 3 800-ге жуық оқу ошағы таза қазақ тілінде білім береді. Ал қалған 3 950-і – өзге тілдерде (орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік) білім беретін және аралас тілде оқытатын мектептер. Министрлік қандай мектепте қанша бала білім алып жатқаны жайлы ақпарат қыркүйек айының ортасында ғана белгілі болатынын хабарлады. Сондықтан ойша есептеп көрейік. Бір мектепте 2 мыңға жуық бала үш ауысыммен оқып жатса, бір мектепте 500-ге жуық бала ғана болады. Еліміздегі мектептердің басым бөлігі 1 200 және 600 балаға лайықтап салынған. Соған сүйеніп әр оқу ошағында орта есеппен 700 бала білім алып жатыр десек, 4 мыңға тарта өзге және аралас тілде оқытатын мектептерде 2,5 млн шамасында бала бар. Біз осыншама жас буынға қазақ тілін үйрету мәселесін көтеріп отырмыз.
Түйткілдің түйіні тарқағанда... 2,5 млн бала жалпы халықтың болмашы бөлігін ғана қамтитын болар. Бірақ өзге ұлттар мен шетелдіктерге қазақша үйретудің үздік үлгісі жас буынға жетік меңгертуден басталмай ма? Осы жерде оқырманда «Өзге ұлттар мен шетелдіктерге қазақша үйрету тіліміздің өрісін қаншалықты кеңейтеді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Анық дерек: дүние жүзінде 110 млн ағылшын бар. Алайда әлемдегі ағылшын тілін қолданушылардың саны бір жарым млрд-тан асады. Сонда ағылшын тілінің өрісі оны үйренген 73 пайыз шетелдік пен өзге ұлттың есебінен кеңейген. Қазақ тілінің өрісі кеңейсе, қазақ тілі мектептегі сабақта ғана қолданылатын 45 минуттық тіл болмас еді.