Орал қаласында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» атты акция жүріп, оқушыларды мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге тарту үшін үгіт-насихат тобы құрылғанын бұрын жазған едік.
Міне, қыркүйек те иек астына келіп қалды. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, балаларды қазақ сыныптарына қабылдау бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен өңірлер қатарына Батыс Қазақстан облысы да кіріпті. Бұл жергілікті сала басшылары мен зиялы қауымның үйлесімді әрекеті арқасында қол жеткен нәтиже.
«Оралдың оқушылары қай тілде оқиды?» («Egemen Qazaqstan» 4 мамыр, 2022 жыл) атты мақаламызда айтылғандай, бір ай бойы Оралдың зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мектептер мен балабақшаларды аралап, ұл-қызын орыс тілді мекемеге бермек болып отырған қазақ ата-аналармен кездескен болатын.
Қазақ зиялыларының мұншалық мазасыздану сыры неде?!
Қараңыз, соңғы жылдары Орал қаласындағы мектептер мен балабақшаларда мемлекеттік тілді кейін ысырып қойып, орыс тілін таңдаушылар көбейіп кеткен. Мысалы, өткен 2021-2022 оқу жылында оралдық оқушылардың 57 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алған. Ал орыс тілінде білім алып жатқан оқушылардың 47 пайызы, яғни 10 829-ы – қазақтар болған. 2021-2022 оқу жылында Орал қаласында 1-сыныпта оқитын бала саны 6 465 болса, соның 3 096-сы, яғни 47,88 пайызы ғана қазақ мектебінде оқыған. Ал орыс тілінде білім алып жатқан 2 744 оқушының ішінде 1 483 баланың ұлты – қазақ. Сондай-ақ Оралдың мектепке дейінгі мекемелерінде 2 177 қазақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленіп жатыр екен.
Сонымен, «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы қалай өтті? Қандай нәтиже бар?
– Қыркүйекте басталатын 2022-2023 жылғы оқу жылында Орал қаласында 7 мың оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бір қуаныштысы, осының 65 пайызы, яғни 4 509 оқушы мемлекеттік тілде оқуды таңдады. Былтырғы көрсеткіш 57 пайыз еді, көріп отырғанымыздай, биыл 65 пайызға көтерілді, дейді Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова.
Елімізде «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», оның ішінде «Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесін арттыру» жоспары жүзеге асырылып жатыр. Жоғарыдағы акция да осы жоспар аясына кіреді.
2022-2023 оқу жылында Орал қаласында 1-11 сыныптарда барлығы 58 824 оқушы білім алады. Жалпы ашылған 282 сыныптың 186 (65,9%) сынып-кешені қазақ тілінде, 96 сынып - орыс тілінде оқитын болады. Өткен жылмен салыстырғанда қазақ сыныптарының саны 6,3 пайызға өсіп отыр.
Сонымен қатар Орал қаласында тек қана орыс тілінде білім беретін мектеп саны жыл өткен сайын азайып келеді. Мұны заман талабы деу керек. Өйткені мемлекеттік тілде білім алғысы келетін балалар саны тұрақты түрде артып келеді.
Мысалы, бұрын тек орыс тілінде білім берген №16 мектепте 2020-2021 оқу жылында қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық сыныбы ашылған болатын. Келесі жылы мұнда 1, 2, 3, 4 сыныптар пайда болды. Осылайша, мектепте мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың ара салмағы жыл өткен сайын арта береді. Осындай жолмен толығымен қазақ мектебіне айналған білім ордалары да аз емес.
Сонымен қатар №3, 6, 7, 23, 32, 39 мектептерде және Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында қазақ тіліндегі мектепалды даярлық сыныптары ашылды. Мұндай даярлық сыныптарының маңызы үлкен. Бұл жерде орыстілді балдырғандар мен олардың ата-аналары мемлекеттік тілде білім алуға бейімделіп, нақты көмек алатын болады. Ал №32 мектеп пен Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында биылдың өзінде 1 сыныптар ашылды.
– Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде қала бойынша тек орыс тілінде оқытатын екі-ақ мектеп (№28 және №35) қалып отыр, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Орал қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, №3, 6, 7, 16, 23, 32, 39 мектептерде, Вальдорф бағытындағы және эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияларда мектепалды даярлық топтары мен 1 қазақ сыныптарын ашу жұмысы жалғаса бермек. Ал №17, №24 орыс тілді мектептерінде қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптар, №9 мектепте мектепалды даярлық тобы ашылып, оқушылар қабылданған.
Сонымен қатар орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілінде ашылатын мектепалды даярлық топтары мен 1-сыныптарға ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында ұзартылған күн тобы ашылады. Мұнда оқушыларға үйге берген тапсырмаларды орындауға көмек беріліп, тілдік қорын көбейту, функционалды сауаттылығын арттыру мақсатында әртүрлі форматта жұмыс жүргізіледі. Айта кетейік, жоғарыда айтылған «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы кезінде орыстілді ата-аналарды ең көп мазалаған мәселе болатын.
Әрине, білім мен тәрбиенің негізі балабақшада қалыптасады. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдар мәселесі әрдайым назарда болуы керек. 2021-2022 оқу жылы Оралда 2 177 қазақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленгенін айттық. Болашақта бұл мәселе де бірте-бірте жолға қойылмақ.
2021-2022 оқу жылы Орал қаласында 50 мемлекеттік бөбекжай және 1 мектеп балабақшасы жұмыс істеген. Осының ішінде 26 бөбекжай мен 1 мектеп балабақшасы мемлекеттік тілде оқытыпты. Бұл 54 пайыз деген сөз. Ал қазақ-орыс тілдерінде аралас оқытатын 24 ұйымда 108 қазақ тобы, 100 орыс тобы болған. Бұл жерде 2 641 бала – мемлекеттік тілде, 2 454 бала орыс тілінде оқыған.
– Ата-аналармен түсінік жұмысын жүргізудің нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында мектепке дейінгі білім беретін 50 ұйымда қазақ топтарының саны артты. Бұрын мұндай топтар 336 болса, биыл оған жаңадан 11 қазақ тобы қосылды, – дейді Ақжарқын Темірханова.
Дәл бүгін Орал қаласы бойынша 84 жеке балабақша қызмет көрсетіп тұр. Ол саладағы ахуал да жоғарыда айтылған жағдайға ұқсайды. Жеке балабақшалардың 53-і мемлекеттік тілде білім мен тәрбие берсе, 10-ы орыс тілінде, ал 21-і аралас тілде қызмет етеді.
Батыс Қазақстан облысы