«Егемен Қазақстанның» 75 жылдығы ресми түрде аталып өтетін болып, тайлы-тұяғымыз қалмай Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрына қарай жөңкілдік. Салтанатқа жұрт өте көп жиналды. Залда ине шаншар орын жоқ десе де болғандай. Елдің бәрі көңілді. Президиумда отырған үкімет мүшелері мен редакция басшыларының да жүздері жарқын. Баяндама жасалып, құттықтаулар айтылып біткен соң наградалар тапсыру рәсімі басталды. Бірінші болып аға тілші Тәжібай Битаев ағамыздың аты аталды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағының белгісін алуға шақырылды.
Қызықтың көкесі белгі тағып алған соң болды. Омырауын сипалап, микрофонды ымдап көрсеткен Тәкеңнің тірлігін сірә жиналыс басқарушысы рахмет айтқысы кеп тұр ма деп түсінсе керек, қолына ұстата берген. Сол-ақ екен ол: «Баласы Битай бидің Тәжібаймын!» деп басталатын атақты әнін шырқай жөнелді. Сөзі сәл өзгешелеу болғанымен, мақамы сол – еңбегінің ескеріліп, жоғары наградаға ие болғанына ризашылық білдірді. Қапелімде абдырап қалған жиналыс басқарушы орнынан тұрып барып, дүркірете қол соққан көпшілік дүрмегіне еріксіз қосылып кеткендей болды...
Қайран, Тәкең! Бүйтпесе Тәкең болар ма еді! Осылайша рахмет лебізін әндетіп жеткізген ағамыздан кейін: «Қалай, алдын ала дайындалып барып па едіңіз?», – деп сұрасақ: «Қайдан, өлең деген табан астынан шығады емес пе, сахнаға көтерілгенше басыма сарт ете қалды», – деп жылы жымиды да қойды. Сонан соң: «Сендер не, мен Американы жаңа ашқандай, ауыздарыңды аңқитасыңдар. Мұндай үрдіс бұрын да болған. Жәкең Мәскеуде жырлап рахметін білдіргенде, мен не, өз елімде тұрып бір ауыз өлең-алғысымды айта алмаймын ба?» – деп ағынан жарылған.
Тәкеңнің өзіне тән мұндай қылықтары мінезіне сай келіп, жарасып-ақ тұратын. Бірде жоғары жақ аудандық газеттердің беделін көтереміз деп, редакцияның сақа журналистерін көмекке аттандырмақшы болды. «Кім барады?» – дегенде тағы да белсеніп Тәкең шықты. «Менің бұрын аудандық газетте істеген тәжірибем бар, жұмысты қалай ұйымдастыруды білемін», – деп сонау қияндағы Созақ ауданына аттанды да кетті. Ұмытпасам, сол жақта айдан астам жүріп, жергілікті жердегі әріптестеріне көп көмек көрсеткен еді.
Тәкең қызмет таңдамайтын, секретариаттан бастап барлық бөлімнің жұмысын бес саусағындай білетін. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және транспорт бөлімдерін басқарды. Совет құрылысы бөліміне де жетекшілік етті. Әр журналистің өздері бейімделген жазуына қолайлы тақырыптары болады ғой. Мәселен, біреу сын материалдарға құлшынып тұрса, екіншілері очерктер мен репортаждарға мәттақам деген сияқты. Біздің Тәкең кәдуілгі жай мақаланың майталманы еді. Мақала болғанда да күшеншек, қарадүрсін дүниелер емес, күнделікті нөмірлерге қажетті қысқа хабарлардан бастап, аз сөзбен көп ой айтатын, салиқалы да салмақты корреспонденцияларға дейін бір деммен «айдап шығатын» (өз сөзі). «Ал, Тәке, мына бетке мұнша жол керек болып тұр», – деген нөмір жүргізушінің сөзін ести салып, жол-жөнекей қойын дәптерін парақтап машбюроға қарай аяңдап бара жатқанын көріп қалатынбыз. Енді бір қарағанымызда ыңылдап, әнін айтып, қолына басылған материалын ұстап макеттегі «тесікті» толтыруға баспаханаға қарай кетіп бара жататын.
Тәкең университетті бітірген соң біраз жүріңкіреп барып, кештеу үйленді. 1969 жылдың ортасына таман отау құрды-ау деймін. Айдаркүл атты жеңгеміз ағамызға Дана және Дина атты екі қызды бірінен соң бірін сыйлады. Тәкеңнің арманы енді бір ұл бала еді. Күндердің күнінде жеңгеміздің аяғы ауырлап, бәріміз жақсы хабар күтіп жүрдік. «Ұл болады», деп сендіріп қойдық ағамызды. Соны білетін бір құрдасымыз уақыт жақындады-ау дегенде Тәкеңе жетіп бармай ма: «Ой, Тәке, несін айтасыз сіздің ауыл жақта үлкен бір қуаныш болғалы тұр. Жігіттер кешке қарай, жұмыстың соңына таман өзіңізге айтамыз деп жатыр, қапы қалмаңыз, дайындала отырыңыз», – деп ескертуді де ұмытпайды. «Дайындалып отырыңыз», – дегенді өзінше түсінген Тәкең дүкенге барып бір-екі бөтелке арағы мен тіскебасарын алып, бөлмесінде күтіп отырады. Сағат алтыларға жақындағанда: «Асығыс едім», – деп Дәрібай келіп жүз грамын ішіп кетеді. Артынша Елемес келіп, өз сыбағасын тартып алады. Қойшы, сонымен жігіттер кезек-кезегімен кіріп, өз үлестерін тауысып кетіп жатады. Тәкең әрқайсысының бетіне жалтақ-жалтақ қарап, жақсы хабарды қайсысы айтар екен дегендей елеңдеумен болады. Елдің ең соңын ала келген Бекең де мыңқ демесе керек. Сонда шыдай алмаған Тәкең: «Оу, айтпайсыңдар ма енді айтам дегендеріңді», – деген ғой. «Нені?» – дейді Бекең жорта түсінбеген боп. «Әлгі біздің ауылда болады деген қуанышты хабарларыңды», – дейді Тәкең. «Е, оны ертең Әділ айтады, – дейді Бекең есіктен шығып бара жатып. – Бағана ол аяқ астынан кезекшілікке «тың көз» болып кетті ғой. Айтуға үлгере алмаған болар. Ертең айтады».
Беу, дүние-ай! Бәрі бір-бірімен жарасып жатқан жастық шақтың қайбір қызықтарын айта береміз. Таусылмайды ғой оның бәрі. Не болса соған себеп-сылтау іздеп, титтей қуанышымызды таудай табысқа балап, жуып жіберуге әрқашан да әзір тұратын әрқайсымыз, кейде жоқтық жомарттың қолын байлайтындай тұстарда, тіпті, кімнің қалтасында қанша тиын барына дейін біліп отырушы едік. «Бала, бүгін байқа, – дейді бірде Бекең маған басқаларға білдірмей. – Тәкеңе көп тиісе берме. Жаңа Совет келіп ескертіп кетті, екі жартыға жетерліктей гонорар алыпты, түк сезбегендей қалып танытайық». Сол күні жұмыс біткенше мұрнының ұшынан ыңылдап ән айтып көңілді жүретін Тәкең сағат алтыдан өте бере дәлізге шығып өтірік жөтеліп, онысын бір емес, бірнеше рет қайталап шығар есікке қарай беттеді. Соны аңдып тұрған біз: Бекең мен Сәкең бастаған топ қаздай тізіліп соңына ереміз. Далаға шыққан соң Тәкең ұзап кетпей, әлдекімдерді күткендей, жан-жағына қораздана қарап оқшауырақ барып тұрды. Міне, сол кезде біреуіміз сигаретімізді ұсынып, біреуіміз сіріңке беріп дегендей, жанына жақындай түстік. Темекі тартпайтын тағы біреуіміз жүгіріп барып жанымыздағы киоскіден «Вечерняя Алма-Атаны» (ол кезде қазақшасы әлі шыға қоймаған) сатып әкеп Тәкеңе ұсындық. Міне, осы кезде ол бәрімізге паңдана қараған қалпы:
– Неғып сендер бүгін мені жақсы көріп қалдыңдар, ә! – деп өзі де шыдамай күліп жіберіп кафеге бастай жөнелді.
Құдай да адамның пейіліне қарай қарайласа ма деймін. Үнемі қуанып, өзінің де, өзгенің де көңілін көтеріп, қолынан келсе жақсылық жасауға бейім тұратын ақ адал ниетіне сай, жоғарыда айтылған әзілден кейін Айдаркүл жеңгеміз өмірге Сәкен атты (естуімізше, таяуда үйлену тойы болатын сияқты) ұл бала алып келді. Сөйтіп, ағамыздың үйінде ақ түйенің қарны жарылды. Ойхой, сол жылдарғы Тәкеңнің талантының тасығаны-ай, десеңші! Әншейінде де жұмыс десе жанын салып істейтін ол мақаланың түр-түрін бірінен-соң бірін бората бастады. «Бала деген періште ғой, – дейтін ертеңгілік ол Шолпанның жанында диктовка жасап отырып. – Түннің бір уағында іңгәлап белгі береді. Мен орнымнан тұрамын да, жаялығын ауыстырып қайта жатқыза қоямын. Содан қызметке кеткенімше қыбыр етпейді. Ал мен мақаламды да жазып бітіремін, шайымды да ішіп боламын, Айдаркүл мұның бәрін сезбей қалады. Сөйтіп, таңертең: «Мына бала ана қыздарға қарағанда тыныштау болатын түрі бар. Түнде, тіпті, астын да бүлдірмейді», деп қалса: «Өзіме тартқан ғой», – деп мейірленіп қалатынмын.
Қаншама қатал деген басшылар да Тәкең қалжыңдаған кезде қаһарынан қайтып, жайма шуақ қалпына түсіп қалғанын өздері де байқамай қалушы еді. Балғабек Қыдырбекұлы редактор болып тұрған тұста Тәкеңнің жетекшілігімен шығатын «Қызыл қалам» атты қабырға газетінде елеусіздеу бір қате кетіп, Бәкең: «Байқамайсыңдар ма, партком қайда, местком қайда? Олар неге қарап шықпаған?» деп сәл-пәл дауыс көтерген болды. Сол кезде бір шетте бәрін тыңдап тұрған Тәкең: «Бәке, әркім өзі басқаратын газетін білуі керек қой. Осы біз араласпаймыз сіздің «СҚ-ны» басқаратын өкілеттігіңізге», – деген кезде жапырлап газет оқып жатқан журналистер ду күліп (ағамыз «Қызыл қалам» қыстырылмай тұрып бірде-бір материалын оқытпай құпия ұстайтын), оған редакторымыз да еріксіз қосылып, езу жиған еді. Әйтпесе албаты әзіл болса, Бәкең дес берер ме еді...
Қалжың дегеннен шығады, Тәкеңнің осындай аңқылдақ мінезін түсінбейтіндер айтқандарын сол қалпында қабылдап, кейін өзін қожанасырлық қалыпқа түсіретін кездері де ұшырасып тұрады. Бірде бөлмеме кіріп келді де:
– Бүгін сәл ертерек қайтайықшы, – деді.
– Жарайды, – дедім себебін де сұрамастан.
Сағат бестен өте бере есіктен қайта сығалады:
– Кеттік! Бол тез!..
– Не боп қалды?
– Бүгін сені қуырдаққа тойдырамын, – деді екеуміз автобусқа отыра берген кезде қалтасынан поштаның сары қағазын шығарып. – Ауылдан ет келіп, соны тез барып алуымыз керек. Бұзылып кетуі кәдік қой.
– Ет екенін қайдан білдіңіз?
– Е, қазір ауылдан еттен басқа не келуші еді? – деді Тәкең өзінің философиясына басып.
Үйге келіп, бірден ас әзірлейтін бөлмеге кірдік. Ағамыз жәшік ашатын құралдарын алдын ала дайындап қойса керек. Үстел үстіндегі кемпірауыз бен пышағын іске қосып, жәшіктің шегелерін суырып-суырып алды. Іштен дәкеден тігілген дорбаға салынып, жан-жағы шағын форматты аудандық газетпен нығыздап тастаған маржандай ақ күріш шыға келді.
– Ту, иттер-ай! – деп Тәкең орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Мен ләм-лим деместен, қолыма іліккен аудандық газеттерді ары-бері аударыстырып қарай бастадым.
– Әй, немене, қатесін шығарып жатырсың ба? – деді бір кезде ол тоңазытқыштан жартылығын суырып алып. – Бұл әпенделер әзіліңді де ұқпайды...
Онсыз да күйіп-пісіп тұрған жанды орынсыз сұрақ қойып қинай бергім келмей, құйған шарабын тартып жібердім де, қайтадан газет оқуға көштім. Сәлемдеме сырын өзі айтатынын білдім.
– Ана жолы ауылдағы жамағайынымның баласы келіп кеткен еді, – деді Тәкең темекісін тұтатып. – Содан сөзден сөз шығып, мектепте бірге оқыған Жақсылық деген жолдасымның жағдайын сұрап қалғам. «Ой, ол шоң бастық болып кетті ғой», – деді әлгі бала. «Қайда?» – дедім, шынында да, бір жаққа үлкен бастық болып кеткен шығар деп. «Күрішке, деді ол, ауылдағы звеноны басқарады». «Е, онда күріш жейді екенбіз ғой», – дегенмін де қойғанмын. Сөйтсем, көрдің бе ендігі тірлігін, маған посылкамен не салып отырғанын. Ой, кеще неме, Алматыда күріш жоқ деп ойлай ма екен-ей, ә... Қап, Айдаркүлден ұят болды-ау. Қатынның бетіне қалай қараймыз енді...».
Тәкең біресе күледі, біресе кейиді. Ара-арасында өзін де сыбап алады. Осылайша арқа-жарқа болып отырғанымызда есікті айқара ашып, арғы жақтан жеңгеміз кіріп келе жатты.
– Неғып отырсыңдар, шам жақпай? – деп ол кісі ас үйдегі тоқ қосқыш түймені сырт еткізіп басып қалып.
Бірақ лампочка жана қоймады, күйіп кетсе керек.
– Аузымызды онсыз да табамыз ғой, – дедім мен әзілдеген боп.
– Мыналарың не? – Айдаркүл жауап күтпестен аузы ашық жатқан посылка жәшігінің үстіңгі бетіндегі адресті оқып шықты да, мәселені бірден түсінгендей қалып танытып: – Әй, Тәке-ай, – деді, – осындай әпенделік әзіліңді қой деп қашанғы айтамын. Масқара-ай! Елге не бетімізді айтамыз, Алматыдағылар ауқат таппай, ауылдан күріш сұратып жатыр деген атқа қалмасақ жарар еді. Әй, толып тұр емес пе, бұл күріш дегенің әр дүкенде!..
– Ол күрішпен бұл күрішті салыстыруға болмас, – деп қояды Тәкең де «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп.
Жеңгеміз қолын бір сермеді де, ішкі бөлмеге кіріп кетті.
– Әй, Айдаркүл! – деп айқайлады бір кезде Тәкең даусын көтерген боп. – Ауыстыр мына лампочканы, қараңғыда отыра береміз бе, осылай!
– Ой, Тәке, оны өзіңіз-ақ ауыстыра салмайсыз ба? – дедім мен таңғалып.
– Ойбай, мен тоққа түсіп қаламын ғой!..
Ал, енді бұған не дерсіз? Кезекті қалжыңы шығар деп бетіне қарасам, шыны сияқты. Ежірейіп жеңгеміз кіріп кеткен бөлме есігін бағып тұр. Шыны екеніне Айдаркүл шығып, лампочканы қолма-қол ауыстырғанда ғана барып көз жеткізгендей болдым.
Қарапайымдылығы болар, Тәкең еркектің кейбір тірліктеріне онша мән беріп, көп араласа бермегенімен (қой түгілі тауық бауыздай алмайтын), отағасылық міндетіне адал болатын. Жеңгемізді қай жерде жүрсе де мақтап аузынан тастамайтын, ұл-қыздарының қылықтарын айтып, мерейленіп отыратын. «Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» дегендей, алып бара жатқан байлығы да, сіңірі шыққан жарлылығы да байқалмайтын. Өзіне қарай қосағы, қазанына қарай ошағы үйлесіп тұрушы еді. «Құданың құдіреті, – деп отыратын, – осы уақытқа дейін қыстыгүні қолыма қолғап киіп, жаздыгүні басыма қолшатыр ұстап көрген емеспін. Бұдан былай да сол қалпымнан таймайтын шығармын...».
Біздің Тәкең дәл осылай ешкімге ұқсамаған қалпы көз алдымызда қалып қойды.
...Егер ол мына жалған дүниеде жүре бергенде бұл күндері сексен жастан асқанын тойлап жатар ма едік. Бірақ тағдыр оған жазбады: Тәкең жетпіске жетпей бақилық болып кетті. Әйтсе де оның аты ұмытылмақ емес. Адал жар, асыл ана Айдаркүл жеңгеміз өзінің ұл-қыздарымен бірге Тәкең жаққан отты өшірмей, одан әрі жалғастырып келеді.
Әділ ДҮЙСЕНБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Суретте: (солдан оңға қарай) Ә.ЖӘМІШЕВ, С.АҚТАЕВ, Т.БИТАЕВ және Н.ОРАЗБЕКОВ.