• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Тамыз, 2022

Жастар спорты қолдауды қажет етеді

648 рет
көрсетілді

Жастар – елдің ертеңі. Ендеше, олардың амандығы мемлекеттің саулығы деген қорытынды шығарсақ қателеспейміз. Осы орайда жеткіншектердің денсаулығын жақсарту, соның ішінде спортпен айналысуға баулу өзекті мәселе екенін ешкім жоққа шығармайды.

Ресми деректер балалар мен жасөспі­рім­дердің үштен бірі ғана белсенді өмір салтын ұстанатынын көрсетеді. Отан ал­дындағы борышын өтеуге тиіс жастардың 40 пайызы әскери қызметке жарамсыз. Оның үстіне, денсаулық сақтау саласы мамандары кей ауру түрлерінің жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағып жүр.

Қуанышымызға орай, жастар арасында спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанатындар саны біртіндеп артып келеді. Өрендеріміз физикалық және психикалық саулықтың кепілі спортпен жүйелі шұғылдану керек деген идеяны түсінгені, мұның қазіргі тілмен айтсақ трендте екенін аңғара аламыз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жастарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту процесінде оң динамика бар. Кейінгі жылдары бұл көрсет­кіш тұрақты өскені байқалады. Мәсе­лен, 2013 жылы 2,3 млн жеткіншек дене шынықтырумен шұғылданған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млн-ға жеткен. Әрине, 7 жылда спортты серік еткен жас­тар күрт артпады. Дегенмен оң нәтиже байқалады.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы жүргізген «Жастардың негізгі страта­ла­рының проблемалары мен қажеттіліктері» әлеу­меттік сауалдамасынан қызық мәлімет байқадық. Жас ерекшелігіне қарай спортпен шұғылданатындар саны да өзгереді екен. Мысалы, 14-18 жастағылардың 25 пайызы бос уақытын дене шынықтыруға арнайды. Алайда есейген сайын жастар спортқа аса ден қоймайтын көрінеді. 19-23 жастағылардың – 22,8 пайызы, 24-28 жастағылардың 18 пайызы ғана саламатты өмір салтын ұстанады.

Аталған орталық жүргізген сауалдамаға жауап бергендер құрдастары арасында спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау қажетін атап өткен екен. Жалпы, қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мемлекет басшысы­ның «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша бірқатар міндет қойылды. Атап айтқанда, облыс әкімдеріне спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңмен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Президент 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да балалар үшін спорт ғимараттарын барынша қол­жетімді ету мәселесін көтерді. Осының аясында Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген болатын.

Кейінгі жылдары тұщымды нәтижеге қол жетті деп айта аламыз. Мәселен, қазіргі таңда елімізде жалпы білім беретін 5 428 мектепте спорт залы бар. Мәдениет және спорт министрлігі 101 спорт федерациясына аккредитация берген. 2 393 ауылдық округте үш мыңнан астам спорт нұсқаушы жұмыс істейді.

Министрлік 2025 жылға қарай балалар-жасөспірімдер клубтарының санын 579-дан 718-ге дейін, балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубтарының санын 107-ден 282-ге дейін, спорт ғима­раттарын 23,9 мыңнан 30 мың бірлікке дейін көбейтуді жоспарлап отыр.