• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Тамыз, 2022

Құбылмалы әлем: Қағаз кітаптың тағдыры

2639 рет
көрсетілді

Әлем көз алдымызда сәт сайын өзгеріп жатыр. Бүгінгі жаңалық ертең ескіруі мүмкін. Тіпті минуттар арасындағы үнсіздіктер ұлы дүбірге айналып, өз жұлдызын жағып жатыр. Кейде адамның қоғам алдындағы жауапкерші­лігі қандай, бұл үшін қай кезде есеп беруі керек деген сансыз сұрақтарға шырмаласың да қаласың. Кейбірі жауабын өзі береді, ал кейбірі мәңгі жа­уапсыз. Ал ұлттың, қоғамның ашық ойлы зиялысы, сөз ұстарлары саналатын қаламгерлердің міндеті қандай? Оған олардың қаламынан туған кітаптар жауап бере ала ма? Осындайда көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген пәлсафасы еске түседі. Шынымен де адамзаттың қазіргі жетістіктеріне жетуіне, саналы қоғам құруына кітаптың атқарған рөлі айрықша. Осы дөңгелек үстелде «Қазіргі және болашақтағы қағаз кітаптардың тағдыры қандай?» деген сұраққа жауап іздедік. Сұхбатқа Кнут Одегард (ақын, Норвегия), Қуаныш Жиенбай (жазушы, Қазақстан), Танер Мурат (аудармашы, әдебиеттанушы, Румыния), Аида Эгембердиева (ақын, Қырғызстан) қатысып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Интернет – сезімсіз әлем

Кітап – руханияттың күретамыры. Бірақ қазір жазушылардың кітап шығару мәселесі бұрынғыға қарағанда көп өзгерістерге ұшырады. Сіздер жақта жағдай қалай? Кітап шығару мәселесі жазушыларға тиімді ме? Қағаз кітаптардың орнын интернет басады деген көзқарастар айтылып жатыр...

Кнут Одегард:

– Кітап – руханияттың қан тамыры деген сөзге келісемін. Ал бұған мен музыка мен бейнелеу өнерін қосар едім. Сондай-ақ менің елім Норвегиядан да кітап шығару барысындағы біршама өзгерісті байқауға болады, бірақ бұл дәстүрлі кітап өндірісі үшін әзірге нақты проблема жоқ. Өз басым кәсіби баспалар шығаратын қағаз кітаптардың әлі де өмір сүргенін қалаймын. Кітаптар­дың қоғамға, ортаға беретін әсері көп, оны бұл жерде айтып түсіндіре алмаймын. Біздің елде қағаз кітаптардың орнын интернет алмастырған жоқ. Қағаз кітаптар әлі де өз рөлінде, бұдан кейін де солай бола беретін шығар. Ал сен көтеріп отырған мәселеге келсек, мүмкін шығармашылығын жаңадан бастаған жазушылар кітаптарын кәсіби баспаларда басып шығаруда қиындықтар­ға тап болғанда олар көбінесе интернет арқылы оқырман тапқанды жақсы көреді, оларды да түсінуге болады. Ал белгілі бір сапа көрсеткіші болғанда, олардың да кітаптары қағаз нұсқада басылып шығатынына сенімдімін. Алда Нор­ве­гиядағы ең үлкен баспалардың жұ­мысы тоқтап қалмайтынын, кітап пен интернет әлеміндегі көзқарастың да дұрыс­талар күні туады. Менің ойымша, жас және жаңа ұрпақ үшін жағдай басқаша болуы мүмкін, бірақ олар кейде интернеттегі әлемді өздері жасайды.

Қуаныш Жиенбай:

– Кітапсыз өмір сүру дегенді көз алдыма елестете алмаймын. Мұны бір данышпандықпен айтып отырғаным жоқ. Қаламгер ретінде өз басымнан жиі өтетін мына жайды да айта кетейін, бәлкім, бұл өзгелердің табиғаты­на да тән болуы мүмкін. Күн сайын төпеп жаза беретін жағдай қайда? Мұның түр­лі себеп-салдары жетерлік. Қағазға түс­кен шашыраңқы, бір қайнауы ішіндегі шала-жансар дүниені беталды ши­майлай бергеннен гөрі үстелден тұрып кет­кенің әлдеқайда пайдалы. Сондайда әлем мойындаған жазушының, мейлі бұрын оқысаң да, таңдайға түскен қант қиығындай, салғаннан еріп жүре беретін бір-екі бет маржан сөздерін қайталап бір шолып шығыңызшы, жан-дүниең жадырап шыға келмесе – сәлемімді алмай-ақ қойыңыз!

Ал мың жерден «әулие» десеңіз де, интернет мұндай сезімге кенелте алмайды. Интернет – алып-ұшпа көңілге ауадай қажет, жылдам алынатын ақпарат көзі. Керек. Бәлкім, біз оның мүмкіндіктерін әлі де толық пайдаланбай жатқан шығармыз. Ал ойын, идеясын «мидың мың градустық домнасына» салып, шынықтырып шықпайынша, ба­йыз таппайтын пенде үшін қағаз кітаптан артық «жедел жәрдем» жоқтың қасы. Менің пайымдауымша, қағаз кітаптың қажеттілігі күн тәртібінен түсіп қалуы мүмкін-ау немесе күндердің-күнінде солай болады-ау деудің өзі күпірлік.

Кітап шығару – күрделі мәселе. Оның қиындығынан бұрын ақ адал еңбегің ақтала ма, көңілдегідей қаламақы төлене ме? Ауызды қу шөппен сүрту – артық. Қазір кітап шығару шаруасымен айналысатын тиісті министрлікте екі түрлі жоба-бағдарлама бар; бірі – мемлекеттік сатып алу, екіншісі – кітап басып шығару, тарату. Жолың болып біріншісіне тыр­нақ іліктірсең, шала-шарпы бір «ба­йып» қалатының анық. Мемлекет қабылдап алған қолжазбаның әрбір баспа табағына пәленбай мың қаржы төленеді. Екіншісінің де «құр аяққа бата жүрмейтіндей» қауқары бар. Ең бастысы – бүгінгі талғампаз оқырманның талабын қанағаттандырарлық толымды туынды тудыра біліңіз! Тағы да қайталайын, қа­шан болмасын, жақсы жазылған шы­ғар­маның жұлдызы жоғары. Бүгін бе, ертең бе, бәрібір кітап болып басылып шығады, жерде қалмайды. Баяғыдай «қаптап» алатын қаламақы болмаса да, адал ниетпен атқарылған еңбегің елеу­сіз қалмайды. Қағаз кітаптың насихаты жөнге түсіп, дүйім ел құлақтанған сайын оның құны да арта түседі. Бұл процесс қаламақыға да тікелей байланысты.

Танер Мурат:

– Бұған ешқашан интернет кінәлі емес, оның үстіне қағаз кітаптардың орнын ол баса алмайды. Ал электронды және аудиокітаптарға сұраныс артқаны шындық. Керісінше, интернетті барлық кітаптар түрін таратудың және жариялаудың өте тиімді құралы ретінде бағалау қажет. Қазір кітаптарды басып шығарған соң, оны әр жаққа тарату, насихаттау, сату, жарнамасын жасау, кітапхана қоймаларына қою, тіпті кері байланыс жасау үшін интернеттің рөлі басым, тіпті бұл шаруаларды интер­нетсіз елестету мүмкін емес. Кітап шы­ғару жазушының емес, оқырманның көңілінен шығуы керек, өйткені ол – тапсырыс беруші ғой. Соңғы жылдары технология баспа өндірісінде бол­ған негізгі кедергілерді жойды. Цифр­­лы басып шығару технологиясы қа­ғаз кітаптарды қолайлы бағамен ша­ғын басылыммен, тіпті бір рет басып шығаруға мүмкіндік беріп жатыр. Оның үстіне бұл барыс электронды кітаптар мен аудио өндіріс шығындарын азайтады. Мысалы, біз бүгінде пайда көріп отырған технологиялық құрылғыларсыз Румыния­дағы небәрі 22 000 тұрғыны бар татар жұртшылығына шағын нарық­қа жүгіну мүмкін емес еді. Сондықтан мәселе кітапты қалай жариялауда емес, қалай таратуда болып отыр. Қағаз кітап­тардың оқырман қолына жетуі қиын­дап барады. Неліктен? Бұл – олар­дың талғамы мен күнделікті тұрмыстық әдет­тері өзгергендіктің белгісі. Жас оқыр­­мандар электронды құрылғыларда оқуды немесе тыңдауды ұнатса, қарт адамдардың саны күн санап азайып барады. Сондықтан қайшылық жазушы мен оқырман арасында емес деп есептеймін. Басты мәселе жазушының нарық сұранысына бейімделуден бас тартуынан болып отыр. Сол үшін біз ең алдымен, қазіргі оқырманның профилін жасайық. Олардың талғамына сай жұ­мыс істейік. Біз оқырмандарымыздың жо­ғары білімді, технологиялық прогресс пен электронды құрылғыларына бейім­делген, тіпті олардың үнемі қар­баласта жүретінін жақсы білеміз. Сон­дықтан бүкіл кітап өндірісін қа­зіргі оқыр­мандардың профиліне бейім­деу керек. Бірақ кітаптарды жеке сату­шы­лар және басқа мүдделі тараптар жаңа қа­жеттіліктерге бейімделіп үлгер­гені­мен, қаламгерлер әлі де болса көне сүр­дектен аса алмай, жаңа қажет­тілік­терге икемсіздік танытып келеді. Сол үшін қазіргі жазушыға бәрін дерлік өз­герту керек: тақырыптар, жазу стилі, оның жаңа басып шығару мен тарату әдістеріне көзқарасы, бәрі де өзгеруі тиіс. Әйтпесе ол уақыты аз, білімді де жұмыс басты оқырманның қажетінен шыға алмайды.

Аида Эгембердиева:

– Кеңестік өмірдің қыр-сырын көрген біздің ұрпақ кәсіби жазба әдебиеті бас­талып, қалыптасып, өзіндік даму жо­лын тапқан ғасырда өмірін кітапсыз елес­тете алмаған соңғы ұрпақ деп ойлай­мын. Студенттік шағымыз Кеңес Одағының ыдырауымен тұспа-тұс келді. Соның салдарынан бізден кейінгілер бірте-бірте кітаптан алыстап кетті. Интернет кең тараған. Кітапқа қатысты кейінгі балалар мен болашақ ұрпақ туралы бірдеңе айту қиын. Кітапқа қажеттілік болмаса, жазушылардың кітабын басып шығарудың маңызы азаятындай сезіледі. Бірақ қазір қағаз кітаптар шығып жатыр. Мәселе қандай кітаптар деген сұрақ туындайды. Кеңес Одағының 70 жылында қырғыз әдебиетінде 70-ке жуық роман, ал тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде 150-ге жуық роман жарық көрді. Сол авторлардың ішінде әдебиетте бұ­рыннан қызмет етіп келе жатқан ұлы жазу­шылар да, сонымен қатар жаңа ғана қолына қалам алған қаламгерлер де бар. Тіпті олар бірден роман жазуды «бастап» кетті. Сандық және мазмұндық талдауға келгенде, олардың ішінде философиялық, психологиялық, әлеуметтік, шытырмандық, детективтік романдар бар екені байқалды. Деңгейі әртүрлі. Бұл нені білдіреді? Бұл, әрине, әдебиетке деген жауапкершіліктің жоқ­тығын білдіреді. Тіпті есімі әлемге та­нылған Айтматовтың өзі әуелі повесть сияқты шағын жанрмен айналысып, көркем аудармамен айналысып, одан әрі романдар тудырды. Бұл өз уақытында ойланатын мәселе. Рас, дүниежүзілік тәжірибеде өмірінде екі-ақ шығарма жазып, бүкіл әлем таныған Льюис Кэрролл сияқты қаламгерлер бар. Ал біздікі басқа дүние, өзге әлем.

Иә, Қырғызстанда қағаз кітаптар қаз-қалпында шығып жатыр. Сапаны бақылау органы жоқ. Жылдық жоспар бекітіліп, жоспарға енген жұмыстар 5-6 рецензент пен редактордың қолынан өтіп, кейін баспаға ұсынылатын бұй­рық болмаған соң, сапа туралы сөз қозғауға болмайды. Қолында барлар қа­лағанын жазып, кез келген данада басып шығарады. Бірақ нағыз ақын-жазушылар қол қусырып отырған жоқ. Іскер баспалар келісімшартқа оты­­рып, классикалық шығармаларды қай­та басып шығарып, халыққа таратып жат­қан жағдайлар аз емес. Бұл енді оңай жағдай емес. Бізде драмалық шы­ғармалар сирек жазылады. Жуырда ғана қызметінен кеткен Мәдениет, ақпа­рат және спорт министріміз Қайрат Иманалиев – драма жанрында еңбек етіп келе жатқан әдебиеттің бірден-бір өкілі. Ең икемді жанр болғандықтан, Тәуелсіздіктің ең қиын жылдарында поэзиялық шығармалар жиі жазылды, кітаптары да жалғасын тапты, әлі де солай. Аға ұрпақ интернетке аса мән бермейтін сияқты. Бергендерін кітап етіп береді.

 Негізгі мәселе – әдеби шығарманың сапасы

– Сіздің елде жазушылар қалай күн көреді, үкімет оларға көмектесе ме, әлде олар өз бетінше өмір сүре ме?

Қуаныш Жиенбай:

– Үкіметтің көмегін әлгіде шым-шым­дап айттым, білем. Одан артық ауыз аша беру – екі жаққа да тиімсіз. Тиімдісі – әдеби конкурс, байқау, тұлғалар есімдеріне бағышталған жанр­лық жүлделердің санын көбейту. Көрші Ресейде жыл сайын жүздеген әдеби байқаулар өтіп жатады: «Ясная Поляна», «Большая книга», «Нос», «Чистая книга»... т.т. Бұл жердегі басты кілтипан –бәйгеге түскен шығарма алдымен зейін қойылып оқылса, жан-жақты талданса, әділдікпен шешімі шығарылса деңіз! Бәсеке сонда туындайды, шығарма­ның насихаты жолға қойылады. Оқырман­дар ондай туындыны іздейді, тұс-тұсқа сұрау салады. Бұл – қаламгерлерді де қанат­тандыратын құбылыс.

Бізде әлі күнге дейін шешімін таптырмай келе жатқан қиын түйін – әде­би агент шаруасы. Жазушылар ода­ғы жа­ны­нан әдеби агенттер бригадасы құ­рыл­са деймін-дағы. Жанрлық сек­циялар осы ба­ғытқа бейімделсе... Оның меха­низмд­ерін, кілтін табуды, менеджерлік қабі­лет-қарымы бар мамандар даярлау­ды алақтап аспаннан іздеудің қажеті шамалы. Бұған бейімді жастарды тарту да аса қиындық тудыра қоймайды. Ал­ды­мен жарамды шығармаларды солар баға­лап, баспалармен байланысты да солар ұйым­дастырса... Баспалармен ортақ шешімге келіп, қаламақы мәселесін де бірігіп шешсе, қаламгердің қолы біраз ұзарар еді, алаңсыз шығармашылықпен айналысар еді. Екі жаққа да тиімді тәсіл осы...

Кнут Одегард:

– Норвегия жазушыларына үкіметі­міз жақсы көмектеседі, олар әр жылы жаңа әрі сапалы көркем шығарманың 700 данасын (проза мен поэзия, кейде эссе және көркем әдебиет) сатып алып, бұл кітаптарды бүкіл елдегі көпшілік кітапха­наларға таратады. Бұл үлкен қа­лалардан алыста тұратын ауылдағы оқырман­дар­ға жаңа да сапалы кітаптарды үлкен қалалардағы оқырманмен бір уақытта оқуға мүмкіндік береді. Демек бұл елі­міздегі қаламгерлерге де, баспагерлерге де, оқырманға да тиімді. Бірақ бұл жердегі негізгі мәселе – әдеби шы­ғар­маның сапасы. Сондай-ақ бізде үкіметтік әдеби стипендиялар мен марапаттар бар. Сол үшін біздің елде қаламгер өз шығармашылығымен айналысып, жақсы өмір сүре алады.

Аида Эгембердиева:

– Қазір Қырғызстанда билік пен қалам­герлердің арасында үлкен түсініс­пеушілік бар. Жазушылар өз бақытта­рын өздері іздеуде. Мұның жақсы жағы да бар шығар, өйткені олар еркін, билікке де, үкіметке де байланбайды. Үкімет «мынаны жаз» немесе «мынаны жазба» деп нұсқау бере алмайды. Бір кез­дері әдебиет қоғамдағы саяси құрал болғанын тарих­тан білеміз. Барлық жасалған шығарма­лар­дан социалистік реализм талабы­на сай элементтерді іздеу үрдіске айналған. Өмір олай емес. Өмір шындығы бөлек. Бұл өмірде еш­қай­сымыз оң немесе теріс кейіпкер бола алмаймыз. Бір адамның бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Сол қиын кезеңдерде осыны жақсы се­зініп, шығармашылықтың тың бас­тамаларын байқаған қаламгерлеріміз болды. Айтматовтың «Қош бол, Гүл­сары», «Ғасырдан да ұзақ бір күн» ро­мандары сол тұстағы билікке жасы­рын наразылық білдірсе, Құбатбек Жүсубалиев, Қазат Ақматов, Асанбек Стамов, Мурза Ғапаров, т.б. жазушылар өз шығармаларын басқа да әдеби әдістермен жазып, кеңестік қоғам шең­беріне сыймайтын ой-пікірлерін біл­дір­ді, сол себепті де олардың біраз шығар­малары ұзақ жылдар бойы жарияланбай қалды.

Бір жағынан еркіндік болса, екінші жағынан, ең жақсы туындылардың тууы­на себепкер де қоғамның өзі. Шығар­машылық ең қиын сәттерде пайда болатындай көрінеді маған. Сабырлы адам ештеңе жаза алмайды. Қырғыз халқы өз тарихында талай сұрапыл соғысты бастан өткерді «Манаста» айтылғандай «бұзыла беретін, шашылғанды жинайтын» тәуелсіздікті аңсаған халық. «Манас» – сол ұзақ та қиын жолда дү­ниеге келген туынды. Өткен ға­сыр­­дың 20-30 жылдарын алатын бол­сақ, ұлттық әдебиет пен ғылымды орнық­тыруға деген құштарлық басым болды, басын қылыш кессе де, жолынан таймаған Қасым Тыныстанов, Сыдық Қарачев сынды ақын-жазушылар әне сол дәуірдің айқын мысалы. Олар осы әрекеті үшін қуғын-сүргінге ұшырады, қанды соғыс кезінде, соғыстан кейін сталинизм­нің қатал жағдайында жүрсе де, небір шығармалар жазып кетті. Бүгінде тірлік мимырт күннің аясын­да өтіп жатыр, ешкім баса назар аудар­маған соң, қуат­ты шығармалар жазылмай жатыр. Бос­тандық әрқашан шығармашылықты жақ­сарта бермейтін сияқты деген ойда қалдым.

Дегенмен билік пен қаламгерлердің ауызбіршілігін қалаймын. Қоғамды тәр­биелеудің жалпы бағдарламасы мен ортақ саясаты болса, жазушылар билік пен халық арасындағы көпір болар еді. Бұл жазушылардың құрметін арттырып, беделін көтерер еді. Мүмкін, біз бұған қол жеткізе алмаймыз.

Бүгінде неге екені белгісіз, жазушы болғысы келетіндер көп. Тіпті әдеби білімі жоқтардың өзі кітап шығарып, Жазу­шылар одағына мүшелікке өту үшін жанын салып жұмыс жасап жүр. Мен бұған әрқашан қарсымын: олар бұрын басқа мамандықта жұмыс істеп, балаларын өсіріп, жағдайларын жасайды, ал енді әдебиетпен айналысқысы келеді деген қорқыныш бар. Қазір мен Ұлттық Жазушылар одағы жанындағы Поэзия секциясын басқарамын. Одаққа кіргісі келетіндердің ең таланттылары «Әдебиет тарихы», «Әдебиет теориясы» пәндерінен арнайы емтихан тапсырып, содан кейін ғана Одаққа кіруге рұқсат етілсін деген мәселені көтеріп келемін. Одаққа мүше болу қаламгерге не береді? Қадір-қасиет пе? Қаламгер үшін жұлдызы жарқыраған белгілі бір ортада жүру маңызды ма? Көркем шығарманы дұрыстап жаза алмайтын қаламгерге жазушы куәлігі мен төсбелгінің құны жоқ деп ойлаймын.

Танер Мурат:

– Шығармашылықпен айналысуды бастағанда, тек осы саламен айналысатын жазушы жазу арқылы өмір сүре алмайтынын, тіпті өнер саласындағылар да өз өнерімен ойдағыдай өмір сүре алмайтынын түсінуі керек. Ал үкімет солай істеу мүмкін деуден танбай келе жатыр.

Шығармашылық хобби емес, кәсіп

– Негізінде шығармашылық –  адамның жеке хоббиі. Мысалы, етікші өз кәсібін жақсы көреді, бағбан да. Бұл туралы не ойлайсыз?

 Аида Эгембердиева:

– Жазу жеке хобби екені сөзсіз. Оны жазуға да, жазбауға да ешкім мәж­бүр­лей алмайды. Бірақ жазушыларды жайы­на қалдыру дұрыс емес екені анық. Қоғамды, болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін жазушылар мақсатты түрде үн қатуы, дауысын шығаруы керек, сосын олардың айтқанын жұртқа тарату қажет. Бұл жағдайда арнайы құрылғы жұмыс істеуге тиіс. Әдеби сын болуы тіптен маңызды. Сынсыз әдебиет ешқашан дамымайды. Әйтсе де, сол Одақ туралы айтатын болсам, мұның бәрі қозғалысқа түскен. Біз сол күндерді қайтаруымыз керек. Қырғыз әдебиеті­нің көптеген классикалық шығарма­лары билік пен өмір талабымен туды. Осындай жағдайда 2019 жылдың қазан айында Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының 85 жылдық ­мерейтойы қарсаңында жазушылар мен ғалымдар, мектеп мұғалімдері мен оқу­­­шылар, жоғары оқу орындарының оқы­­ту­шылары мен студенттері, оқу­лық авторлары бас қосып, қоғам өкіл­дерін шақырды. Үкімет, Білім және ғылым министрлігі, «Қазіргі қырғыз әдебиеті оқу үрдісінде» тақырыбында дөң­гелек үстел ұйымдастырып, диалог жүргіздік. Мектеп оқушылары қандай шығармаларды оқығысы келетінін айтып, жазушыларға талап қойып, қазіргі оқулықтардың жай-күйіне тоқталып, оны құрастырғандарға назын айтты. Содан бері осындай жағдайда оқу­лық жасаған министрлік, Жазушылар одағы, Білім академиясы бірлесе жұмыс істей бастады. Оқулықтарды қарт қа­ламгерлердің шығармаларымен толтыра бермей, жас, талантты қаламгерлердің шығармаларын қосу мәселесі өмірге келді.

Кнут Одегард:

– Мен мұны хобби деп айта алмас едім. Бұл – кәсіп. Оны әрі қарай жүргізу оңай емес. Әсіресе поэзиялық кітаптар мен романдарды өмірге әкелудің жүгі ауыр, ол үшін ұзақ жылдар жұмыс істеуге тура келеді. Әне соны түсінетін қоғам қайда бар?

Танер Мурат:

– Хобби – шығармашылықты ынталандыруы мүмкін, бірақ ол шектеулі дәрежеде ғана. Шығармашылық күш­ті оятатын нәрсе – құштарлық пен ерек­шелік. Құштарлық хоббиден әлдеқайда көп. Бұл сөзсіз сүйіспеншілік, сенім және құрбандықтан тұрады. Өз кезегінде, шынайылық, топ ішінде қалудан бас тарту, дара болу және бұрын ешкім жүрмеген жолмен жүру – жазушы үшін таптырмас мүмкіндік.

Қуаныш Жиенбай:

– Иә, жақсы шығарманы тудыратын адам қашаннан – жалғыз. «Жеке адамның хоббиі»... дәл табылған теңеу емес. Жазу – кейіпкерімен бірге отқа түсу, күйіп-жану, ақыр соңында бойыңдағы бар қуат-күшінен айырылып өліп-тірілу. Балықтар дүниесін біраз зерттедім, теңіз тақырыбы жаныма жақын. Көктем айында балықтар жағалаудағы қатты қайранға бауырын төсеп, уылдырық шашады. Біразының әлсіреп, қайтадан тереңге сүңгіп, балдырлар арасына барып, әл шақыруға шамасы жетпейді. Біразы салақтап қара қарғаның жемсауында кетіп бара жатады. Талай түн толғатып, туындысының соңғы нүктесін қойған қаламгерді де уылдырық шашқан балыққа көбірек ұқсатамын. Қолына енді қашан қалам алары белгісіз. Хобби – халтурщиктердің кәсібі. Шын талант – көктегі құдаймен жиі «байланыс жасап» тұратын құдірет күштің иесі.

Етікші өз кәсібін жақсы көріп, тапсырыс берушінің көңілінен шыға алмаса, дүңгіршегінің жабылып қаларын жақсы біледі. Ол да жалғыз, өзімен-өзі. Бәтеңкеңді жамап бергені үшін ақыны көбірек сұраса, оған таңғалудың қажеті жоқ, өз еңбегін тым арзанға бағаласа, қорқыныштың бір ұшы сонда.

Шеберліктің шегі жоқ. Қаламгер шығармасының жақсы тұсын да, нашар тұсын да сұңғыла сыншыңыздан гөрі өзі жақсы біледі. Кейде соны жұрт байқар ма екен деп, әдейі жібереді. Өзін сынағандағы түрі. Бұл да оңтайлы тәсіл емес. Түптің түбінде бәрібір «ұсталады». Етікші де ертең маған тағы келіп, өті­ніш айтса екен деп, етіктің нәлін олпы-сол­пы қаға салмайды. Барын салады. Көздің алдында өтірік айту – өлім. Қа­лам­гер де солай, нашар шығарма ұсын­са «оқырман соты» аямайды. Бірақ етік­шінің жағдайы жазушыға қарағанда бір пәс жоғары. Ақысы табанда қолға тиеді. Қаламгердікі – түйе толғақ.

Норвегтер әлі де кітапты қызыға оқиды

– Қазір көркем әдебиетті іздеп оқи­тын оқырман бар ма? Қандай жазу­шы­­лардың кітаптары мәңгілік оқы­лады?

Аида Эгембердиева:

– Аға ұрпақ кітаптан алшақтай алмады, кете алмайды. Шыққан кітаптар­ды іздеп оқиды. Енді Аалы Токомбаев, Түгөлбай Сыдықбеков, Мұқай Елебаев, Құсейін Есенкожоев, Қасымалы Жан­төшев, Қасымалы Баялинов, Ұзақбай Әбдуқайымов, Толыған Қасымбеков, Әшім Жақыпбеков, Көчкен Сақтанов, Шұқырбек Бейшеналиев, Шабданбай Әбдіраманов, Асанбек Стамов, Аман Саспаев, Өскен Дәнікеев, Мелис Әбәкіров, Сейіт Жетімішев, Бексұл­тан Жақиев, Мар Байжиев сынды классик жазушылардың шығармалары қайтадан кітап болып басылып, оқырмандар назарына ұсынылып жүр. Кеңес Одағы кезін­де талантты жазушылардың көпшілігі Шыңғыс Айтматовтың көлеңкесінде қалды. Самсақ Станалиев, Айдарбек Сарманбетов, Бейшебай Усубалиев, Тойчубай Субанбеков, Мирзохалим Кәрімов, Сұлтан Раев, Арслан Кой­чиев сынды қырғыз әдебиетінің өкілдері бүгінде проза жанрында ең өнімді еңбек етуде. Екі қырғыз жазушының шы­ғар­малары орыс, ағылшын, неміс, т.б. тілдеріне аударылып, әлемдік аренада бәсекеге түсе бастады. Сұлтан Раевтың «Тәж» пьесасын Ұлыбрита­ния патшайымы Елизавета ІІ мақұл­дап, шақырып, 2014 жылы Букингем сарайында қабылдаған болатын, содан бері қарым-қатынас тереңдей түс­кенін білеміз. Мен Айтматов роман­дарындағы идеялардың жалғасын не­гізінен Сұлтан Раев шығармаларынан көремін.

Поэзияға келсек, Аалы Токомбаев пен Қасым Тыныстанов, Жүсіп Тұ­рыс­беков пен Жоомарт Бөкомбаев, Куба­нычбек Мәліков пен Алықұл Осмо­нов бастаған ондаған дастандар, ақын­­дар шығармалары, кәсіби әде­биет­тер Темірқұл Үмөталиев, Райқан Шү­кір­беков, Мидин Алыдрабаев, Бай­ды­рауқұлақұлы Тоқауылұлы, Бай­ды­­рауқұлақұлы Тоқмұшев жал­ғастырған. 60-70-жылдардың орта ше­нінде Жолон Мамытов, Тұрар Қожом­бердиев, Табылды Мұқанов, Тұр­ғын­бай Ергешбаев, Омор Сұлтанов, Ергешбай Ұзақбаев, Аман Токтогулов, Майрамқан Әбілқасымова, Сүйінбай Ералиев, Тойынбай Ералиев, Рамис­байұлы, Тоғайұлы, Р.Мамеев, Сүйер­құл Тұрғынбаев, т.б.Одан бері Бега­нас Сартов, Асан Жачалықов, Ернис Тұрсынов, Акбар Рысқұлов, Сағын Ақматбекова, Роза Қарағұлова, Анатай Өмірқанов, Шайлобек Дүйшеев, Қожо­гелді Күлтегін, т.б. Халық өнерінің дәс­түрін әлемдік поэзия элементтерімен ұштастырудың жолы ұзақ. Бірін айт­саң, біреуі қалады. Олардың көпшілігі әдебиетшілер мен сыншыларды сынсыз қалдырды. «Әдебиеттің дамуы тежелді» деген жалпы мінездемемен «Манас», Айтматовы бар қырғыз әде­биетінің өзегі, матрицасы, тірегі берік деп есептеймін. Қазір біріміз қолымызға қалам ұстамасақ та, артта қалған әдебиеттің нұры сан ғасырға жалғасады.

Кнут Одегард:

– Норвег халқы әлі де кітап сатып алып оқиды. Әлі де әдеби мерекелерде ақындардың оқыған жырларын ұйып тыңдайды. Бізде әлі күнге дейін жаңа кітаптар туралы жазатын газеттер мен журналдар күн сайын шығып жатыр. Бірақ кейбір газеттерде қылмыс пен отбасылық оқиғалар сияқты бестселлер кітаптарға баса назар аудару белең алып барады. Дегенмен бізде поэзияға шолулар жасайтын, басқа да сапалы кітаптарды басып шығаратын төрт-бес жақсы газет бар. «Қандай кітаптар мәңгілік оқыла­ды?» деген сұрағың мені ойландырды. Мен пайғамбар емеспін, сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Танер Мурта:

– Иә, ондай оқырмандар арамызда әлі бар. Қоғам өзгерген жағдайда мәңгілік кітап оқу мүмкін емес деген ой да бар.  Жазушы өзінің шығармаларын, уақытын замандас оқырмандарына арнауы керек. Тіпті оқырманның кітап оқу дағдысы мен ұстанымы да жазушының көңілінен шығу қажет.

Қуаныш Жиенбай:

– Көркем әдебиетті оқитын оқыр­маны болмаса, қаламгер байғұстың көрген күні – «қан мен тер». Бүгінде ойлы оқырман шектен тыс көп болмауы мүм­кін. Бірақ жоқ емес. Жақында жақсы көретін бір қарындасым кітап дүкенінен шығып келе жатқанымды көріп: «аға, сіз әлі кітап дүкендерін аралайсыз ба?», деді. Күлдім. Өзі «ширпотреб» сататын ортақол базарға қарай асығып бара жатты. Кітап бетін ашпайтын солар. Жоқ, оларды да кінәлағым келмейді. Ертең бұл «орта тап» та жылтырап киініп, қымбат машина мініп, мейманасы тасиды. Бірақ бәрібір кө­ңілі қоңылтақсып, бір нәрсе жетпей тұр­ғандығын іші құрғыры анық сезеді. Сөйтіп, маған сұрақ берген қарындасым кітап дүкеніне қалай кіріп барғанын байқамай да қалады.

Мәңгілік ешнәрсе жоқ, болмайды, болған да емес! Мәңгілік оқылатын кітап та уақытқа тәуелді. Мәңгілік оқылатын кітапты таңдайтын әділ төреші – тағы да уақыт.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»