Тахикардия дертіне шалдыққан балалардың қатары жыл өткен сайын артпаса, азаяр емес. Баласының жүрек қағысы қалыптан тыс жоғарылаған кезде ата-ана байыз таппай кетеді. Жақында Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына Шу қаласынан санавиация желісі бойынша 13 күндік сәби жеткізілді. Әбігерге түскен дәрігерлер тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, періштенің өмірін сақтап қалды.
Балдырғанның анасы дәрігерлерге баланың тынысы соңғы екі күн бедерінде қатты өзгергенін, кеуде тұсы сыздап, мазасызданып кеткенін байқағанын баяндаған. Учаскелік дәрігерге барғаннан кейін анасы мен баласы тұрғылықты жері бойынша ауруханаға жатқызылған. Орталық аудандық аурухананың стационарында сәбидің тамыр соғуы минутына 260 КД дейін жеткен. Бейкүнә сәбиге шұғыл түрде көмек көрсету үшін санавиациямен ЖОМДБ анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Қуандық Әміреқұлов барған. Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін тікұшақпен облыстық санитарлық авиация желісі бойынша облыс орталығына жеткізілді. Мұнда ЖОМДБ соматикалық корпусының реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Ондағы дәрігерлер тиісті көмектің бәрін көрсетті.
Қабылдау кезінде дәгірерлер баланың жүрек ырғағының баяулап, тыныс алуының бұзылуына байланысты жағдайының күрт нашарлап кеткенін аңғарған. Есін жоғалтқан сәбидің жүрек қағысы қатты өзгерген. Тіпті жиілігі минутына 254-260 мәрте соққан. Жағдайдың ушыға түскенін түсінген ақ желеңді жандар қол қусырып отырмады. Шұғыл түрде бас дәрігердің орынбасарының, реанимация бөлімінің меңгерушісі Қуандық Әміреқұловтың, неонатолог дәрігер Шынар Хамбарованың, балалар кардиологы Ирина Лидің қатысуымен консилиум өтті.
Нәтижесінде, жаңа туған нәрестеге Ch2a пароксизмальды тахикардия, жүрек ырғағының бұзылуы диагнозы қойылып, консилиум шешімімен аритмияға қарсы препаратты ЭКГ бақылауымен титрлеу басталды.
Телемедицинаның көмегімен ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының (Нұр-Сұлтан қаласы) балалар кардиологиясы бөлімінің меңгерушісі Альмира Байқалкановамен кеңес өткізілді. Жүрек соғу жиілігі жоғары болғандықтан, балаға синхрондалған кардиоверсия жасалды. Соның нәтижесінде оның жүрек соғу жиілігі қалпына келді.
Бұл дертті дер кезінде байқамаса, сәби өміріне үлкен қауіп төнетіні айтпаса да түсінікті.
«Балаларда жүрек соғу жиілігі жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Жаңа ғана дүниеге келген нәрестелерде күндік норма минутына 123-159 соқса, 1-2 айлық кезінде – 121-179, 1-2 жаста – 89-150, 5-7 жаста – 65-133, 12-15 жаста минутына 60-119 соғуы керек.
Жүректің патологиялық тахикардиясы адам баласын қатты алаңдатып, басқа күрделі аурудың белгілерін байқатады. Нәресте өте жиі тыныс алып, бойында ұйқықұмарлық немесе тыныштық пайда болса және тамақтанудан бас тарту сияқты белгілер байқалса, онда біз айтып отырған ауру түріне шалдығуы әбден мүмкін. Ал ересек балаларда ауру белгілері мүлдем бөлек. Оларда қан қысымы төмендеп, әлсіздік пайда болады және терінің түсі көк, бозғылт немесе қызарып, зәр шығаруы қиындайды.
Тахикардияның пароксизмі адам ағзасы үшін өте қауіпті екені белгілі. Оның кенеттен басталып, ауру белгілері жылдам тарап, соңы қайғылы жағдайға ұласатын кездер де ұшырасады. Жедел медициналық көмек болмаса, кардиогенді шокпен, жүрек-өкпе жеткіліксіздігімен қалыпқа келтіріледі. Пароксизмальды аритмияның созылмалы ағымында, құрылымдық кардиопатология аритмогендік немесе кеңейтілген кардиомиопатия түрінде қалыптасады. Ұзақ қан айналымының бұзылуы баланың өсуі мен физикалық дамуын баяулатады. Емдеу науқастың жағдайына және тахикардияның этиологиясына байланысты», дейді Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Сейдахмет Шыныбеков.
13 күндік сәби ЖОМДБ-да 5 күнге жатқызылды. Дер кезінде көрсетілген көмектің нәтижесінде жүрек соғу жиілігі 138-140 аралығында болды. Әйткенмен ара-тұра пароксизмальды тахиаритмияның шабуылдары қайталаныпты. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін баланы республикалық медавиация желісі бойынша ҰҒКО-ға 4-деңгейде тасымалдаған. Бұл медициналық мекемеде толық тексеруден өткеннен кейін «жүрек ырғағының бұзылуы», «пароксизмальды қарыншалық», «тахикардия» диагнозы қойылған.
Екі апта бойы баланың өмірі үшін балалар кардиологиясы бөлімінің меңгерушісі Альмира Байқалканова және балалар аритмологиясы бөлімінің меңгерушісі Аян Абдрахмановтың басшылығымен түрлі мамандықтағы дәрігерлер күрес жүргізген. Динамикалық бақылау және заманауи технологияларды қолдана отырып емдеудің нәтижесінде жағдай тұрақтанған. Баланың тыныс алуы қалыпты деңгейге жеткізілген. Нақтырақ айтар болсақ, тыныс алу жиілігі минутына 22 тыныс, жүректің соғу жиілігі минутына 105 соққыны құраған. Нәтижесінде, жағдайы тұрақталған кішкентай науқас тұрғылықты жері бойынша кардиологтың бақылауымен үйге шығарылды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қалыпты.
«Соңғы жағдайға келер болсақ, дәрігерлердің дер кезінде іске кірісуі арқылы барлық мәселе шешімін тапты. Жалпы, мұндай дерт пайда болған кезде ата-аналар дәрігерлерге жедел жүгінгені абзал», дейді С.Шыныбеков.
Жамбыл облысы