• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Тамыз, 2022

Билеймін деп басы дауға қалды

678 рет
көрсетілді

Финляндия премьер-министрі Санна Мариннің басы дауға қалды. Бұл жолы үкімет басшысының көңілді кеште билеген оқиғасын фин қоғамы қызу талқылап жатыр. Көпшілік оны есірткі қолданған деп айыптаған болатын. Мұны жоққа шығару үшін Санна ханымның тест тапсыруына тура келді.

Өткен аптада әлеуметтік желілерде Финляндия премьер-министрінің кеште бидің түбін түсіріп жүрген видеосы жарияланған. Финляндияның Iltalehti газетінің хабарлауынша, премьер-министр бірнеше шенеунікпен, соның ішінде депутат Илмари Нурминенмен және медиа жүргізуші Тинни Викстреммен бірге тойлатқан.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Instagram Stories-те салынған бірнеше видеоны сараптай келе, С.Мариннің бірнеше досымен бірге билегені, қоршаған адамдардың кокаин туралы айғайлағаны естілгенін жазды.

Үкімет басшысының коалициядағы серіктесі, Орталық партиясының депутаты Микко Карна премьер-министрді есірткіге тест тапсыруға және оның нәти­желерін көпшілікке жариялауға шақырды. «Халыққа мұны өз премьер-министрінен күтуге құқығы бар», деп жазды М.Карна туиттердегі парақшасында.

Видеолар желіге тарап, бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаға қатысты тың мәліметтерді жариялағаннан кейін фин қоғамы гу ете түсті. Көпшілік үкімет бас­шысының әрекетін айыптады. Тіпті оны отставкаға кетуге шақырғандар да табылды.

Көп ұзамай-ақ, бір күннен соң С.Марин баспасөз мәслихатын өткізіп, есірткі қолданғанын жоққа шығарып, жасыратын ештеңесі жоқ екенін мәлімдеді. «Мен биледім, ән айттым, тойладым, заңға қарсы ештеңе жасағаным жоқ», деді премьер-министр. Сондай-ақ көп ішпейтінін алға тартып, видеоны таратқан адамға ренішін білдірді. «Мен жеке кеште болғандықтан, видеолар жарияланбайтынына сенімді едім. Оның тарап кеткеніне өкінемін», деді С.Марин.

Скандинавия еліндегі дау мұны­мен тоқтаған жоқ. Жұма күні үкімет бас­шысының есірткі қабылдап-қабылда­мағаны жөнінде тест тапсыруына тура келді. Сөйтіп, оны тағы да көпшілікке хабардар етті.

«Мен бүгін есірткіге тест тапсырдым, оның нәтижелері шамамен бір аптадан кейін шығады. Тіпті жасөспірім кезімде де есірткінің ешбір түрін пайдаланбағанмын. Дегенмен сенімді болу үшін сынақтан өттім», деді С.Марин жұмада түстен кейін Кесаранта ресми резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында.

Жиын барысында журналистер кеш кезінде басқалардың есірткі қолданғаны жөнінде сұраған. Премьер-министр бұған нақты ештеңе айта алмайтынын, бірақ өз көзімен ештеңе көрмегенін жеткізді. «Әрине, мен көрмеген нәрсені айта алмаймын. Біреудің қолданғаны жөнінде хабарым жоқ. Бейнежазбада көрсетіл­ген түнде ешкімнің есірткі қолданғанын байқамадым», деді ол.

Бұл жолы да журналистер үкімет басшысына сұрақты қарша боратты. Тілшілердің бірі «Ресейдің Украинаға басып кіріп, әлем алаңдап отырғанда Финляндия басшысының той тойлап жүргені қаншалықты орынды?» деген са­уал тастады. Бұл сұраққа С.Марин әрқашан жұмысқа әзір екенін, кеңсесі күні-түні жұмыс істейтінін жеткізді.

«Мемлекеттік кеңсе әрқашан жұмыс істейді және түн ортасында отырыстарға шақырылмайды. Егер қажет болса, мен кез келген уақытта жұмыс істеуге дайынмын», деді С.Марин.

Фин премьер-министрі жауапкер­шілікті ескеретініне екпін беріп, дәл сол күні маңызды мәселе күн тәртібінде тұрмағанына тоқталды. «Егер шешім қабылдау үшін Мемлекеттік кеңеске бару керек болғанда, тойлатып жүрмес едім. Бірақ мұндай ештеңе болған жоқ», деді ол.

Бұдан бөлек, премьер-министр әзірге орнынан кетпейтінін, жауапты қызметтегі тұлғалар үшін ән айтып, билеп тұрғанның артығы жоқ екеніне тоқталды.

«Мен болашақта Ruisrock немесе Flow фестиваліне және басқа да іс-шара­ларға, тіпті концерттерге барамын деп үміттенемін. Адам болып қаламыз деп сенемін», деді ол.

Айта кетерлігі, фин қоғамы билік тізгінін ұстағандардың жеке өмірін жіті қадағалап отырады. Санна Марин ханымның мұндай болмашы дауға қалғаны бірінші рет емес. Бұған дейін оның таңғы асқа жұмсайтын шығыны скан­динавиялық мемлекетте қызу талқыланған еді.

Былтыр жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында премьер-министрдің резиденциясында таңғы асқа жұмсалатын шығыны бірден өсіп кеткені туралы мәлімет тараған.

Iltalehti басылымының хабарлауынша, тек таңғы асқа Санна Марин айына 850 еуро жұмсайды екен. Бұл шамамен 445 мың теңгеге жуық. Бұған дейін резиденциядағы таңғы ас шығыны шамамен айына 300 еуро болған. Басылым шығынның мұншалықты өсіп кеткеніне таңғалып, «Санна ханымның әрекеті қаншалықты заңға сай?» деген сауал тас­тайды.

Кейіннен Iltalehti таратқан ақпаратты премьер-министрдің кеңсесі де растады. Соған сәйкес 2020 жылғы қаңтардан 2021 жылғы мамыр аралығында ресми резиденцияға түнегенде С.Маринді бір рет тамақтандыруға жұмсалған қаражат 14 363 еуро 20 центті құраған. Осылайша, айына шамамен 845 еуро кеткен екен. Премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, бұл бағаға таңғы ас пен тіскебасар ғана енген.

С.Марин сол кезде заң бұзбағанын, бюджеттің бір тиынын артық жемегенін мәлімдеді. Оның сөзіне сенсек, 2019 жылы премьер-министрлік міндетіне кіріскенде уәде етілген қызметтерді ғана пайдаланған.

Оның алдында Финляндияның қаржы министрі Катри Кулмуни медиатренингке қатысу үшін бюджет қаражатын жұмсағаны талқыға түскен соң қызметінен кеткен еді.

Бір қызығы, екі оқиғада да шашау шыққан тиын жоқ. Бәрі тиесілі жеріне жеткен. Бірақ биліктің жұмсаған әр тиы­нынан хабардар Финляндия қоғамы үшін бұл маңызды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Скандинавия елі сыбайлас жемқорлықты жеңген мемлекеттер қатарында. Оның үстіне, елді бас­қару­ға атсалысып жүргендердің көбі – кілең жастар. Мәселен, үкімет басшысы Санна Марин 37 жаста. Жоғарыда аты атал­ған Катри Кулмуни 35-те. Премьер-министр­дің орынбасары Анника Саарико 39-да, ішкі істер министрі Мариа Оисало 37-де, білім министрі Ли Андерссон 35 жаста.

Қоғамның осындай жіті қадағалауынан шығар, скандинавиялық мемлекет әлемдегі бақуатты да бақытты ел саналады. Мәселен, БҰҰ әзірлеген «Әлемдегі бақыт зерттеуінде» Финляндия қатарынан төртінші жыл шартараптағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мекен» атанып отыр.