Осыдан төрт ай бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен елімізде «Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған ақпараттық-консультациялық қызмет» атты жоба қолға алынған еді.
Аты айтып тұрғандай, жаңа жоба еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың заңды тереңірек білуіне, лайықты жұмысқа орналасуына көмектесіп, психологиялық қолдау көрсетуге арналған болатын. Осы жылдың соңына дейін жүретін жоба қазірдің өзінде талай жанның алғысын алып үлгерді.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жариялаған осынау жобаны ашық конкурста жеңіп алып, жүзеге асыруға кіріскен «Жеңіс» батысқазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Хасанғалиева осы кезге дейін Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларында, Қостанай облысындағы Рудный қаласында бірнеше сәтті шара өткізгенін айтады.
Мысалы, Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қиындықтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру мүмкіндіктері» атты семинарда жобаның заңгері Мариэтта Дәулетиярова республикалық жоба аясында тегін кеңес берген. Ал «Тігінші - Модельер - Пішуші» бағдарламасы бойынша тағы бір топ теориялық және практикалық білімін жетілдіріп, сәйкестік куәлік алды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке көмекшілері мен туыстарына арналған тренинг те өте пайдалы болды. Орал қалалық демалыс саябағында өткен тренингте психолог Роза Бәкесова әртүрлі техника мен жаттығуларды үйретіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Айгүл Кенжеғалиқызының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау ісінде тәжірибесі көп алматылық қоғамдық бірлестіктермен әріптестік өте пайдалы болған. Шілденің 18-і күні Алматы қаласындағы «ITeаchMe» құзіретті дамыту орталығы» қоғамдық қорының алаңында өткен «Мүмкіндігі ерекше адамдарды әлеуметтендірудің заманауи мәселелері мен мүмкіндіктері» атты семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кедергісіз қоғам қалыптастыру идеяларымен бөлісті. Бұл жерде «ITeаchMe» онлайн-мектебі мүгедек жандарға ІТ саласында сапалы білім беріп, еңбек нарығында өз орнын табуына, жақсы табысқа қол жеткізуіне ерекше көмектесіп жүргенін айту керек.
«Жеңіс» қоғамдық бірлестігінің жанында консультативтік кабинет желісі тұрақты қызмет етіп тұр. Бұл жерден мұқтаж адамдар өзі қалаған тақырыпта заңгерлік немесе психологиялық көмекті онлайн да, офлайн да ала алады. Сондай-ақ әртүрлі дағдыға үйрететін семинарлар, шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Жоба аясында еліміздің әр түкпірінен 7 қоғамдық бірлестік және «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының 8 бағыты іске тартылған.
Биылғы шілде айында мүгедек жандарға арналған онлайн оқыту курстары мемлекеттік және орыс тілінде өтті. Сабаққа дайындық мамыр айында басталып, бірнеше мәрте zoom-конференция ұйымдастырылды. Оқуға ынта білдірген жандар анкеталық мәліметтері бойынша түрлі мамандыққа бөлінді. Сабақты еліміздің әр түкпірінен тәжірибелі мамандар жүргізді. Бұл шараға Қзақстанның барлық өңірі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары өкілдері қатысты. Сөйтіп, олар қазіргі қоғамда ең қажетті «СММ және таргет жарнама», «Таргетинг», «Графикалық дизайн», «Бухгалтер» секілді курстарды онлайн өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ маусым-шілде айларында Ақтөбе мен Орал қалаларынан 19 адам аспаздық пен тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп шықты. Бұған Рудный қаласындағы 10 адамның дәнекерлеу, ұсталық, аспаздық саласынан білімін жетілдіргенін қосыңыз. «Жеңіс» қоғамы мүгедек жандарды оқытып қана қоймай, одан әрі оларды еңбекке орналастыру мәселесін де қарастыруда.
Мүгедек адам да қоғамның бір мүшесі. Сондықтан жоғарыдағы іс-шаралардың бәрінде мұндай жандарға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру мәселесі қарастырылған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан қоғамнан өз орнын тапқан, үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалармен кездесу, олар туралы бейнероликтер дайындап, YouTubе арнасына, әлеуметтік желілерге орналастыру да өте маңызды.
Мәселен, «Жеңіс» қоғамдық кеңесінің мүшесі, белсенді азамат, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғаушы Богдан Джепкамен, Қазақстан Еңбек Ері, қоғам қайраткері, Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрағасы, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, аңызға айналған Құралай Бәйменовамен, Батыс Қазақстан облыстық паралимпиадалық сурдолимпиадалық спорт түрлері федерациясының басшысы, спортшы, пауэрлифтинг, армрестлинг және волейболдан бірнеше дүркін чемпион, кәсіпкер Азон Нұрмұханұлымен өткен кездесулер ерекше әсер етті. Олардың өмір тәжірибесі, басынан өткен оқиғалары тыңдаған жанға үлкен мотивация бегені анық.
Бұл жерде мүгедек адамдардың тарапынан айтылатын ойлар мен пікірлерге құлақ қою да маңызды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік қолдау, оларды сауықтыру, медициналық көмек көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, цифрлы ақпарат пен мобильді қондырғыларды мүгедектерге қолжетімді қылу, паралимпиаданы дамыту, т.б. сан-салалы тақырыпта осы топтағы азаматтардың талап-тілегі алдымен ескерілуге тиіс. Қоғамдық көлікте, тұрғын үйлер мен кеңселерде мүгедек жандардың кедергісіз жүріп-тұруы – қоғам дамуының бір көрінісі.
– Осы жоба қолға алынғалы біз өңірлерде қолға алынған оң істерді көріп, ол тәжірибені бүкіл елімізге таратуды қолға алдық. Жоғарыда айтылған Рудный, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы жақсы бастамалармен танысқан өзге өңірлердегі мүмкіндігі шектеулі жандар белсенді бола түсті. Олар жиі пікірталасқа түсіп, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жаңаша бағамдай алды, – дейді Айгүл Хасанғалиева.
Батыс Қазақстан облысы