• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Тамыз, 2022

Алаяққа алданбау өз қолыңда

6770 рет
көрсетілді

Мынадай да болады екен. Аяқ астынан банктік карточкаңызға танымайтын нөмірден ақша келіп түседі. Артынша әлгі нөмірдің иесі хабарласып, шатасып түсіп кеткен ақшасын қайтаруды сұрайды. Сендіретіндей себеп айтып, қаржыны басқа бір нөмірге аударып жіберуді өтінеді. Өлердегі сөзін айтып, қиылып тұрған бейтаныстың өтінішін аяқ асты еткіңіз келмей айтқанын орындайсыз. Осылайша, көдедей көп сауда желілерінің бірінен алынатын затқа алдын ала төлем жасағаныңызды білмей де қаласыз. Қысқасы затты алатын біреу, ал қалған жүздеген мың теңгені төлейтін сіз боласыз. Бұл – алаяқтардың кезекті айласы. Дамыған технология деп жүргеніміздің осындай түйткілді тұстары да бар енді.

Облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Данияр Денесұлы ай­мақ­­та жалпы алаяқтық қылмыстардың тіркелуі азайғанымен, интернет арқы­лы алдау-арбаудың әлі де болса алаң­да­тарлық жағдайда екенін айтады. Биыл­ғы 7 айда осындай қылмыстардың 529 де­регі тіркелсе, оның 288-і интернет-алаяқ­тық болып отыр.

Өткен жылдың соңына қарай қы­зылор­далықтарға белгісіз біреу­лер­­дің «жақының есірткі затымен ұста­лып тұр, оны жазадан босату үшін біз айтқан есепшотқа дереу қаражат аударуыңыз керек» деп телефон шалуы жиілеп кеткені байқалған. Жақы­ны­ның аты-жөнін жаңылмай айтып тұрғандарға сенгендер сұраған сома­сын дереу тауып беріп, кейін сан со­ғып қалған еді. Аз уақытта облыста осын­дай 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбір­ле­ну­ші­лер­ге келтірілген шығын көлемі 24 мил­лион теңгеге жуықтапты.

Осы жылғы сәуір айында облыстық полиция департаменті қызметкерлері әбден еркінсіп кеткен интернет-алаяқ­тар­ды құрықтау шарасын бас­та­ған еді. Полицейлер жинақталған айғақтарға сүйеніп, осы қылмыстардың барлығы бір қылмыстық топтың әрекеті деген болжам жасапты. Биылғы 15 шілдеде Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыс­та­рында бір мезетте арнайы іс-шара өткізіліп, бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқ­тықпен айналысып келген 8 адам­нан құралған қылмыстық топ құрық­тал­ды.

Алаяқтардың баспаналарын тінту кезінде қылмыс құралы ретінде қолда­ныл­ған 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абоненттік нөмір, 60 азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі, аты-жөні жа­зылған тізім, ақша айналымдарын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Өткен жылдың соңынан бері қызылордалықтарды сар­саң­ға салып келген осы топ мүшелері екендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта бұл­ қылмыстық топтың өзге де өңірлерде тір­келген алаяқтық қылмыстарына қа­тыс­­тылығы тексерілуде.

Десе де оңай олжаға құныққандардың десі әлі қайтпай тұрғанын байқаймыз. Алаяқтар жиі қолданатын тәсілдерінің бірі банк қызметкері ретінде хабарласып, түлкібұлаңға салып, несие алдырып немесе азаматтардың қаражатын бейтаныс есепшоттарға аударту болып тұр. Олардан әлеуметтік желі арқы­лы «қаражатыңды еселеп береміз» дей­тін­дер, тиімді шартпен сауда-саттық жасау тәсіл­дерімен ұсынатындар да қалыс қа­лып жатқан жоқ.

Полицейлер тұрғындарды сақ­тан­дыру мақсатында бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен әлеуметтік желілерде тү­сіндірме жүргізіп-ақ жатыр. Арнайы бей­не­роликтер түсіріліп, көпшілік жи­налатын орындарда билбордтар да ілінген. Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бір­лескен жоспарына сәйкес, осы айдан бастап алаяқтық әрекеттерден СМС арқылы сақтандыру жүргізілуде. Бірақ «тез байып кетсем» деп тілейтіндер әккі­лердің тұзағына түсіп қала береді.

Мамандардың айтуынша, алаяққа алданып, «сақалды қолдан бергендей» сан соғып қалмас үшін күмәнді ұтыс ойындарынан аулақ болып, интернет арқылы сауда жасағанда бөтен ұялы телефонға немесе есепшоттарға ақша аудармастан бұрын тексеріп алу қажет.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов алаяқтардың айласы көбейіп тұрғанын айтады.

Мысалы, әлеуметтік желі арқылы сату­ға хабарландыру берген тауа­ры­ңыз­ға алдын ала төлем енгізуге әзір­лер дереу табыла кетеді. Әдетте алаяқ­тар өздерін бухгалтер немесе фирма директоры ретінде таныстырып, ЖСН және жеке картаңызбен байланысты­ра­тын телефон нөмірін, банктік карта мен жинақшот нөмірі сияқты дерек­те­ме­лер­ді атауды сұрайды. Сұра­ға­нының бәрін бұлжытпай орындап отырған жан соңында затын сатам деп жүріп, шотындағы жиғанынан қалай айырылып қалғанын аңғармай қалады. Бұл – ин­тернеттегі сауда алаңдарында жиі кез­де­се­тін тәсіл.

Банктен телефон соққан адамның кейпіне еніп, шотыңызды үптеу, жақын адамың болып хабарласып көмек сұ­рау, «жұмысқа тұрғызам, оқуға түсі­рем» деген уәдені үйіп-төгіп жер си­па­тып кету әбден әккіленгендерге түк емес. Әри­не, олардың қадамын қысқарту, қыл­мыстың алдын алу по­ли­цейлердің міндеті. Сөйтсе де бір сәт өзіміз де алаяққа алданбаудың қамын ойлайық.

 

Қызылорда