Президент Қ.Тоқаевтың Әзербайжанға сапары қарсаңында елордада Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Екі ел сарапшылары арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, сауда және көлік коммуникацияларының тиімділігін арттыру, сондай-ақ сараптамалық-талдамалық ынтымақтастықтың рөлін кеңейтуді талқылады.
Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасында жаңа сарапшылар кеңесі құрылды. Сондай-ақ екі елдің дипломатиялық қатынастарының орнағанына да 30 жыл толып отыр. «Тәуелсіздік жылдарында Нұр-Сұлтан мен Баку арасындағы ынтымақтастық стратегиялық одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді», деді сарапшылар Кеңес отырысында.
Әзербайжан – Қазақстан үшін сенімді одақтас, Оңтүстік Кавказ өңіріндегі стратегиялық маңызды серіктес. Әзербайжан арқылы еліміз Түркияға, одан әрі Еуроодаққа және Таяу Шығысқа тікелей шыға алады. Бүгінде Қазақстанда Әзербайжан капиталы бар 500-ден астам компания тіркелген. Ал Әзербайжанда қазақстандық капиталы бар 145-ке жуық мекеме жұмыс істейді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 332,2 млн долларды құрады.
Алайда сарапшылардың айтуынша, екі ел ауыл шаруашылығы салаларында өзара мүдделері мен мүмкіндіктері бар екеніне қарамастан мұнай-газ, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, «жасыл энергетиканы» дамытуда өз әлеуетін толық іске асыра алмады. «Қазіргі геосаяси жағдай керісінше бізге неғұрлым тығыз сауда-экономикалық кооперацияның қажеттігін көрсетіп отыр. Әлемдік дағдарыс жағдайында ынтымақтастықтың маңызды мүмкіндіктерін кейінге қалдыруға болмайды. Осы уақытта бізге пікір алмасу және сараптамалық деңгейдегі тұрақты байланыстар өте маңызды және пайдалы. Біздің міндетіміз – Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесі аясында елдеріміздің басшылығына іс жүзінде нәтиже беретін ұсыныстар әзірлеу», деді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов.
Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының Басқарма төрағасы Фарид Шафиев Нұр-Сұлтан мен Баку екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін үлкен әлеуетке ие екенін айтты. «Орта дәлізді дамытудың маңыздылығын атап өткім келеді. Геосаяси жағдай тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Әзербайжан көліктік хаб ретінде әлеуетін күшейтуі керек. Қазірдің өзінде әртүрлі бюрократиялық процедураларды жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда. Көлік байланыстары туралы айта отырып, біз тек нақты бір салаға құрылған келісімдерді ғана емес, сонымен қатар кең мағынадағы байланыстарды, соның ішінде талшықты-оптикалық, энергетикалық ресурстарды тасымалдау секілді салаларды дамытуды назарға аламыз», деді Ф.Шафиев.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым нақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті тұстарын ертерек қолға алып, заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет деп санайды. «Шынайылық екі елдің заң шығарушыларынан мүлде жаңа қарқынды, белсенділік пен болжамды сипаттағы жаңа жұмыс стилін талап етеді. Парламенттер бір жағынан, жаңа инфрақұрылым салу, жаңа көлік дәліздерін құру жобаларын жедел қарастыруға және ратификациялауға, екінші жағынан, қабылданған келісімдердің тиімді орындалуына қоғамдық-парламенттік бақылауды жүзеге асыруға дайын болуы керек», деді ол.
Өз кезегінде Talap қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев екі ел арасындағы өзара іс-қимыл форматын кеңейтуді ұсынды. «Әзербайжан мен Қазақстан ең үлкен инвестициялық әлеуеті бар елдер ретінде екіжақты ынтымақтастық шеңберінен шығып, аймақта тандемдік көшбасшылық үлгісін құра алады. Мен сондай-ақ жаңа технологиялық құрылымдар мен цифрлық экожүйелердің маңыздылығын атап өткім келеді. Осы тұрғыда АХҚО әзербайжандық компанияларға экожүйені пайдалану туралы ұсыныс жасай алады. Біздің венчурлық компаниялар үшін әзербайжандық стартаптардың тәжірибесін зерттеу қызықты болар еді», деген пікірін білдірді Р.Ошақбаев.
Кеңесте білім беру мәселесі де сөз болды. Әзербайжан Дипломатиялық академиясының проректоры Фариз Исмаилзаде екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне, соның ішінде қос дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғалымдар мен зерттеушілердің қысқа мерзімді сапарларын ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді бірлесіп басып шығарудың жолдарына тоқталды. Әзербайжанның Милли Меджлис депутаты Эльшад Мирбашироғлу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың табысты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ сөз алған Милли Меджлис депутаты Расим Мусабеков екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынаста даулы тұстар жоқ, бұл кез келген салада табысты өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Негізі кеме жасау, мұнай өндіруге арналған құрал-жабдықтарды өндіру және құбырларды тарту екі ел арасындағы нәтижелі жүзеге асатын салалар болып табылады. Алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жобалар қолға алынып, нақты келіссөздер жүргізілмек.