• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Тамыз, 2022

Жерлестерімізден жеңіс күтеміз

155 рет
көрсетілді

Келесі жылдың 12-22 қаңтары аралығында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтетін XXXI Дүниежүзілік қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасы қай командалармен күш сынасатыны белгілі болды.

Ерлер арасындағы жарыста 12 команда өнер көрсетеді. Олар – АҚШ, Канада, Чехия, Ұлы­британия, Мажарстан, Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Латвия, Сло­вакия, Швеция, Украина және Қа­зақстан құрамалары. Бірінші кезеңде олар алты-алтыдан екі топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Соның нәтижесі бо­йын­ша алдыңғы екі орынды иеленген төрт ұжым плей-оффқа жолдама алып, жүлделі орындар үшін таласады.

Шайбалы хоккейден өтетін әлем чемпионаттарында үнемі көш соңында қалып қойсақ та, Жер-жаһанның студенттері бас қосқан жарыстарда жерлестеріміз жақсы өнер көрсетіп жүр. Мә­селен, 1993 жылдан бері Дүниежүзілік Универсиаданың жалауы 14 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің бесеуінде Қазақ­стан­ның хоккейшілері жеңіс тұғы­рына көтерілді. 1993 жылы Зако­панеде Ресейге ғана есе жіберіп, күміс медальді иелендік. 1995 жылы Хакада бас жүлдені олжаладық. Ол турнирдің финалында Чехияны сан соқтырдық. Ал 2013, 2015 және 2017 жылдары күміс медальды еншіледік. Испания мен Словакия бірлесіп өткізген Уни­­версиадада Кана­дадан же­ңіл­сек, Тренто мен Алма­тыда ресейліктерге жол бердік. 2019 жылы Красноярскіде шымылдығы түрілген байрақты бәсекеде айдын иелерінің асығы алшысынан түссе, күміс пен қола медальды словактар мен канадалықтар иеленді. Міне, осы деректердің өзі-ақ шайбалы хоккейді серік еткен отан­дық студенттеріміздің әлеуеті қан­шалықты жоғары екенін аң­ғар­тып тұр. Олай болса, жер­лес­терімізден Лэйк-Плэсидте де же­ңістер күтеміз.

Әйелдер арасындағы жарыс 2009 жылдан бері ұйымдас­тырылып келеді. Сол аралықта бас жүлденің үшеуін Канада жеңіп алса, үшеуінде Ресей хок­кейшілерінің бағы жанды. Келесі жылы өтетін жарыста Канада, Чехия, Ұлыбритания, Жапония, Словакия және США құрамалары айналма жүйе бойынша ойнайды. Бұл бәсекеде де төрт үздік команда плей-оффта күш сынасу мүмкіндігіне ие болады.