• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2022

Алғыс арқалаған Арман

557 рет
көрсетілді

Жақында әлеуметтік желіден Қызылорда қаласында кәріз құдығына түсіп кеткен сәбиді құтқарып қалған бозбала жайлы бәріміз оқыдық. Бірақ осы оқиға болған тұстан өтіп бара жатқан бір тұрғын түсірген фотодағы құтқарушының аты-жөні белгісіз болып қалып еді.

Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, әріптесіміз Гүлбану Мақажан сол бозбаланы іздеп тауыпты. Терең құдыққа қорықпай қойып кеткен батыр 15 жастағы Арман Аманжол болып шықты. Арал ауданы Бөген ауылынан облыс орталығындағы колледждердің біріне құжат тапсыруға келіпті. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді.  Алдында екі әпкесі, екі ағасы бар Арман үйдің кенжесі екен.

«Бәрі аяқ астынан болды. Ана­сы мен оның алдына түсіп алып, құл­дыраңдап сәби сәл ілгері кетіп бара жатқан. Кенет анасының жан дауысы шықты. Қақпағы ашық құдықты көргенде-ақ бір оқыс оқи­ғаның бол­ғанын біле қойдым. Ойланбастан құ­дыққа түстім. Баланы қолыма ал­ған сәтте жетіп келген бір ағаға тап­сырдым. Артынша мені де сол кісі шы­ғарып алды», дейді ол.

М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне құжат­тарын өткізген Арман болашақта электрик болғысы келеді. Ұяңдау боз­бала ерлігінің жалпақ жұртқа аян болып кеткеніне қысылатын секілді. «Менің орнымда кез келген адам осыны жасар еді ғой» дейді күлімсіреп. Оқиғадан хабардар болғандар Арманға хабарласып, алғыс айтып жатыр екен. Арнайы шақыртып, кейбір іс-шараларға қатыстырғысы келетіндер де бар көрінеді. «Сыр медиа» ЖШС ғимаратында аты-жөнін атамау­ды өтінген бір замандасымыз ерлік көрсеткен бозбалаға қаржылай сый табыс етті.

Қиналғанға қайырым көрсетіп, қалғып бара жатқан қоғамды бір сілкіп алатын осы Армандай айналайындар ғой...

 

Қызылорда