Бүгінгі таңда Солтүстікте жалдамалы жұмыскерлердің саны 9,5 мың адамға, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 5,2 мың адамға азайған. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9-дан 3,9 пайызға дейін өскен.
Жұмыспен қамту орталығының көмегімен биылғы 7 айда Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 9 548 адам жұмысқа орналастырылған. Соның ішінде орталықтар арқылы орналасқандардың саны 6 мыңға жуық. Алайда өңірде ұлттық жобалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу көрсеткіші төмен, барлығы – 596. Қызылжар және Тайынша аудандарында бұл жұмыс мүлдем жүргізілмейді, Есіл, Айыртау, Шал ақын аудандарындағы көрсеткіш өте төмен. Жуырда облысқа келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова жұмысқа орналастыру міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынын айта келіп Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 59 пайыз ғана екенін айтты. Соның ішінде облыстық деңгейдегі ең төменгі көрсеткіш Мамлют (37%) пен Қызылжар (38,2%) аудандарына тиесілі болып отыр. «Ал кәсіпкерлікті қолдау жобасын қоспағанда, Ұлттық жобалар шеңберінде Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Уәлиханов аудандарында жұмысқа орналасқандардың бірде-біреуі зейнетақы жарналарын аудармаған», деп атап өтті министр.
Биылғы 7 айда Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік картасында жоспарланған 2 166 тұрақты жұмыс орнының тек 437-сі ашылған, бұл 10,7% ғана құрайды. Ал Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында тіпті бірде-бір жаңа жұмыс орны ашылмаған.
Жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен кездескенде министр мүгедек жандарды қолдау, сонымен қатар зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады. Отбасының цифрлы картасын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Солтүстік Қазақстан облысында қазір 208 мыңнан астам отбасы бар, олардың 99,6 мыңнан астамының тұрмыс жағдайы нашар. Бұл өте нашар көрсеткіш. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген сараптамаға қарағанда, өздеріне тиісті көмекті ала алмайтын отбасылар да бар. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап мемлекет тарапынан өздеріне көрсетілетін көмек туралы смс-хабарламалар алатын көрінеді.
Осы және басқа мәселелер бойынша бірнеше ауданның және салалық қызметтер басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Министрліктің қатысуынсыз шешілмейтін кейбір мәселелер бойынша министр оң шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Жұмыс күші артық өңірлерден солтүстікке қоныс аударушыларға үлкен жеңілдіктер беріліп, көші-қон шығындары үшін ақша төленеді, тұрғын үйлер беріледі, жалға алуға субсидиялар бөлінеді, кәсіпкерлік бастаманы қолдау үшін жеңілдетілген несиелер беріледі. Алайда көш әзірге қауырт болмай отыр. Солтүстіктің салқыны оңтүстіктің жаймашуақ климатына үйренген жандар үшін әлі де алынбайтын қамал болып тұр. Өткен жылы 4 мыңға жуық адамы бар 1 147 отбасын көшіру белгіленсе, 7 айда соның 47 пайызы ғана көшіп келген. Күздің ызғырығы басталғанда қалған жұрттың көшіп келуі неғайбіл. Жас балаларын дірдектетіп жаңа жерге қоныстануға көп адамның тәуекел етпесі анық.
Жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасын қалыптастырған. Ол елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруды, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды және ел өңірлері арасындағы демографиялық теңсіздікті жою тетіктерінің тиімділігін арттыруды көздейді. «Жаңа тәсілдердің мақсаты азаматтардың жұмыс орындары жоқ жерлерге көшуінде ғана емес, трансферт арқылы жұмыс орындарын құру және басқа облыстарда қолданыстағы бизнес-жобаларды солтүстік өңірлерде кеңейту болып табылады. Сондықтан «Солтүстік өңірлер үшін 100 бизнес-жоба» бизнес бастамасын құру бойынша барынша әлеуеті бар тиісті бизнес-идеялар конкурсы арқылы қолдау ұсынылады», деді Тамара Дүйсенова бизнес өкілдерімен кездескенде. Бұл хабарларға біршама бизнесмендер елеңдеп, нақтылау сұрақтарын беріп жатты. Түркістан облысынан келген «Амангелді» ЖШС басшысы Нұрлан Құралов жергілікті биліктің қолдауымен Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін ашуға дайын екенін білдірді. «Егер біз солтүстікте бірлескен кәсіпорын немесе өз кәсіпорнымыздың филиалын ашсақ және бізге жеңілдетілген кредиттер мен бос ғимараттар берілсе, онда солтүстікте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, оны бүкіл Қазақстанға ғана емес, Ресейге де сатуға болады деп санаймын. Егер жеңілдікті несие ұзақ мерзімге берілетін болса, онда біз оңтүстіктен 50-100 адамды алып келіп, солтүстікте жұмыс орындарын ашуға дайынбыз», деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы