Уран нарығындағы жағдай жақсарып келеді. Сондықтан болар, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» осы жылдың бірінші жарты жылдығында тәуір нәтиже көрсетті.
«Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры, басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ержан Мұқановтың айтуынша, компанияның 2022 жылдың бірінші жартыжылдықтағы түсімі 500 млрд теңгеге жуық соманы құраған. Бұл тура бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе жоғары.
– Түсімнің өсуі операциялық табыстың шамамен 182 пайызға ұлғаюына және түзетілген таза табыстың іс жүзінде үш есе, яғни 167,4 млрд теңгеге дейін өсуіне алып келді. Осыдан-ақ былтыр уран нарығындағы ахуалдың биыл едәуір жақсарғанын байқауға болады. Сондай-ақ осы жылдың бірінші жартыжылдығында сұраныстың артуына байланысты сату көлемі де ұлғайды, – деп нақтылады Е.Мұқанов.
Десе де биылғы жылдың соңындағы өндірістің қорытынды көлемі нысаналы мәндерден төмен болуы мүмкін. Мұндай тәуекел әлі де сақталып отыр. Алайда ұлттық компания биылға арналған уран өндіру жоспарын қалайда орындауға бейілді әрі тәуекелдерді төмендету үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра бермек.
– Жаһандық экономикадағы белгісіздік және 2022 жылдың бірінші жартысындағы геосаяси оқиғалар тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі жүйелердің сынағына айналды. Компанияның тәуекелдерді басқару тәжірибесі бірнеше негізгі салада өз сенімділігін көрсетті. Алайда белгісіздік пен тәуекелдер компанияның өндірістік және бюджеттік жоспарлау процестерінің күрделенуіне алып келіп, шешім қабылдауға айтарлықтай әсер етті. Компанияның нарықтық сұранысы мен келісімшарттық міндеттемелеріне сәйкес өндіріс көлемін жоспарлаумен қатар, қазіргі жағдайда өсіп келе жатқан инфляциялық қысымды және өндірістік жеткізілім тізбегіндегі ықтимал кідірістерді ескеру қажеттілігі туындады. Бұл біздің өндірістік жоспарларымызға да әсер етуі әбден ықтимал, – дейді басқарма төрағасының міндетін атқарушы.
Е.Мұқановтың пікіріне қарағанда, уран нарығының жақсаруы және қысқа мерзімді нарықтағы белсенділіктің төмендеуі аясында ұзақ мерзімді келісімшарттарға қызығушылық өсіп келеді. Сондай-ақ баға белгілеудің айтарлықтай жақсаруына қарамастан, сұраныс пен ұсыныс балансының іргелі жылжуы екінші жетікізілім қорларының шексіздігі жайлы қате болжамдарға байланысты әлі аяқталған жоқ.
– Бұл «Қазатомөнеркәсіп» секілді тәртіпті өндірушілерге мүмкіндік туғызады. Осылайша, біздің нарыққа бағытталған стратегиямызға сәйкес және кен орындарын игеру мен өндірудегі қазіргі қиындықтарды ескере отырып, өндіріс көлемін шамамен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде өндірудің жоспарланған деңгейімен салыстырғанда 10 пайызға қысқартуды жалғастырамыз. 2023 жылға жоспарланған диапазонмен салыстырғанда 2024 жылы шамамен 2-3 мың тонна уран өндірудің әлеуетті ұлғаюын жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Соңғы бірнеше жылда жаһандық көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін энергетикалық инфрақұрылымның қоғамдық және экологиялық салдарларын халықаралық деңгейде талқылау, атом энергетикасы үшін оптимистік болжамдар мен уран нарығының конъюнктурасын жақсартуға ықпал ететін ажырамас факторы болды. Бұл мәселелер Ресей-Украина қақтығысы аясында энергетикалық қауіпсіздікке және энергия көздерін әртараптандыруға көбірек көңіл бөлу аясында одан да өзекті бола түсті.
– Түрлі юрисдикциялар, соның ішінде бұрын ядролық энергетикадан бас тарту туралы шешім қабылдағандар немесе оны кезең-кезеңімен төмендету жоспарын ұстанғандар осы бағыттағы саясатты қайта қарастыруда. Ал кейбір жағдайларда атом энергетикасын жаңартылатын энергия көздеріне көшу стратегиясының құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қарастырады. Ядролық энергетиканы қолдаудағы осындай ілгерілеу қазбалы отын өндірісінің қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға мүмкіндік беріп қана қоймай, туындаған әлеуметтік тәуекелдер мен энергетикалық қауіпсіздікпен байланысты тәуекелдерді жұмсартуға да көмектеседі, – дейді Е.Мұқанов.