• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Тамыз, 2022

Көлік сатудың жаңа «кәсібі»

273 рет
көрсетілді

Ілгеріде жұртшылық мал, пәтер, қалта ұрлығынан зардап шексе, бүгінде көлік ұрылары темір тұлпар иелерін қан қақсатып жүр. Кісінің көлігін өзінікіндей иемденіп кететіндер еліміздің қай қаласынан да табылады. Ұрлаған түк емес, олар сол автокөліктерді жедел түрде келесі бір азаматқа сатып жіберуді де әдетке айналдырған. Осылайша, көлік сату дейтін «кәсіпкерліктің» жаңа түрін меңгеріп алған.

Біршама уақыт бұрын Ішкі істер министрлігі елімізде 245 көлік ұрланға­нын мәлімдеген болатын. Бұл сандарға қарап отырып, еріксіз басыңды шай­қай­сың. Жыл ортасынан енді ғана асқанда 245 көлік ұрланса, жыл соңына дейін жағдай қалай болмақ?

«Осы жылы 245 көлік ұрлығы тір­келіп, оның 158-тің ізі суымай ашылды. Аталған қылмыстық істер сотқа жолданып, ұрланған көліктердің 54-і иелеріне қайтарылды. Ұрланған көліктерді көр­ші елдер арқылы Қазақ­станға кіргізу фактілері де тіркелді. Мәселен, көршілес елдер арқылы ел аумағына кірген 32 көліктің ұрланғаны анықталып отыр», деген болатын Ішкі істер министрлігі­нің өкілі баспасөз қызметі мәселенің мәнісіне үңіліп.

Көлік ұрлығы деректері Жамбыл облысында да тыйылмай тұр. Бірер күн бұрын Тараз қаласындағы жедел басқару орталығына хабарласқан шаһар тұрғыны шағын аудандардың біріндегі тұрақтан «ВАЗ» маркалы автокөлігінің жоғалғанын айтып хабарласқан.

Аталған дерек бойынша жұдырықтай жұмылып жұмыс істеген полиция қыз­меткерлері күдікті ретінде 33 жастағы Бай­зақ ауданының тұрғынын ұстаған. Тергеп-тексеру барысында күдікті Ресей елінің тіркеуінде тұрған «ВАЗ» маркалы көліктерді түн қатып ұрлап, өзге өңірлердің тұрғындарына төмен бағамен сатып келгені белгілі болды. Деректерге сенсек, ол осы күнге дейін 13 автокөлік ұрлаған екен.

Тергеу барысында күдікті азамат өзінің кінәсін толығымен мойындады. Бүгінде ол уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған. Аталған дерек бо­йынша Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-тармағымен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақ­сатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізіліп жатыр.

 

Жамбыл облысы