Жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанда Орал қаласындағы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебінің ұжымы қиын жағдайда қалып отыр. Жарты ғасырға жуық өз ғимараты болмай, көшіп-қонып жүрген мектеп осыдан бір жыл бұрын ғана орналасқан ғимаратынан тағы да айырылып қалуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысындағы жалғыз балалар көркемсурет мектебі 1979 жылы ашылған екен. Содан бері мектептің басыбайлы ғимараты болмаған. Осы уақыт ішінде бес мәрте көшіп-қонып, қоныс аударыпты. Соңғы жылдары Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебі ғимаратының бір бөлігін жалдап отырды. «Өзімізге тиесілі мекенжай болмаған соң көзге шыққан сүйелдей болып, жетім баланың күйін кештік», дейді осы мектепте талай жыл ұстаздық еткен мұғалімдер.
Дегенмен мектепте жыл сайын жүздеген талантты бала білім алып келеді. Оқушылар мұнда 4 жыл білім алып, кескіндеме, сурет-графика, мүсін, композиция, өнер тарихы, графикалық дизайн сынды пәндерді оқиды. Оралдағы Сәкен Ғұмаров мектебі 2019 жылдан бастап ЮНЕСКО клубының қазақстандық ұлттық федерациясының мүшесі саналады. Осы мектепте оқып, бүгінде өнер, архитектура, дизайн саласын таңдаған түлектер де көп.
Көркемсурет мектебінің көп жылғы арманы жақында ғана орындалғандай болып еді. Былтыр, яғни 2021 жылы 19 сәуірде Орал қаласы Некрасов көшесі 16/1 мекенжайда тұрған екіқабатты тарихи ғимаратты Сәкен Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебінің балансына беру туралы облыстық қаржы басқармасының бұйрығы шықты.
– Біздің қуанышымызда шек болмады. Жаңа ғимаратымызға жаяулап-жалпылап көшсек те көңіліміз көтеріңкі еді. Мемлекет қорғауына алынған, ХІХ ғасырдың тарихи сәулет ескерткіші біздің көркемсурет мектебі үшін арнайы салынғандай еді. Ғимаратымыздың сыртқы эстетикалық сымбаты мен ішкі мазмұны үйлескеніне ерекше қуандық, – дейді осы мектепте 15 жылдан бері ұстаздық ететін Гүлмира Құспанова.
Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. Оған себеп – осы ғимараттың бір бұрышын жайлаған Fizmat Primary Uralsk мектебі. «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ желісіне кіретін астаналық жеке мектептің Оралдағы филиалы ресми түрде 2021 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды. Оның алғашқы қоңырау салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиевтің өзі қатысты. Қағаз жүзінде көркемсурет мектебі ғимаратының бір бұрышын уақытша жалға алған Fizmat Primary Uralsk алғашқы күннен-ақ өздерін қожайындай сезінген. Басында бірнеше бөлмені иемденген олар көп ұзамай-ақ ғимараттың бүкіл бірінші қабатын жайлаған. Енді, міне, 2022-2023 оқу жылында үлкейіп, кеңейіп, ғимараттың екінші қабатын да алуға шешім шығарған.
Ал көркемсурет мектебі ұжымына эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияның бұрынғы ғимаратына көшетіні туралы хабар қыркүйек қыр астына келгенде ғана хабарланған.
– Ол ғимарат әбден тозығы жеткен, апат жағдайында, жылыту жүйесі істен шыққан, қаланың бір түкпірінде, оқушылардың барып-келуіне өте ыңғайсыз жерде орналасқан. Біз ол жерге көшуге қарсымыз, – дейді бірауыздан мектеп ұжымы.
Бір қызығы, қазіргі дау болған сәнді ғимарат көркемсурет мектебінің балансында болған бір жыл ішінде 20 млн теңге мемлекет қаржысы бөлініп, Fizmat Primary Uralsk мектебі отырған бірінші қабатқа жөндеу жүргізілген. Ғимаратты толық жөндеу құжаттамасы әзірленген.
Қазақстан Халық партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанда үздіксіз білім беру қауымдастығы облыстық филиалының директоры Борис Лаврентьев осы оқиғада жекеменшік мектепті мемлекет есебінен жарылқау мақсатында лобби көрінісі болуы мүмкін деген күмәнін жасырмайды.
– Орал қаласының қақ ортасындағы тарихи ғимараттың жекеменшік компанияға заңсыз берілгені жөнінде осы дау шықпас бұрын-ақ назар аударып едім. Физика-математика мектебінің Оралдағы филиалы ресми түрде былтыр қыркүйек айында ашылды. Ал олар ғимаратты тек қазан айынан бастап жалға алған. Қаңтар айына дейін коммуналдық төлемдерді төлемеген. Көріп отырғандай, әлдекімнің жеке бизнесі үшін керемет жағдай жасалған. Ал ғимарат көркемсурет мектебінің баласында тұр ғой. Осы мәселені тереңірек тексергенде тағы да «қызық» жағдайларға кездестік. Fizmat Primary Uralsk мектебі ғимаратты жалға алғанда тендер арқылы емес, Орал қалалық қаржы бөлімі арқылы тікелей құжат жасаған. Сондай-ақ заң бойынша филиал жергілікті білім сапасын бақылау департаментінен лицензия алуы қажет болған. Алайда олар былтыр астаналық филиалдың лицензиясымен қызмет еткен. Осылайша, бір жыл бойы олар мемлекеттік лицензиясыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қызметтерінің тиісті шешімінсіз жұмыс істеген. Біз бұл заңсыздықтардың бәрін айтып, облыстық прокуратураға хат жолдадық. Антикоррупциялық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет орындары да тиісті тексеру жүргізуі қажет, – дейді Б.Лаврентьев.
Бір қызығы, өткен мамыр айында Fizmat Primary Uralsk мектебі жалға алу шартын үзген. Яғни содан бері қазіргі орнында заңсыз тұрып жатыр деген сөз. Мұны облыстық білім басқармасы өкілі де мойындады.
Сәкен Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебі Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Әлия Базарбаева соңғы үш жыл бойы осы мектептің мүддесі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген жанның бірі.
– Өңірдегі жалғыз көркемсурет мектебінің мәселесін айтып бармаған жеріміз жоқ. Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Егізбаевтың да, қазіргі орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің де алдында болдық. Облыс әкімі Ғали Есқалиевпен де онлайн кездестім. Көркемсурет мектебінің материалдық-техникалық базасы да сын көтермейді. Оқушыларға қажетті құралдарды, мольберт тақталарын демеушілердің күшімен алып бердік. Мектепте бүгінгі заманның ең керекті мамандығының бірі – графикалық дизайнерлер үшін керекті арнайы компьютер жоқ, муфель пешімен де қамтылмаған. Ал енді мына ғимарат мәселесі мектеп ұжымын ғана емес, осы мектепте ұл-қызы оқып жатқан ата-аналарды ерекше ашындырып отыр. Біз мұндай әділетсіздікке қарсымыз! Осы мәселеге Оқу-ағарту министрі назар аударса дейміз, – дейді Әлия Бисенқызы.
Осы дау шыққан соң мектеп ұжымымен және ата-аналармен кездесуге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева мен Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова арнайы келді. С.Темірғалиеваның айтуынша, Орал қаласында үш ауысымды мектептерді азайту үшін жекеменшік мектептерді көбейту қажет. Сондай-ақ ол бұл ғимараттың әуелден-ақ көркемсурет мектебіне уақытша берілгенін, ол жөнінде мектеп ұжымына ескертілгенін айтты. Бірақ көркемсурет мектебі оқытушылары бір ауыздан мұндай шарт болмағанын білдірді. «Сонда қалай, бұл ғимаратты көркемсурет мектебіне уақытша берудің мақсаты қандай? Ғимаратты мемлекет есебінен жөндетіп алып, жекеменшік компанияға бере салу ма?» деген сауал жауапсыз қалды.
Мектеп ұжымы мен ата-аналардың наразылығын көрген соң облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары С.Темірғалиева жиналғандарды тыныштандыруға тырысты. Көркемсурет мектебіне эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияның бұрынғы ғимараты емес, кешкі мектеп ғимаратын беруге болатынын айтты. Бірақ сурет мұғалімдерінің айтуынша, бұл ғимарат қала орталығында болғанымен, бөлмелері кішкентай әрі қараңғы, көркемсурет мектебі талаптарына келмейді. «Сәкен Ғұмаров мектебі қазіргі ғимаратынан кетпейді». Бұл – мектеп ұжымы мен ата-аналардың басты талабы.
Айта кетерлік жайт, көркемсурет мектебінде 2021-2022 оқу жылында 700-800-дей оқушы білім алды. Мұнда негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, табысы төмен отбасы балалары оқиды. Олардың оқу ақысы да қолжетімді, айына 1-2 мың теңгені құрайды. Ал баласын жекеменшік «Fizmat Primary Uralsk» мектебінде оқытуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Осындай элиталық мектеп неге өз ғимаратын салып алмайды? Мемлекеттік мектептің ғимаратына неге таласады? Ата-аналардың түсінбейтін сұрағы осы.
Біз мәселенің мән-жайын Fizmat Primary Uralsk мектебі басшыларынан да білмекке тырыстық. Алайда өзін «мектеп директорының орынбасарымын» деп таныстырған Айбек Маратұлы мектеп басшысы орнында жоқ екенін, барлық мәселені сол кісі ғана білетінін айтты.
Таласқа түсіп отырған ғимаратта 10 оқу кабинеті бар. Ғимараттың бірінші қабатындағы 728 шаршы метр бөлікті физика-математика мектебі иемденіп отыр. Енді олар биылғы оқу жылында тағы да 1 мың шаршы метр аумақты алмақ ниетте.
«Егер физика-математика мектебі екінші қабаттағы 7 кабинетімізді алатын болса, онда көркемсурет мектебіне толыққанды сабақ өткізетін жағдай болмайды», дейді Сәкен Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебінің директоры Шаймардан Рамазанұлы.
Батыс Қазақстан облысы