Фермерлерді ауыл шаруашылығына қажет техникамен қаруландырып, өңірлерді өркендетуге үлес қосады деп сенім артылған «ҚазАгроҚаржы» АҚ соңғы уақытта бағытынан жаңылып жүргендей. Лизингке алған техникасының төлемін кешіктірген немесе қаржылық қиындықтан келісімшарттың кейбір тармақтарын орындай алмай отырған шаруаларды компания қос өкпеден қысып, түрлі бассыздыққа барған. Мұндай шектен тыс шаралар өңірдегі диқандардың ашу-ызасын тудырып отыр.
«ҚазАгроҚаржы» компаниясы қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен жаңа трактор, комбайндар, тұқым сепкіш және егіс кешендерін сатып алуға көмектеседі. Соңғы 22 жылда оның қолдауымен ел фермерлері 66,3 мың түрлі техника иеленіп, агрокешенге акционерлік қоғамдық 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйған. Алайда кейінгі жылдары қаржы ұйымының өңірдегі филиалының жұмысына қатысты кілтипан көп. Шалғайда тұратын шаруалар құжат жинау үшін облыс орталығына жиі сабылатынын, оның өзі көктемгі және күзгі науқандар барысында қиындық тудыратынын айтады. Оның үстіне филиалмен жасалатын келісімшарттың тармақтарына қатысты күмән көп. Мәміледегі кейбір шарттардың мәнісін түсінбеген ауылдағы ағайын асығыстықпен қолын қоя салып, соңынан бармақ тістеп қалып жүр.
Өңірдегі бірнеше қожалық өкілдері техниканы әу баста лизингке аларда көрсетілмеген қосылған құн салығы ойда жоқта алдарынан шыға келгенін, қаржы ұйымы сол үшін техниканың бастапқы құнын өсіріп, қыруар қаражат талап етіп отырғанын ашына жеткізді.
Бір қызығы, лизингке алынатын кез келген техника несие төленіп бітпейінше жеткізуші дилерлердің атында болады екен. Егер фермер несие төлеуде сәл босаңдық танытса, шаруасы бітті дей беріңіз. Техника оның атында болмаған соң қаржы ұйымы кез келген уақытта тартып алып, екінші нарық арқылы басқа шаруа қожалығына сата салуға әбден құқылы. Ал шаруаның сол уақытқа дейін жүргізіп келген төлемдері, алғашқы жарнасы қайтарылмайтыны анық дүние. Шартта, акционерлік қоғамның ішкі құжаттарында дәл осылай деп көрсетілген. Лизингке техника тарататын ұйым «өзім қожа, өзім би» қағидатын ұстанып, шаруалардың жағдайымен санаспайтындай деңгейге жеткен. Ал фермерлердің құқығын қорғауға қабілетті мемлекеттік мекемелер табылмай тұр. Ауылдағы ағайын техникасынан айырылып қалам ба деп алаңдап жүріп, шаруашылығының өнімділігін жоғалтуда.
Мәселен, павлодарлық «Алтай» шаруа қожалығы биылғы сәуір айында құны 10 млн 380 мың теңге тұратын «Беларусь-920» тракторын лизингке сатып алыпты. Жеткізуші «Павлодарснабсбыт» ЖШС оны «Машиностроительный завод МТЗ-Казахстан» серіктестігінен әкеліп берген. Қожалық техника үшін 20,2 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, осы жылғы маусым айында оны өзіне қабылдап алады. Алдын ала жасалған мәміледе және кейінгі қосымша шартта қосылған құн салығы (ҚҚС) туралы тармақтар болмаған екен. Алайда жуықта «ҚазАгроҚаржының» өңірлік филиалы Салық кодексінің 394-бабы, 38-тармақшасын негізге ала отырып, фермер трактор құнынан 12 пайыз қосылған құн салығын төлеуге тиіс екендігі туралы хабарлама жіберген. Сөйтіп, шаруа үшін бір ай ішінде әлгі «Беларусьтің» құны бақандай 1 млн 245 мың теңгеге қымбаттап шыға келген. Инвестициялар және даму министрлігінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №16 757 бұйрығымен бекітілген қосылған құн салығынан босатылатын көлік құралдары және ауыл шаруашылығы техникасының тізбесінде бұл техникаларға құн салығы қарастырылмайтыны айдан анық жазылған. Алайда Салық кодексінің 298-бабына енгізілген жуықтағы өзгерісте керісінше ауыл шаруашылығы техникаларына қосылған құн салығы төленуге тиіс деп көрсетіліпті. Осыны негізге алған қаржы ұйымы енді шаруаларға тізесін батырып, әр сатылған трактордан миллиондаған теңге пайда көрмек ниетте.
«Алтай» шаруа қожалығы агрокешен субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша лизингтің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы бойынша Qoldau.kz арқылы өтініш берген екен. Алайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ фермердің өтінішін қабылдаудан бас тартыпты. Себебі төленбеген ҚҚС шаруаның мойнында тұрған қарыз ретінде шыға келген. Ал фермермен бұл бойынша қосымша шарт та жасалмапты. Екі ортада шаруа байғұс шырылдап отыр.
Мұндай қаржылық кедергілерге жергілікті «Орманшы» және «Уақ» қожалықтары да ұшырасқан. «Орманшы» ШҚ басшысы Ерғанат Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, әу баста ол жергілікті филиалға барғанда лизинг беруші компания оған техниканың толық құны мынау деп белгілі бір соманы атаған. Құн салығы туралы ештеңе айтылмады дейді шаруа.
– Сайып келгенде қаржы ұйымы шаруалардың заң білмейтінін пайдаланып, өз пайдасына қосымша шарт жасауға әрекеттеніп отыр. Біз бұл компанияның алдында әлсізбіз, еш құқығымыз қорғалмаған. Барлық талапты олардың заңгерлері ойлап тауып, реті келсе өзгерте береді. Қосымша шартта ең соңғы баға деп көрсетіліп тұрған соң қол қойғанмын. Енді келіп құн салығын қайдан алып отырғаны түсініксіз. Біздің шаруашылық орналасқан аумақта фермерлер 20-дан астам техниканы лизингке алып отыр. Олардың барлығынан миллиондап сыпыра берсе, неміз қалады?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауыл шаруашылығын қолдап, азық-түлік өндірісін арттыру керек деп мезгіл сайын тапсырма береді. Бірақ «ҚазАгроҚаржы» сияқты ұйымдар бізді одан сайын қыспаққа алып, жұмыс істеткізбей отыр. Мен трактордың бастапқы жарнасының өзіне қарызданып, қауғаланып жүріп қаражатты әрең жинадым. Енді қосымша салық үшін 1,2 млн теңгені тауып бере қоятын жағдайым жоқ. Қазір мал азығын жеткілікті шауып алу үшін күні-түні жанталасып жатырмыз. Ауылдағы жұрттың бейнетін бұлар біледі деймісің, – деп қынжылады шаруашылық басшысы.
Алпауыт компанияның қысастық әрекеттері мұнымен ғана бітпейді. Былтыр жыл соңында ұйым «Тайлақ» ШҚ-ға құны 56 млн теңгеден асатын комбайнды лизингке берген. Егін өсіруші қаржылық қиындықтарға байланысты алғашқы төлемін біраз уақыт кешіктіріп, бөліп төлеуге мәжбүр болады. Техниканың құны арзан емес, кәдімгі трактордан бес есеге қымбат тұрады. Соған орай біраз уақыт беруді сұраған екен. Алайда филиалдың мамандары биыл көктемде шаруа қожалығының техника паркіне барып, ай-шайға қарамастан комбайнды тартып әкеткен. Әрі оны көп күттірмей «Дидар» ШҚ-ға сатып жіберген. «Тайлақ» «ҚазАгроҚаржыны» сотқа бергенімен, оның нақты шешімі шықпапты. Ал соттың шешімі шықпай мүліктің басқа пайдаланушыға берілуіне заң жүзінде тыйым салынғаны бесенеден белгілі. Акционерлік қоғам заң талаптарын өрескел бұзғанымен қоймай, комбайнның әлдебір тетігін істен шығарғаны және шарт тармақтарын орындамағаны үшін фермерден 720 мың теңге айыппұл өндіріп алуды мақсат етіп отыр. Сотқа бұл бойынша талап арыз беріп те қойған.
Өңірлік кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев қаржы ұйымының бұл әрекеттерін фермерлерге жасалған қысым деп бағалайды. Мәміле мен қосымша келісімшарттағы тармақтардың қарыз алушыға дұрыс түсіндірілмеуі, кейбір тармақтардың клиентке ескертілместен қосылуы, техника құнының нақты сомасы көрсетілмеуі сияқты мәселелер бойынша ауылдағы кәсіпкерлер жиі шағым түсіреді.
– Бұл келеңсіздіктер ең әуелі осы бағдарламаны қаржыландыратын ел Үкіметінің беделіне нұқсан келтіреді. Шалғай ауылда шаруа баққан адамдар көп нәрсені түсінбейтінін білетін компания қулыққа басуы да мүмкін. Алдағы уақытта біз бұл мәселелер бойынша облыстық прокуратураға, қаржы ұйымының республикалық орталығына, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына және жауапты министрлікке ұсыныстар жасаймыз. Ең әуелгі мақсатымыз – шаруалармен жасалған барлық лизингтік келісімшарттарды сүзіп шығу. Білуімізше, онда түсініксіз әрі солқылдақ талаптар көп. Оның барлығы «ҚазАгроҚаржының» мүддесі үшін жазылған. Ал шаруаны ықтимал жағдайларда қалай қорғауға болады? Осы мәселені Үкімет деңгейінде көтеретін боламыз, – дейді Н.Нәбиев.
Азық-түлік қауіпсіздігі алғашқы орынға шығып отырған заманда ауылдағы диқандар мен мал өсіруші ағайын ел халқының асыраушысы екенін түсінікті. Үкіметтен бөлінген қаражатқа сатып алынған техниканың игілігін шаруа көрмегенде, кім көреді? Кәсіп иелерін реті келсе тізеге салып, дегеніне көндіруге үйреніп қалған, үнемі қатаң шаралар принципін ұстанатын «ҚазАгроҚаржының» бұл теріс әрекеттері жазасыз қалмайды деп сенеміз.
Павлодар облысы