Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар өндірістік және әлеуметтік жобалармен танысты.
Вице-премьер жұмыс сапарын Аралағаш ауылындағы құс өсірумен айналысатын «Северный бройлер» ЖШС-нен бастады. Болашақта бұл кәсіпорында 170 адамға дейін жұмыс істеп, 5 мың тоннадай өнім шығарылып, облысты құс етімен толық қамтамасыз ететін болады деп күтілуде. Е.Тоғжанов жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру жобасы туралы айтып, оның ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосатын үлесі зор екенін жеткізді. Кәсіпорынның басшысы Шыңғысхан Сәлімов – Алматы облысынан келген кәсіпкер. Ол қоныс аударушыларды қолдау мәселесіне көңіл бөлетінін айтты. «Өндірісті дамыту барысында 5,4 млрд теңге қаражат құйылатын болады. Біз жұмысқа қоныс аударушылармен қатар жергілікті тұрғындарды да тартамыз. Жергілікті жағдайға төселген олардың еңбек өнімділігі жоғары болатынына үміттіміз», деді ол.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұндай кәсіпорындар жергілікті тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық көмек беру туралы міндеттеме алатынын, сонымен қатар ауылдықтардың қосалқы шаруашылықтарын дамытуға жәрдемдесетінін жеткізді. Мұны құптаған вице-премьер Солтүстік Қазақстан облысындағы осы үлгіні республикаға тарату керегін айтты.
Сондай-ақ Астраханка және Полтавка ауылдарына қоныс аударушылар біршама көп келген. Облыс орталығына жақын, инфрақұрылымы жақсы болғандықтан кезінде мұнда тың игерушілердің де көп келгенін айта кету керек. Сондықтан да ауыл атаулары Украина мен Ресейдің қалаларының атауымен аталған. Ал бүгінде Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарынан қоныс аударушылар келіп, орнығуда. 2016 жылдан бері осы ауылдарға барлығы 11 мыңдай қоныс аударушы келді. Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, тұрақтап қалушылардың үлесі – 94 пайыз. Осы жылдар ішінде ауылдардағы кадр тапшылығы 5 есеге дейін азайған. Соның ішінде кадр жетіспеушілігі ауыл шаруашылығында – 1,5, денсаулық сақтау саласында – 1,3, білім беру саласында 2,5 есе төмендеген.
Елтай Зікірин ұзақ жылдардан бері «Полтавское» ЖШС-ін басқарады. Жуырда шаруашылық өз қаражатына 40 орындық «Ақ бөпе» балабақшасын салды. Онда жаңадан 11 жұмыс орны ашылған. Әзірге топқа жиналған бөбектердің саны – 30. Балабақшаның құрылысы серіктестік үшін 350 млн теңгеге түскен. Шаруашылықтың тұрғындарға жасап отырған тағы бір көмегі бар. Ірі қара өсіретін серіктестік тұрғындарға 10 күндік бұзауларды арзанға сатады, ал тұрғындар жас төлді күзге дейін бағып, торпақ болғанда шаруашылықтың өзіне қымбатқа қайта сата алады. Мәселен, 10 бұзау өсірген отбасы жарты жылда үйіне 2 млн теңгедей таза кіріс енгізеді.
Маңғыстау облысынан көшіп келген дәрігер Фатима Нәбиева өзіне солтүстік өңірдің ұнағанын жеткізді. «Мұнда бізді жылы қабылдады, ауа райы таза, климаты жайлы. Қыста суық болғанымен оған тез үйренуге болады. Тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етті. Жергілікті амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып істеймін», деді ол.
Жалпы, облысқа 5 жылдың ішінде 500-ге жуық отбасы қоныс аударды, оларға 270 млн теңгенің гранты мен несиесі берілді. Бірақ бәрі бірдей кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп кете алған жоқ. Биыл жылдың соңына дейін 2,5 мың адам көшіп келеді деп күтілуде. Әзірге соның ішінде 1 320 адам келіп, қоныстанды. Е.Тоғжанов ауылдарға қоныс аударушылардың көптеп келгеніне қуанатынын жеткізді. «Мемлекет қоныс аударушыларды қолдап отыр. Мұнда олардың тұрғын үй алуына, жұмысқа тұруына толық мүмкіндік бар. Халқымыздың оңтүстік өңірлерде ғана отыра беруіне болмайды, көк майсалы, жасыл желекті өңірге көбірек көшіп келу керек», деді ол.
Қазір Петропавлда электр өнімдерін шығаратын «Alageum Electric» АҚ филиалы жұмыс істейді. Сайдулла Қожабаев алғаш Кентау қаласында ұйымдастырған холдингтің елімізде отыз шақты филиалы бар. Соның трансформатор шығаратын бір филиалы Петропавлда ашылып, өңірдегі озық кәсіпорындардың біріне айналды. Осы кәсіпорын өзінің оңтүстіктен шақырған мамандары мен жұмысшыларына 40 пәтерлік жатақхана салып берді. Онда қазір бала-шағасымен 150-дей адам тұрады. Жатақхананың бөлмелері кең, төбесі биік. Кәсіпорын тұрмыстық жиһаз бен техникаға дейін қамтамасыз еткен. Премьер-Министрдің орынбасары аталған жатақхананың тұрғындарымен де кездесті. Соның бірі Салтанат Асылбекова зауытта жұмысшы болып істейтінін, екі бөбегі барын айтты. «Бізге солтүстік ұнады. Ауа райы жақсы, үнемі таза. Балаларымды «Балауса» атты қазақ балабақшасына орналастырдық. Күйеуім екеуміз 400 мың теңгедей еңбекақы аламыз. Жұмысқа автобуспен апарады. Тек мұнда оңтүстікке қарағанда қымбатшылық екен», деді.
Ал Лаура Алпысбаеваның күйеуі Қайрат Қонысов «Alageum Electric» фирмасында 16 жыл бойы дәнекерлеуші болып істейді. Олар 6 баласымен Кентау қаласынан келген. «Еңбекақымыз жақсы, баспанамен қамтамасыз етті, айлығымызды уақтылы беріп тұрады. Жатақханамыз жарқырап тұр, бізге бұйырғаны – 64 шаршы метр, тұрған жері қаланың демалыс саябағына жақын. Балаларымызды №6 қазақ мектебіне орналастырдық, сабаққа апаруға автобус бөлінген», деді ол.
Жатақхананың меңгерушісі Батсай Қалдыбекова 8 баласымен көшіп келіпті. Ол да жасалған жағдайға разы екенін айтты. «Жатақханамыздың ыстық-суық сумен, газбен қамтамасыз етілуінде қапы жоқ. Бізге үш бөлмелі кең жатақхана тиді. Енді салынып жатқан 104 пәтерлі үйден де үлкенірек пәтер алып қалармыз деген үміттеміз», деді ол.
Айта кететін жайт, қоныс аударушы отбасы мүшелерінің әрқайсысына Үкімет тарапынан 70 АЕК көлемінде жол шығыны өтелген. Оның үстіне баспана, жақсы еңбекақылы жұмыс, басқа да жағдай жасалды. Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры Нұржан Абдуллаев өндірісте де, әлеуметтік мәселеде де ешқандай проблема жоқ екенін, өнімдердің Қазақстаннан басқа Ресей мен Өзбекстанға шығарылатынын жеткізді.
Вице-премьер сонымен қатар Петропавлдағы фанера комбинатының өндірісімен танысты. Жобаны 4,1 млрд теңгеден астам инвестиция құйған түрік инвесторлары іске асырған. Зауыттың жобалық қуаты – 30 мың текше метр болатын ламинатталған фанера өндіру. Кәсіпорын еліміз бойынша фанераға қажеттіліктің 22%-ына дейін қамтамасыз ете алады. 210 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары «Жүкенов» жеке кәсіпкерлігінің тігін цехына барды. Цехта көпбалалы, еңбекке шектеулі мүгедек жандар, қандастар және толық емес отбасылар үшін 9 жұмыс орны құрылған. Қосымша 40 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Аталған кездесулерден кейін Ералы Тоғжанов азаматтардың қоныс аударуы және халықтың табыс деңгейін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Солтүстік Қазақстан облысында биыл 13 мың жаңа жұмыс орны құрылады, бүгінде оның 11 мыңнан астамы ашылған, оның 72%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Осы жылы 53 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шаралар атқарылуда. Бұл мақсатта қаржыландыру көлемі 1,4 млрд теңгеден 6 млрд теңгеге дейін, яғни 4 есеге ұлғайды.
Солтүстік Қазақстан облысы