• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қыркүйек, 2022

Ел дамуының келешегін айқындайтын Жолдау

411 рет
көрсетілді

Алматы қалалық мәслихаты тұрақты комиссияларының төрағалары, депутаттар, партия фракцияларының жетекшілері Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауына қолдау білдіріп, құжатта айтылған міндет-ұсыныстарды іске асыру басымдықтарын талқылады.

Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Ал елдің тұрақты дамуы ұлттың саулығы мен сапалы біліміне тығыз байланысты. Жолдау көтерген маңызды бағдар әлеуметтік саясатты жетілдіріп, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуді көздейді. Осы орайда жиын модераторы, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров ел дамуының келешегін айқындайтын құжаттың саяси-экономикалық маңызына тоқталды. Бес бағдардан тұратын стратегиялық құжат еліміз аймақтарында қордаланған көкейкесті мәселелерді таяу уақытта шешіп, республика жұртшылығына қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді. Елді мекендерде медицина мекемелерін көбейтіп, қолжетімділігін арттыру, сонымен қатар ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнеске көңіл бөлу, салық жүйесін жетілдірумен қатар Ұлттық қордың игілігін көру, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізіп, адами капиталдың дамуына, заң үстемдігін орнатудың маңызына назар аударып отыр. Осы орайда С.Канкуров «Еліміздегі саяси өзгерістерді жүйелі іске асыру мен тұрақты даму жолына бағытталған Жолдауды жүзеге асыруға қолдау білдіреміз», деп атап өтті.

Мәслихаттың Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссия­сы төрағасының орынбасары Кенжехан Матыжанов Жолдаудағы әлеуметтік басымдықтарға назар аударды. Нарықтық экономика жағдайында макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, салық саясаты, заңнамаларды жетілдірудің маңызды екендігіне тоқталған сарапшы экономикалық саясаттың ашықтығы, жемқорлықпен күресте цифр­ландыру саласын дамытудың маңызын атап өтті. «Әсіресе «Халық қатысатын бюджет» жобасында цифрландыру сая­саты тиімділігін көрсетті. Бұл жобаға жұртшылықтың, қоғамдық ұйымдардың араласып отырғаны қуантады. Ал білімді, дені сау ұрпақ – елдің келешегі. Жолдауда білім мен денсаулық саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны да сондықтан», деді К.Матыжанов. Мектепке дейінгі білім, тәрбие жұмысы, тәрбиешілерге көңіл бөлу мәселесіне тоқталған сарапшы Финляндия елінде балабақша тәрбиешісіне маманданудың талабы жоғары екендігіне назар аударды. Бұл елде тәрбиешілердің жалақысы жоғары, әлеуметтік жағдайы да жақсы. Екі, үш ауысымды мектептердің Еуропа елдерінде жоқ екенін айтқан ол Жолдау жүктеген міндеттер жүзеге асатын болса, білім саласында қордаланған мәселелер шешімін табатынын атап өтті.

«Бүгінде елімізде 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Қазіргі жағдайда еліміздің шалғай аймақтарында денсау­лық саласын дамыту, медициналық меке­мелердің санын арттыра отырып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету уақыт күттірмейді». Президент Жолдауында айтылған басымдықтар жүзеге асатын болса, елді мекендерде қолжетімді медицина дамып, заманауи жарақталған емханалар мен ауруханалар бой көтереді. «Бұл Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған маңызды қадам», деп атап өтті мәслихаттың Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия төрағасы Болат Садықов.

Кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм, жер қатынастары және экология жөніндегі комиссия төрағасы Федор Константинов, Коммуналдық инфрақұрылым, қалалық мобильдік, құрылыс, сәулет және урбанис­тика, энергетика және сумен жабдықтау жөніндегі комиссия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, Экономика, қаржы, активтер, мемлекеттік басқаруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі комиссия­сы төрағасының орынбасары, «Ауыл» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалының жетекшісі Махамбет Хасенов болашаққа арналған маңызды құжатта шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға, халық­қа қызмет көрсету жүйесіне қатысты айтыл­ған мәселелерге орай ой-пікірлерімен бөлісті.

Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі комиссия төрағасы Асия Ақанова Жолдаудағы әлеуметтік мәселелерді тарқата келіп, мемлекеттік тілде сапалы оқулықтар шығару, жастарға қолжетімді несие берумен қатар студенттерді қолдау, оқу орындарымен тығыз байланысты дамытуға байланысты пікірін білдірді. Amanat партиясы фракциясының жетек­шісі Серік Есматов «Жолдауда айқындалған маңызды бағыттар «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» жүзеге асатын жарқын жобалар» деп атап өтсе, Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Арайлым Шамова білім саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. «Бүгінде Алматының Алатау, Наурыз аудан­дарында мектеп жетіспейді. Сондық­тан таяу келешекте заманауи мектептердің бой көтеретіндігі шағын аудандардағы мектеп мәселесінің шешілуіне зор ықпалын тигізеді. Ал әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына тұ­рақты қолдау көрсетіп отыру, білім алуы­на жағдай жасап, денсаулығына көңіл бө­лу ұрпақ болашағына алаңдаушылықты білдіреді. Сондықтан Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің болашағы үшін жауапкершілігі жоғары», деді А.Шамова.

 

АЛМАТЫ